Сараптама

Алматыдағы ыстықтың сыры. Асфальт, алаңқай және жаңбыр суы

2026 жылдың жазы алматылықтар үшін аптап ыстығымен есте қалды. Қаланың ауа температурасы +42 °C-қа дейін көтеріліп, жарты ғасыр бұрынғы температуралық межеден асып түсті.

Алматы

 Тіпті шілденің алғашқы екі аптасында қаладағы жедел жәрдем қызметін 33,6 мыңнан астам адам шақыртқан. Тұрғындардың медициналық көмекке жүгінуіне де дәл осы аптап ыстық себеп болған. Дәрігерлердің айтуынша, жазда қан қысымының көтерілуі мен жүрек-қан тамырлары аурулары жиілеген. Жалпы, мұндай аптап ыстық Алматыда ғана емес, әлемнің көптеген еліндегі ірі қалаларда жиілеп барады.

Мамандардың пікіріне сүйенсек, Алматының климатының өзгеруіне жасыл желектердің орнына құрылыс нысандарының көптеп салынып, ашық алаңқайлардың қатты жабындылармен көмкерілуі де себеп болып отыр. Әсіресе асфальтталған жолдар күндіз түскен күннің қызуын сақтап қалады. Сол себепті Алматы қаласының ауа температурасы қала маңына іргелес жатқан ауылдарға қарағанда қапырық болып тұрады. Әсіресе шілде айында аптап ыстықтың әсері түнде де басылмайды. Мысалы, қала сыртында түнгі температура +18 градус болса, қала ішінде +30 градус болуы мүмкін. Сонымен қатар қаладағы жаңбыр суы да топыраққа сіңіп, жерастындағы қорды толықтырудың орнына, асфальттардың үстінен арықтар мен кәріз жүйелері арқылы сыртқа кетіп жатыр. Мамандардың айтуынша, қазірдің өзінде жерастындағы су қабаттары табиғи жолмен толыға алмай, қаланың кейбір аудандарында су тапшылығы байқала бастаған. Алматыдағы осы мәселелерге қатысты "Алматы қаласын дамыту орталығы" АҚ-ның деректер талдаушысы Қуаныш Көшербай, Ионосфера институты зертханасының меңгерушісі Татьяна Дедова және Almaty Air Initiative қорының атқарушы директоры Жұлдыз Сәулебекова пікір білдірді.

Татьяна Дедова: Қыста күн жылыса, ауру тарайды

Алматы Іле Алатауының бөктерінде орналасқандықтан, қаланың әр бөлігіндегі ауа райы да әркелкі. Қала аумағы бірнеше биіктік белдеуі мен климаттық аймақта жатыр. Сол себепті тау бөктеріндегі оңтүстік аудандар мен солтүстіктегі жазық бөліктің температурасы бір-бірінен едәуір ерекшеленеді.

2023-2025 жылдардағы жазғы көрсеткіштерді салыстырсақ, 2024 жылдың жазы салқындау болғаны байқалады. Температура карталарында Сайран су қоймасы, Ботаникалық бақ пен Баума тоғайы қаладағы өзге аумақтарға қарағанда салқын келеді. Бұдан су айдындары мен жасыл желектің қаланы аптаптан қорғауға ықпал ете алатынын аңғарамыз. 2024 жылғы температура картасынан әл-Фараби даңғылы мен Саин көшесінің бойындағы жылудың жоғары екенін байқауға болады. Асфальт пен бетон жабыны басым әуежай аумағы да қатты ысып кетеді. Сондай-ақ "Армада" ғимаратының шатыры картада үнемі ыстық аймақ ретінде көрінеді.

Алматыдағы ауа температурасын есептеу үшін АҚШ-та әзірленген, ашық қолжетімді WRF мезомасштабтық ауа райы моделі қолданылады. Есептеу әуелі Балқаштан Қырғызстанға дейінгі кең аумақты қамтып, кейін Алматы мен оның маңындағы жағдайды нақтылай түседі. Қаңтар айындағы есептеулер қаладағы жылудың тәулік бойы қалай өзгеретінін көрсетеді. Суық ауа фронты келгенде қала маңының температурасы төмендегенімен, шаһар іші салыстырмалы түрде жылы болып тұрады. "Қыста қаланың жылы болып тұрғаны жақсы емес пе?" дейтіндер бар. Бұл – дұрыс құбылыс емес. Оның салдарынан климат өзгеріп қана қоймайды, ауада түрлі ауру тарайды.

Жалпы, Алматы таудың тасасында тұр. Ал таулы жер бедері желдің қозғалысын шектейді. Қала аумағы тығыз салынып, құрылыс көбейген сайын желдің еркін соғуына кедергі көбейеді. Мұны желдің жылдамдығы көрсетілген карталардан да байқауға болады. Қала тұрғындары да желсіз, қапырық күндерді жиі сезінеді. Есептеулерге сәйкес, Алматының құрылысы көп аумағында желдің орташа жылдамдығы секундына 0-2 метр шамасында. Мұндай жағдайда аптап ыстықтың әсері күшейіп, қаланың салқындауы қиындай түседі. Сонымен қатар зерттеу барысында қаладағы ғимараттардың барлығы 10-12 қабаттан тығыз орналасатын болса, Алматының климаты қалай өзгеретінін де есептеп көрдік. Нәтижесінде, ауа температурасының едәуір жоғарылауы мүмкін екені анықталды. Иә, мұны түсіну үшін міндетті түрде ғылым кандидаты болудың қажеті жоқ. Жалпы әлем бойынша климаттың өзгеруі байқалады. Сондықтан қала құрылысының дамуы мен климаттың өзгеруі қатар жүрсе, орташа температураның жоғарылауы сөзсіз. Алдағы уақытта бұл үрдіс жалғаса беруі мүмкін. Сондықтан климатқа бейімделу жоспарларын әзірлемей, мәселені бірлесіп шешпей, алға жылжи алмаймыз. Қоғамдық ұйымдар, ғылыми мекемелер, бас жоспарды әзірлеушілер, қорлар мен басқа да тараптар күш біріктірмейінше, бұл бағытта ілгерілеу қиын. Келер ұрпаққа ауасы лас, жері қурап, жасыл желегі сиреген қаланы қалдырмауымыз керек. Алматының табиғи сұлулығын сақтап, оны болашақта да өмір сүруге қолайлы, жасыл қала күйінде жеткізуіміз қажет.

Қуаныш Көшербай: Алматылықтардың 64%-дан астамы ыстық аймақта тұрады

Спутниктік деректерге сүйенсек, бүгінде Алматы тұрғындарының 64 пайыздан астамы аптап ыстық қаупі жоғары немесе аса жоғары аймақтарда тұрады. Мұндай жағдайда ағаштар, су көздері мен көлеңкелі орындар қаланы көркейтіп қана қоймай, тұрғындардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қорғауға көмектесетін маңызды инфрақұрылымға айналады. Алматыда жасыл желек көлемі де аудандар бойынша біркелкі емес. Алматының батысындағы Наурызбай және Алатау аудандарында бір тұрғынға небәрі 5-7 шаршы метр жасыл аумақтан келеді. Бұл аудандар қалаға кейінірек қосылған. Ал Алматы бойынша бір адамға шаққандағы жасыл желектің орташа көлемі шамамен 15 шаршы метрге жетеді.

Зерттеу барысында ғарыштан түсірілген суреттер пайдаланылып, солардың негізінде температуралық көрсеткіштер есептелді. Талдауға Алматы қаласындағы 182 мың ғимарат енгізілді. Картадан Сайран көлінің айналасын көруге болады. Бұл – тұрғындар ыстықтан сая табатын орындардың бірі. Алматы шипажайының аумағы да сондай жерлердің қатарына жатады. Ал қаланың солтүстік-шығыс бөлігіндегі әуежай аумағы, Алатау ауданындағы өнеркәсіптік аумақтар және игерілмеген кең алаңдар, соның ішінде Балқаш бағытына қарай орналасқан жерлер – ыстық аймақтар болып саналады. Енді қаланың қай бөліктерінде температура айырмашылығы басым екенін қарастырайық. Картадан Алматының солтүстік және орталық бөліктері ыстық болып келетіні көрінеді. Ал оңтүстік аудандарда жағдай біршама қолайлы. Бұған тау бөктеріндегі салқындау аумақтар әсер етеді. Демалыс күндері қала тұрғындарының тауға қарай ағылуының бір себебі – осы.  

Медеу, Бостандық және Наурызбай аудандарының бір артықшылығы –Іле-Алатауы ұлттық паркіне жақын орналасуы. Табиғи өсімдік жамылғысы бұл аудандардың кей бөліктерін аптап ыстықтан қорғауға көмектеседі. Мысалы, Бостандық ауданының оңтүстігінде құрылыс салынған жерлер мен әлі игерілмеген аумақтардың температурасы арасында айтарлықтай айырмашылық байқалады. Қауіп деңгейі аса жоғары аумақтарға Алатау, Жетісу және Түрксіб аудандарының кейбір бөліктері жатады. Мұнда өнеркәсіптік аумақтар, толық игерілмеген жерлер және басқа да ерекшеліктер бар. Қауіп деңгейі жоғары аудандардың қатарында Алмалы мен Әуезов аудандары да бар. Бұлар – құрылыс тығыз салынған, ғимараттар көп шоғырланған аудандар. Сонымен қатар мұнда бұрыннан келе жатқан өнеркәсіп нысандары да кездеседі.

Жұлдыз Сәулебекова: Аптап ыстық пен лас ауа қала тұрғындарына қауіпті

Қазақстанда ауаның ластануынан жыл сайын 14 мың адам, Алматыда шамамен 3 мың адам мезгілінен бұрын қайтыс болады. Бұл – жол-көлік оқиғаларынан болатын өлім-жітімнен он есе көп. Алматыдағы ауаның ластану деңгейі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының нормасынан орта есеппен 6 есе, ал қыстың кей кезеңдерінде 30 есеге дейін жоғарылайды. Аптап ыстық та ауаның ластануын бірнеше жолмен күшейтеді. Құрғақшылық пен өрт түтін мен шаңды көбейтсе, жоғары температура күн сәулесінің әсерінен улы жерүсті озонының түзілуіне ықпал етеді. Оның негізгі себептерінің бірі – көліктен шығатын қалдықтар. 2024 жылы Алматыда азот диоксидінің орташа деңгейі ДДСҰ нормасынан 5 есе жоғары болған. Сондай-ақ ауа сапасына жауын-шашын, жел және температура да әсер етеді. 2025 жыл 2024 жылға қарағанда құрғақ болды. 2024 жылғы шілдеде ластану нормадан асқан бір күн тіркелсе, 2025 жылы мұндай күндердің саны алтау болған. Жаңбырдың аздығы мен желсіз күндер көбейсе, ластаушы заттар ауада жиналады. Қарашадан сәуірге дейін Алматыда жиі байқалатын атмосфералық инверсия да олардың таралуына кедергі келтіреді. Зерттеу деректері экологиялық жағдайдың қала аудандарында біркелкі емес екенін көрсетті.

Алматыда климатқа бейімделуге қажетті қаржы мен құралдар бар. Қала көшелерді, қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды жаңартуға, аялдамаларды жақсартуға, тұрғын үй салуға және халық бастамаларын қолдауға жыл сайын қаражат бөледі. Алайда бұл жобаларда ортақ климаттық талаптар ескерілмегендіктен, осындай мәселелерге тап болып отырмыз.

Маржан Сәбет

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз