Алматыда уланған физика-математика мектебінің 58 оқушысы ауруханадан шықты
Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің жедел ішек инфекциясының белгілерімен ауруханаға түскен 58 оқушысы толық емделіп, үйлеріне шығарылды.
Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.
Ведомство мәліметінше, 12 қазаннан бастап Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына барлығы 58 оқушы жатқызылған.
"Дәрігерлер балаларға қажетті медициналық көмек көрсетіп, клиникалық хаттамаларға сәйкес ем жүргізді. Қазіргі уақытта ауруханаға жатқызылған оқушылардың барлығы үйлеріне шығарылды", – делінген басқарма хабарламасында.
Еске салайық, 14 қазанда аталған мектептің 48 оқушысы жедел ішек инфекциясының белгілерімен ауруханаға түскені хабарланған. Кейін науқастар саны 55-ке, одан соң 58-ге жеткен.
Оқиғадан кейін мектептің асханасы мен интернатының жұмысы уақытша тоқтатылып, оқушылар қашықтан оқыту форматына көшірілді.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, мектеп оқушыларын тамақпен қамтамасыз ететін "Master Food" ЖШС-нің ас блогын тексеру барысында санитариялық талаптардың бұзылғаны анықталған. Атап айтқанда, азық-түлікті сақтау, дайын тағамдардың тәуліктік сынамаларын алу және тамақтануды ұйымдастыру талаптары сақталмаған.
Балалардың жаппай улану дерегі бойынша Алматы полициясы қылмыстық іс қозғаған. Оқиғаның нақты себептері тергеу барысында анықталады.