«Сен де – хан, мен де – хан, атқа жемді кім салар?..»
Шіліңгір шілдеде тарайтын қазіргі Парламент қауырт жұмыс істеп жатыр. Өйткені 1 шілдеге дейін біраз шаруаның басын қайыруға тура келеді.
Негізгі заңдардың барлығын жаңа Конституция нормаларына сәйкестендіру керек. Бірқатар Конституциялық заңдарды жедел қабылдап, бірқатар заңға өзгеріс енгізу қажет. Депутаттар тәртіпті оқушыдай барлық жұмысты «белгіленген тәртіппен» ың-шыңсыз атқарып жатыр.
Өткен аптада Парламенттің қос палатасы бірлескен отырыс өткізіп, үш ірі конституциялық заң жобасын талқылады. Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов төрағалық еткен отырыста Президент туралы, Құрылтай және оның депутаттарының мәртебесі туралы және «ҚР сайлау туралы» Конституциялық заңына өзгеріс енгізу жөніндегі конституциялық заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Енді осы құжаттарға енген өзгерістерге жеке-жеке тоқтала кетейік.
ҚР президенті туралы конституциялық заң. Заң жобасын депутаттарға әділет министрі Ерлан Сәрсембаев таныстырды. Құжат 8 тарау мен 43 баптан тұрады. Бұл заң президент пен вице-президенттің мәртебесін, олардың құзыретін, мемлекет басшысының мемлекеттік органдармен қарым-қатынасын айқындайды. «Конституцияда президенттің мемлекеттік биліктің барлық тармағының үйлесімді әрі кедергісіз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін жоғары лауазымды тұлға ретіндегі рөлі, сондай-ақ билік органдарының Қазақстанның біртұтас халқы алдындағы жауапкершілігі айқындалған», – деді Е.Сәрсембаев.
Сондай-ақ заңда президент өкілеттігінің шегі, қызметін қамтамасыз ету тәртібі, экс-президенттер мәртебесі және вице-президент институтының құқықтық негізі туралы жазылған.
Заң жобасы бойынша, президент жеті жыл мерзімге бір мәрте сайланады. Оның өз өкілеттігі кезінде өкілді органның депутаты болып сайлануға, өзге де ақы төленетін лауазымды атқаруға, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға, сондай-ақ саяси партияға мүше болуға құқығы жоқ. Егер партия құрамында болса, ел президенті ретінде ант берген күннен бастап он күн ішінде саяси партиядан шығуға міндетті.
Сондай-ақ президенттің жақын туыстары мемлекеттік саяси қызметші лауазымында, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшысы лауазымында қызмет атқара алмайды. Егер мұндай қызмет атқарып отырған болса, президент ант қабылдаған күннен бастап бір ай ішінде лауазымынан кетуі керек. Бірақ бұл нормалар 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін Конституцияға енген өзгерістер тізімінде болған, оны жаңалық деуге келмейді. Демек жаңа заңда президент өкілеттігін шектейін жаңа норма жоқ.
Керісінше, заңға президент өкілетін күшейтетін бірнеше өзгеріс енді. Мысалы, заң жобасына сәйкес Президент Бас прокурорды, Конституциялық соттың, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Жоғары аудиторлық палатаның, Орталық сайлау комиссиясының, Ұлттық банктің төрағасын, Адам құқықтары жөніндегі уәкілді және Мемлекеттік күзет қызметінің бастығын жеке өзі тағайындайды. Бұрын бұл лауазым иелерін тағайындарда президент Сенатпен ақылдасатын, енді ешкімнен ақыл сұрамайды.
Бұдан бөлек, президент Құрылтаймен келісу арқылы Вице-президентті, Премьер-министрді, Конституциялық соттың 10 судьясын, Жоғары аудиторлық палатаның 8 мүшесін, Орталық сайлау комиссиясының 6 мүшесін және Жоғарғы соттың судьяларын тағайындайды. Сондай-ақ жаңа Ата заңға сай бұл тағайындауларға Құрылтай екі мәрте келісім бермесе, Президент заң шығарушы органды тарата алады. Яғни заң жобасы бойынша маңызды мемлекеттік институттар Президент бақылауында қалып отыр.
Тағы бір маңызды түйін мынау: Парламент жоқ кезде Президент заңдық күші бар жарлық шығара алады. Мысалы, Құрылтай мерзімінен бұрын таратылса, мемлекет басшысы заң күші бар, тіпті конституциялық заң күші бар жарлықтар шығара береді. Президенттің мұндай жарлығы қолданыстағы құқықтық норма ретінде танылады. Жаңа Құрылтай сайланған соң да мұндай жарлық күшін жоймайды. Жаңадан сайланған Құрылтай депутаттары оған өзгеріс пен толықтыру ғана енгізе алады (қажет болса).
Ал Вице-президент мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге де мемлекеттік органдармен өзара әрекет ету және азаматтық қоғаммен, ғылыми, мәдени және сараптамалық қауымдастықтармен диалогты дамыту, елдің сыртқы өкілдігін қамтамасыз ету сынды қызметтерді атқарады. Оны Құрылтайдың келісімімен Президент тағайындайтынын айттық. Вице-президентке де саяси партияға мүше болмау, бизнеспен айналыспау, өкілетті органдардың депутаты болмау сияқты шектеулер бар.
Сондай-ақ жаңа Ата заң бойынша Президент өкілеттігін атқара алмайтын жағдай туындаса, оның міндетін уақытша Вице-президент атқарады. Демек ол билік иерархиясындағы екінші тұлғаға айналады. Содан да болар, ел арасында Вице-президент кім болатыны жөнінде қызу талқы жүріп жатыр. Тіпті бірнеше фавориттің есімі аталып та жүр. Кейбір сарапшы «бүгінгі вице-президент келесі президент болуы мүмкін» деп болжайды.
«Құрылтай және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заң. Құжат 12 тарау мен 60 баптан тұрады. Бұл заң жобасын біршама тың дүние деп бағалауға болады. Өйткені бұған дейінгі заң екі палаталы Парламентке арналса, жаңасы бірпалаталы Құрылтайға арнап жазылып отыр. Құжаттың басты мақсаты – бірпалаталы Құрылтайдың конституциялық-құқықтық негізін бекіту. Конституциялық заң жобасында Құрылтайдың мемлекеттік билік жүйесіндегі орны, қызмет қағидаты, құрылымы, құрылу тәртібі, өкілеттігін жүзеге асыру нысандары, депутаттардың мәртебесі, құқықтары мен міндеттері және депутаттық әдеп қағидалары көрсетілген.
Заң жобасына сәйкес, Құрылтайдың құрамы 145 депутаттан тұрады, олар пропорционалдық жүйе бойынша сайланады және өкілдік мерзімі – 5 жыл. Құрылтай халық мүддесін білдіретін және заң шығару билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді орган саналады.
Заң жобасын таныстырған депутат Айдос Сарым жаңа Парламенттің «Құрылтай» деп аталғанын таптырмас дұрыс шешім деп сипаттады.
«Тарих қойнауына үңілетін болсақ, бағзы замандардан бері Құрылтай халық билігінің бастауы және бұқара елдің, қарапайым адамдардың мемлекеттік шешімдер қабылдауға тікелей қатысуына мүмкіндік беретін келелі де киелі жиын болған», – дейді депутат.
Бірақ сарапшылар тарихи қазақы түсініктегі құрылтай мен қазіргі заманғы Парламенттің мүлде сәйкес келмейтінін айтады. Саясаттанушы Дос Көшімнің пікірінше, тарихтағы ұлы Құрылтай елдің ертеңіне қатысты келелі шешім қабылдарда шақырылған, оған халық өкілдері толық келіп, талқыға қатысқан. Ал күн сайын жиналып, заң қабылдайтын органды «құрылтай» деп атау – шенділердің қазақ тілінің мәнін толық түсінбейтінін білдіреді.
Бұл заң жобасындағы тағы бір маңызды мәселе – депутаттық әдеп қағидасын белгілеу. Заңда депутаттардың сөзін, әрекетін реттейтін «депутаттық әдеп» деген жаңа тарау енген. Ол бойынша Құрылтай мүшелері бір-бірінің сөзін бөлмеуі, жанжалдаспауы тиіс әрі дауыс көтермеу қажет. Яғни ендігі талап мынадай: депутаттар бір-біріне және Құрылтай жұмысына араласатын барлық адамға сыйластықпен қарауы тиіс, басқаларды негізсіз айыптауға, дөрекі сөйлеуге болмайды, отырыстарда сөз сөйлегенде жеке, яғни депутаттық өкілеттікке жатпайтын мәселені көтеруге тыйым салынады, масс-медиада, баспасөз конференциясы мен көпшілік алдында сөйлегенде тек тексерілген фактілерді пайдалану қажет. Ал егер депутат осы әдеп қағидасын бұзса, Конституциялық заң бойынша жазаланады.
Көпшілік бұл талаптар депутаттардың сөз еркіндігін шектеуі мүмкін деп есептейді. «Онсыз да мүмкіндігі шектеулі, қолы байлаулы Парламенттің енді тілі кесілуі мүмкін» деп алаңдайтындар аз емес. Мысалы, заңдағы «тек тексерілген фактілерді айту» деген талап депутаттардың өз ойын еркін айту құқығын шектеуі ғажап емес. Сондай-ақ «әріптесінің пікірін жоққа шығармау, сөзін бөлмеу» деген талаптарды да түсіну қиын.
Билік көппартиялы Парламент құрамыз дегенді жиі айтып жүр. Ендеше, әртүрлі партиядан келген депутаттардың сөзі үнемі бір жерден шыға беруі екіталай. Сонда депутат қарсылас партия өкілінің сөзін жоққа шығарып, өз партиясының ұстанымын қорғай алмай ма? Дамыған елдерде Парламент мүшелері өзара дауласып, кейде тіпті жаға жыртысып жататынын жиі көреміз. Ал біз депутаттардың мұндай құқығы заңмен шектелмек.
«Депутаттар отырыста жеке мәселесін көтеруге болмайды» дегенде Ардақ Назаровтың Мәжіліс мінберінен анасын туған күнімен құттықтағаны есімізге түседі. Демек енді «халық қалаулылары» ешкімді туған күнімен құттықтай алмайды. Бірақ Парламент осы заңды қабылдап жатқан тұста тағы бір мәжілісмен Дәулет Мұқаев әйелінің туған күніне Парламенттің атынан арнайы құттықтау жасатып, айды аспанға шығарды. Ол бұл әрекетін «Парламент 1 шілдеде тарағалы жатыр. Қолымда тұрған құттықтау болған соң 5000 теңге төлеп шығарып алдым», – деп түсіндірген. Шамасы ол мұның депутаттық этикаға сай келмейтінін білмейтін сияқты. Әлде жаңа Құрылтайға барудан ертерек күдер үзіп, «қолда барда қоныштан басып қалайын» дегені ме екен?

Есенғазы ҚУАНДЫҚ, тарих ғылымдарының докторы, профессор: Оппозиция жау емес
– Конституцияда биліктің бастау көзі халық екені жазылған. Бірақ сол бап далада қалды. Елде ешбір партияға кірмейтін 12,5 млн электорат бар. Қазір осы адамдардың сайлану құқығы бұзылды. Жақында Қазақстанның саяси сахнасына тағы бір «қуыршақ» партия пайда болып, бір күнде аспаннан топ ете қалды. Неге «қуыршақ»? Өйткені партиялардың құрылу табиғатына мүлдем жат тәсілмен пайда болды. Әлемдік тәжірибеде партия төменнен бастап құрылады. Партия – пікірлес азаматтардан жасақталып, билікке ұмтылатын саяси ұйым. «Әділет» осы қағиданы жоққа шығарды.
Партияның съезінде бастамашыл топтың өкілі, съезд модераторы Рауан Кенжехан журналистің: «Сіздер «Аманат» партиясына оппозиция боласыздар ма?», – деген сұрағына: «Біз ешкімге оппозиция емеспіз, жау іздемейміз. Шешетін мәселеміз көп, соларды іске асыруда көмектесетін жақтасымызды көбейтуге тырысамыз», – деп жауап берді. Сонда бұлар оппозицияны жау деп түсіне ме? Оппозиция деген термин басқа пікірдегі адамға, топқа, партияға қатысты айтылады. Тіпті бір отбасының өзінде пікірі өзара сәйкес келмейтін адамдар болады. Сонда олар бір-біріне жау ма? «Әділет» партиясы «Аманатқа» оппозиция болмаса, онда екі партия бір адамның екі қолы сияқты болмай ма?
Саяси жүйеде партиялар алған бағытына қарай солшыл, центристік және оңшыл бағыттағы партия болып жіктеледі. Солшыл бағыттағы партия өзгеріс үшін күресіп, халықтың мүддесін қорғауды мақсат етеді. Оңшыл партия қоғамдық құрылысты өзгертуді қаламайды, күшті мемлекеттік құрылысты қолдайды, заңдылықты қуаттайды. Ал центристік бағыттағылар қоғамды біртіндеп, реформалар арқылы өзгертуді ұстанады. «Әділетті» құрушылар осындай жіктелудің не екенін білмей ме?
АҚШ-тың 16-президенті, Америка халқының ұлттық батыры Авраам Линкольннің: «Халықтың бір бөлігін өмір бойы ақмақ етуге болады, бүкіл халықты азғана уақыт ақымақ ете аласың, ал бүкіл халықты өмір бойы ақымақ ете алмайсың, оған көнбейді», – деген тарихи сөзі бар. Билік осыны ескермей отыр.
«ҚР сайлау туралы» Конституциялық заңына өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы» Конституциялық заң. Бұл құжат сайлау заңнамасын жаңа Конституцияға сәйкестендіруге бағытталған. Яғни екі палаталы Парламенттен бірпалаталы Құрылтай моделіне көшуге байланысты Сенат пен Мәжіліс депутаттарын сайлау тәртібіне қатысты бұрынғы нормалар қайта қаралады. Заңды депутаттарға премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин таныстырды. Ол заң жобасы өткен сайлау науқандары барысында анықталған мәселелерді шешіп, сайлау заңнамасын одан әрі жетілдіру мақсатында әзірленгенін айтты.
Құжатта Құрылтайдың құрылуы, пропорционалды жүйеге көшуге байланысты сайлау заңнамасын жетілдіру, жекелеген лауазымды тұлғаларды тағайындау және қызметінен босату мәселесі бойынша президент пен Құрылтай арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу, сондай-ақ жалпыхалықтық референдум өткізуге қатысты нормалар бекітілген. Бұл заң бойынша, сайлауға қатысатын кандидаттар мен саяси партияларға сайлау қорынан тыс қаражат тартуға тыйым салынады. Сондай-ақ сайлауалды үгіт-насихат кезінде кандидаттарға үгіт материалын жариялау үшін тең жағдай қамтамасыз етіледі. Егер үміткер белгілі бір саяси партиядан ұсынылса, ол сол партияның ресми интернет-ресурстарын және әлеуметтік желідегі аккаунттарын қосымша келісімшартсыз пайдалана алады. Яғни кандидат партия платформаларында үгіт-насихат материалдарын жариялай алады.
Бірақ алдағы Құрылтай сайлауында жеке кандидат болмайды. Депуттар жаңа Парламентке партиялық тізім арқылы ғана өтеді. Көпшілік бұл шешімге наразы. Қазір елде ресми тіркелген 7 партия ғана бар. Оның алтауына Мәжілістен мандат бұйырған. Бірақ көпшілік «оның бәрі билікке бүйрегі бұратын партиялар» деп санайды.
«Әділет партиясы». Бірер жыл бұрын Respublica партиясын «алты күнде күліп, алты аптада жүрген Ер Төстікке ұқсайды» деп жазған едік. Біз мұнда бұл партияның 2022 жылы тамызда құрылып, 2023 жылы қаңтарда тіркеуден өтіп, наурызда Мәжілістен мандат алғанын меңзеген болатынбыз. Бірақ Respublica-ның рекорды биыл бұзылатын сияқты. Бұл партия Парламентке өткенге дейін 7 ай жұмсаған. Ал жақында құрылған «Әділет» партиясы бұл рекордты біршама жаңартуы мүмкін.
7 мамыр күні Астанада «Әділет» партиясын құру жөнінде құрылтай өтіп, 931 делегат партияның құрылуын қолдады. Жаңа партияға бұған дейін Президент әкімшілігін басқарған Айбек Дәдебай төраға болып сайланды. Партия құрамында «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы, ірі кәсіпкер Сергей Лаврентьев, балалар омбудсмені Динара Закиева сияқты танымал жандар бар. «Әділет» өкілдері «ешкіммен жауласпайтынын, оппозиция болмайтынын, әділдік орнату үшін күресетінін» айтты. Сарапшылар партия төрағасының «жоғары жақтан» келгеніне, құрамында билікке жақын адамдардың көп екеніне қарап, «Әділет» Құрылтайға өтеді деп болжап отыр. Егер бұл болжам шындыққа айналса, «Әділет» небәрі 3 айдың ішінде құрылып, Парламентке өткен партия ретінде тарихқа енбек.
Қуаныш Қаппас