Сараптама

Думан Бақыткелді: "Біздің басты бәсекелесіміз – "қазақтың қолынан келмейді" деген стереотип"

Қазақстандық такси нарығында жаңа жобаның пайда болуы қалыптасқан бәсекеге ғана емес, жүргізушілер мен жолаушылардың таңдауына да әсер ете бастады.

Думан Бақыткелді

 Qajet Taxi жобасының негізін қалаған Думан Бақыткелді отандық сервисті нарыққа шығару арқылы шетелдік компаниялармен бәсекелесіп қана қоймай, қазақстандық IT өнімдердің де ірі жобалармен тең дәрежеде жұмыс істей алатынын дәлелдеуді көздейтінін айтады.

1
Фото Думан Бақыткелді/1

"Бір апта ішінде қолданушылар саны 300 мыңға жетті"

 Бұл идея 2023 жылдан бері ойымызда жүрді. Сол кезден бастап IT мамандарын іздеп, нарықты зерттеп, қажетті ақпарат жинай бастадық. Биыл жазда Qapal Taxi деген қалааралық қосымшаның алғашқы нұсқасын жасап, сынақтан өткіздік. Жүйе жақсы жұмыс істеді. Алайда маркетингтік қолдау   болмағандықтан, жобаға бірден басымдық бермедік. Сөйтіп, Яндекс.Таксиде ақау туындаған кезде осы мүмкіндікті пайдаландық. Дайын қосымшаны жетілдіріп, атауын өзгертіп, Qajet Taxi ретінде нарыққа шығардық.

Әрине, жаңа сервистің нарыққа шығуы оңай емес. Біздің бәсекеге қабілеттілігімізге күмән келтіретіндер де көп. Әсіресе 15 жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан алпауыт компаниялармен бәсекелесу оңайға соқпайды. Көпшілік DiDi-дің нарыққа шығу тәжірибесін мысалға алып, алдымен бағаны түсіріп, кейін жергілікті компанияларды ығыстырып жіберуі мүмкін екенін айтады. Мұндай қауіптің барын түсінеміз. Дегенмен нарыққа шыққан алғашқы аптаның өзінде-ақ inDrive пен Яндекс.Таксидің комиссиясы мен тарифтерінің төмендеуіне ықпал еткенімізді көрдік. Мұның өзі біз үшін үлкен нәтиже. Өйткені жаңа бәсекелестің пайда болуы нарықтағы бәсекеге әсер етіп, жүргізушілер мен жолаушыларға тиімді жағдай қалыптастыруға ықпалын тигізуі керек.

Яндекс.Такси – ресейлік, DiDi – қытайлық компания, ал Qajet Taxi – отандық өнім. Біз үшін бұл тек такси қызметі туралы мәселе емес. Қазақстандықтардың деректері қорғалып, ақша айналымына қатысты ақпарат өз елімізде қалса деген сенім де маңызды. Сондықтан біз үшін ең маңыздысы – қысқа уақытта көзге түсіп қана қоймай, нарықта ұзақ уақыт тұрақтап қалатын өнім жасау.

Qajet Taxi-дің алғашқы күндердегі көрсеткіштері де бізге үлкен жауапкершілік жүктеді. Алғашқы күні қосымшаны 70 мың адам жүктеп алды. Бір апта ішінде қолданушылар саны 300 мыңға жетті. Бұл біз үшін күтпеген қуаныш әрі халықтың отандық өнімге деген сенімінің белгісі болды.

Дегенмен бәрі бірден мінсіз болған жоқ. Қосымшаның кейбір функциялары дұрыс жұмыс істемеді, картада қателіктер болды, тапсырыстарды есептеу мен байланыс орталығында да олқылықтар кездесті. Команда сол сәттен бастап кемшіліктерді түзетуге кірісті. Қазір қолданушылардың ұсыныстарын ескеріп, екінші нұсқасын жетілдіріп жатырмыз.

Біздің мақсатымыз – жаңа жылға дейін қолданушылар санын 1,5 миллионға жеткізу. Бірақ бұл межеге жету үшін тек жарнама мен қоғамдық қолдау жеткіліксіз. Ең бастысы, сапалы қызмет көрсету, қосымшаның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және халықтың сенімін ақтау.

Мен үшін Qajet Taxi тек такси нарығына шыққан жаңа компания емес. Бұл қазақстандық мамандардың да бәсекеге қабілетті технологиялық өнім жасай алатынын дәлелдеуге мүмкіндік. Біз "қазақтың қолынан келмейді, қазақ ештеңе жасай алмайды" деген стереотипті бұзғымыз келеді. Егер осы мақсатымызға жетсек, бұл басқа да қазақстандық IT жобаларға серпін береді деп ойлаймын.

Qajet Taxi жобасы
Фото ашық дереккөз/Qajet Taxi жобасы

Комиссиясыз такси: жүргізуші мен жолаушыға тиімді модель қалыптасады

 Біз Qajet Taxi-ді іске қосқанда жүргізушілерден комиссия алмауды әуелден мақсат еттік. Бұл нарыққа кіру үшін қолданылған уақытша әдіс немесе жұрттың назарын аударуға арналған науқан емес. Такси қызметін іске қоспай тұрып-ақ, экожүйелік платформамызда жазылым моделін бір жарым жыл бойы қарастырып, дамытып келдік. Енді осы модельді такси жүргізушілеріне де енгізуді жоспарлап отырмыз.

Меніңше, такси нарығындағы негізгі мәселелердің бірі – жүргізушінің табысы мен жолаушы төлейтін бағаның арақатынасы. Дәстүрлі агрегаторларда комиссия 20-27 пайызға дейін жетеді. Бұл жүргізушінің қалтасына салмақ түсіреді, ал оның шығыны көбейген сайын қызмет бағасына да әсер етеді. Біз комиссия алмау арқылы жүргізушінің табысын сақтап, жолаушыға да қолжетімді баға ұсынғымыз келеді.

Әрине, кез келген бизнестің шығыны бар. Серверлерді ұстау, картаны жаңарту, техникалық мамандардың жұмысын ұйымдастыру, қолданушыларға қолдау көрсету үшін қаражат қажет. Сондықтан біз ұзақ мерзімді табыс моделін де ойластырамыз. Ірі банктермен серіктестік орнатып, төлем жүйесі мен кэшбэк тетіктерін тиімді пайдалануды көздейміз. Бір айта кетерлігі, банктер тарапынан қызығушылық бар, қазір осы бағытта нақты бизнес жоспар аясында жұмыс жүргізіліп жатыр.

Біз жүргізушілерге қосымша бонус беріп отырған жоқпыз. Өйткені әзірге комиссия алмаймыз. Ал бәсекелестеріміз комиссияны төмендетіп қана қоймай, жүргізушілерге түрлі бонус ұсынып жатыр. Жүргізушінің қай жерде көбірек табыс табатынын таңдайтыны түсінікті. Отбасын асырауы, несиесін төлеуі керек. Отандық өнім болғанымыз үшін ғана бізді таңдайды деп ойлау қателік болар еді. Сондықтан патриоттық сезімге ғана сенбей, жүргізушіге нақты пайда әкелетін жүйе құруымыз керек.

Бізді қолдауға ниетті кәсіпкерлер мен компаниялар да бар. Солардың көмегімен жолаушыларды көп тасымалдаған, жақсы еңбек еткен жүргізушілерге көлік сыйлау сияқты марапаттар қарастырылып отыр. Мұны жай ұтыс емес, жүргізушінің еңбегін бағалау деп түсінген дұрыс.

Тағы бір маңызды мәселе – тариф. Бастапқыда Алматыдағы бағаны негізге алып, Қазақстанның 36 қаласы мен өңірін бірден қостық. Бірақ әр өңірдің жағдайы әртүрлі екен. Кешкі кептеліс, ауа райы, жолдағы қозғалыс, жүргізушілердің шығыны мен сұраныс деңгейі бағаға әсер етеді. Қазір осы ерекшеліктерді есептеп, тарифтерді реттеп жатырмыз. Өңірлердегі жүргізушілердің ұсыныстарын да ескеруге тырысамыз.

Мақсат – жүргізуші де, жолаушы да ұтатын жүйе қалыптастыру. Комиссия алмау туралы ұстанымымыздың тиімділігі де осы екі тарапқа қаншалықты пайда әкелетінімізге байланысты. Егер жүргізуші тұрақты табыс тауып, жолаушы қолжетімді бағамен сапалы қызмет алса, онда Qajet Taxi-дің нарықтағы өз орны қалыптасады.

1
Фото Думан Бақыткелді/1

Таксиден экожүйеге дейін

Отандық такси сервисін тек көлік шақыратын қосымша ретінде қарастыруға болмайды. Мұнда қазақстандықтардың жеке деректері мен ақша айналымына қатысты ауқымды ақпараттық база бар. Сондықтан мұндай сервисті дамыту дегеніміз – тек такси нарығына шығу емес, отандық цифрлық инфрақұрылымды қалыптастыру. Біз такси қызметін іске қоспай тұрып-ақ білім беру платформасы, аудиокітаптар мен маркетплейсті қамтитын экожүйе қалыптастырдық. Такси – соның бір ғана бағыты.

Қазір пайдаланушылар қалааралық жеткізу қызметін де қосуды сұрап жатыр. Бұл сервистің мүмкіндігін кеңейтіп, адамдардың күнделікті қажеттіліктерін бір қосымша арқылы өтеуге деген ұмтылысымыздың бір көрінісі. Сәтін салса, келесі аптада бұл қызметті де іске қосуды жоспарлап отырмыз. Біз тек такси қызметін ұсынып қана қоймай, қазақстандықтарға қажет цифрлық қызметтерді бір жүйеге біріктіруді көздейміз. Сонымен бірге мұндай экожүйені дамытуда пайдаланушылардың деректерін қорғау, төлемдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және сервистің тұрақты жұмыс істеуі айрықша маңызды. Өйткені отандық технологиялық өнімге деген сенім оның қолайлылығымен ғана емес, қауіпсіздігімен де өлшенеді.

Бізді алаңдататын жайттың бірі – шетелдік платформалардың жұмысы техникалық ақауларға немесе кибершабуылдарға байланысты бұзылған жағдайда туындайтын қиындықтар. Әсіресе қыста балалы аналар мен қарт адамдар такси күтіп тұрғанда, карта дұрыс көрсетпесе немесе тапсырыс орындалмаса, бұл жай ғана қолайсыздық емес, қауіпсіздік мәселесіне де айналуы мүмкін. Сондықтан өзіміздің отандық өнімнің тұрақты әрі сенімді жұмыс істегенін қалаймыз. Бірақ мұны құр сөзбен дәлелдеу мүмкін емес. Технологияны жетілдіріп, картаны жаңартып, қосымшадағы кемшіліктерді түзетіп, пайдаланушылардың деректерін қорғауға қажетті талаптарды сақтауымыз керек. Қазір команда осы бағытта жұмыс істеп жатыр.

Бізге IT мамандары, инвестиция салуға ниетті кәсіпкерлер мен компаниялар хабарласып, қолдау білдіруде. Кейбірі жобаны дамытуға қаржы құюға, тіпті акцияларын сатып алуға қызығушылық танытты. Алайда дәл қазір біз үшін ең маңыздысы, инвестиция көлемін көбейту емес, өнімді сапалы деңгейге жеткізу және нарықта ұзақ уақыт тұрақтап қалу.

Мемлекеттік құрылымдармен де байланыс орнатып жатырмыз. Astana Hub басшылығы мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі кездесуге шақырған болатын. Кеше ғана серіктесім Нұрқанат Қайратұлы екеумізді Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жасұлан Мәдиев қабылдады. Алла қаласа, үкімет тарапынан қолдау көрсетіледі деп үміттенемін. Одан бөлек Ішкі істер министрлігі тарапынан жүргізушілердің құжаттары мен көлікке қатысты мәселелер бойынша қолдау көрсетілмек. 

Әрине,  қолданушылар саны арта берсе дейміз. Бірақ сан қуып кетуден гөрі, қосымшаны тұрақты пайдаланатын, қызметімізге сенетін адамдардың көбейгені маңызды. Ол үшін сервисті үнемі жетілдіріп, халықтың ұсыныстарын ескеріп отыруымыз керек.

Мен үшін Qajet Taxi-дің алғашқы аптадағы жетістігі – тек өз жобамыздың нәтижесі емес. Бұл Қазақстанда да технологиялық өнім жасауға, оны дамытуға және нарықта бәсекелесуге болатынын көрсететін мүмкіндік. Сондықтан біздің меже – біреуді нарықтан ығыстыру емес, қазақстандықтарға қажет, сенімді әрі қолжетімді өнім жасау. Бел буа кіріскен істің қаншалықты сәтті болатынын көз алдарыңызда уақыт пен нақты нәтиже көрсетеді.

Динара Мыңжасарқызы 

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз