Үкімет, еттің бағасын доллармен емес, халықтың қалтасымен өлше!
Соңғы кезде ет бағасы тағы да қоғамдық талқылаудың өзегіне айналды. Бір қарағанда, бұл кәдімгі нарықтағы баға құбылысы секілді: жем-шөп қымбаттады, жанармай өсті, логистика ауырлады, ветеринарлық қызмет арзандаған жоқ, шаруаның шығыны көбейді. Демек еттің де қымбаттауы заңды сияқты. Бірақ мәселе мұнымен бітпейді. Өйткені Қазақстан өзін ауыл шаруашылығы бар мемлекет деп есептейді. Ал сондай елде еттің халық қалтасына айтарлықтай салмақ сала бастауы парадокс сияқты көрінеді.
Кейінгі айларда БАҚ беттерінде «Қазақстанда ет соншалықты қымбат емес, қайта әлемнің көптеген елімен салыстырғанда арзан» деген мәлімет тарай бастады. Мұндай ақпаратты журналистер мен блогер қауымы да жариялады. Бұған дәлел ретінде Numbeo сияқты халықаралық платформалардың дерегі келтіріледі. Ол дерекке сенсек, Қазақстанда сиыр етінің бір келісі шамамен 8,7 доллар, яғни 4 мың теңгенің айналасында. Ал Швейцарияда ет 45 доллардан, Норвегияда 32 доллардан, Люксембургте 27 доллардан асады. Осыдан кейін «қараңыздар, бізде ет Еуропадан әлдеқайда арзан» деген қорытынды жасалады.
Сырттай қарағанда, дерекке сүйенгенде тұрған ештеңе жоқ. Бірақ мәселе деректе ғана емес, сол деректі қалай қолдануда. Өйткені еттің бағасын Швейцариямен, Норвегиямен немесе Люксембургпен салыстыру үшін алдымен сол елдердегі жалақыны, халықтың сатып алу қабілетін, әлеуметтік шығын құрылымын, азық-түлікке кететін үлесті де қатар қарау керек. Әйтпесе бұл «Қазақстанда пәтер Нью-Йорктен арзан» деген сияқты қабылданады.
Еттің бағасын экономикасы дамыған, жалақысы жоғары елдермен салыстырғаннан не ұтамыз? Егер еліміздегі орташа жалақы 400 мың теңге емес, Швецариядағыдай 4 млн теңге болса, онда «ет бағасы Еуропа елдерінен арзан» деп бөркімізді аспанға атып қуансақ жарасады. Сондықтан «Швейцариядағы қымбат ет пен Қазақстандағы 5-6 мың теңгелік еттің әлеуметтік салмағын салыстыру қаншалықты дұрыс?» деген сұрақ туады. Себебі бағаны елдің табыс деңгейінен бөліп қарауға болмайды.
Қазақстандық тұтынушы үшін Швейцариядағы еттің келісі 45 доллар тұратыны маңызды емес. Оған маңыздысы – өзі тұратын елдің базарында бір келі еттің қанша тұратыны. Айталық, Алматыда, Астанада, Петропавлда, Көкшетауда, Жезқазғанда ет бағасы халықтың табысынан жылдам өсіп бара жатса, «бізде ет Швейцариядан арзан» деген жұбату әлеуметтік шындықты жасыра алмайды.
Ranking.kz жариялаған деректер бұл ресми оптимизмге мүлде басқа қырынан қарауға мәжбүрлейді. Басылым Global Product Price порталының мәліметіне сүйеніп, биыл қаңтарда Қазақстан сиыр етінің қымбаттығы бойынша 76 елдің ішінде 42-орында тұрғанын жазды. Ондағы дерек бойынша Қазақстандағы сиыр етінің бағасы 15,1 доллар, яғни шамамен 7,4 мың теңге болған. Бұл баға Біріккен Араб Әмірліктеріндегі 12,5 доллардан, Словениядағы 14,6 доллардан, Румыниядағы 14,2 доллардан, Сингапурдағы 13,7 доллардан, Сауд Арабиясындағы 9,9 доллардан жоғары.

Бұл жерде ескеретін бір жайт бар: Numbeo мен Global Product Prices екі түрлі әдістемеге сүйенеді. Numbeo көбіне қолданушылар енгізетін деректерге және ашық ақпаратты негізге алса, Global Product Prices өз мәліметін ірі сауда желілері мен онлайн сатушылар сияқты кемінде үш дереккөзден жинап, өлшем бірліктерін бір келіге келтіреді. Яғни платформаның өзінде Қазақстан бойынша сиыр етінің бағасы 17,97 доллар деп көрсетіліп, деректер автоматты емес, ішкі команда арқылы жиналатыны айтылған.
Бұдан соң мынадай заңды сұрақ туады: билік пен кейбір ақпарат құралдары неге Қазақстандағы еттің арзандығын дәлелдеу үшін көбіне Numbeo дерегін алға шығарып, Global Product Prices немесе ішкі базардағы нақты бағаны екінші қатарға ысырады? Бұл жерде мәселе бір платформаның жақсы, екіншісінің жаман екенінде емес. Мәселе – билікке ыңғайлы деректі таңдап алып, оны халықтың күнделікті өмірімен байланыстырып түсіндірмеуінде болып отыр.
Ресми статистика мен нарықтағы сөре бағасы да «арзан ет» туралы тезисті әлсіретеді. Ranking.kz Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйеніп, биылғы жылдың ақпанының алғашқы онкүндігінде сиырдың сүйексіз етінің орташа бағасы 4,9 мың теңге, жылқы еті 4,1 мың теңге, қой еті 3,9 мың теңге болғанын жазды. Алматыда сиыр етінің орташа бағасы 5,1 мың теңге, ал интернет-дүкендерде еттің түріне қарай 5 мыңнан 11 мың теңгеге дейін барған. Астанада орташа баға 6,1 мың теңге, Петропавлда 5,6 мың теңге, Қонаевта 5,2 мың теңге болған.
Тағы бір маңызды дерек мынау: биыл ақпанда ірі қалаларда сиыр еті жылдық есеппен орташа 26,8 пайызға қымбаттаған. Жезқазғанда өсім 48,2 пайыз, Көкшетауда 40,9 пайыз, Түркістанда 37,2 пайыз болған. Бұл – ет бағасының халық табысынан озып бара жатқанын көрсететін белгі.
Ұлттық статистика бюросының биыл қаңтардағы инфляция дерегінде жалпы жылдық инфляция 12,2 пайыз, азық-түлік бағасының өсімі 12,9 пайыз деп көрсетілді. Ал «ет және құс еті» санатындағы өсім 23 пайызға жеткен. Яғни ет жалпы инфляциядан да, азық-түлік инфляциясынан да жылдам қымбаттап барады.
Баға шынында да осылай ма? Мұны анықтау үшін біз Алматы базарларының біріне бардық. Біз барған базарда бір келі қой етінің бағасы – 5 мың, сиыр еті – 4-6,5 мың, жылқы еті 4 мың теңгеден жоғары екен.

Ермек ӘБУОВ, Қазақстан фермерлері қауымдастығы басқарма төрағасының бірінші орынбасары: Ет «таңсық асқа» айналып барады
– Елімізде ет бағасының күн санап қымбаттауы халықтың қалтасына салмақ түсіреді. Оны көріп отырмыз. Ет бағасының қымбаттауынан тек алыпсатарлар пайда тауып жүр. Ал біздің фермерлер сиыр етін 2 800-3 200 теңгеден алыпсатарларға өткізуге мәжбүр. Базарға барғанша баға 2 есеге өседі.
Мал шаруашылығына қажеттінің бәрі қымбат. Сондықтан мал шаруашылығымен айналысу тиімсіз екенін айтып, фермерлер дабыл қағуда. Сауда және интеграция министрлігі фермерлердің делдалсыз жұмыс істеуіне жағдай жасап отырған жоқ. Министрлік бағаны неге реттемейді? Егер фермерлер етін 4-4,5 мың теңгеден сатса, пайда көрер еді. Ауыл шаруашылығы министрлігіне экспортқа қойылған шектеуді алып тастау қажет. Біз нарықтық экономикадамыз. Фермерлер өнімін сату үшін басы ауырмауы тиіс. Екі министрлік мұны ойлануы қажет. Сонда ғана мал шаруашылығын қарқынды дамытуға жағдай туындайды.
Халыққа ет деген «таңсық асқа» айналып бара жатыр. Ет бағасын шетелмен салыстырғаны дұрыс емес. Шетелде жалақы жоғары ғой. Қазір халық базардан бұрынғыдай 10-20 келілеп ет алмайды, 1-2 келі алғанға мәз. Тіпті тауық еті де қазір қымбаттап кеткен.
«АҚШ-та соғым соямыз»
Бірнеше жылдан бері АҚШ-та тұрып жатқан әріптесіміз Ербол МОЛДАЖАН жуырда АҚШ-пен Қазақстандағы азық-түлік бағасының айырмашылығын білу үшін арнайы эксперимент видео түсірген. Нәтижесінде салмағы бірдей азық-түлік Қазақстанда 10 мың теңгеге қымбат болып шыққан. «Жас Алаш» тілшісі Е.Молдажанмен хабарласып, ет бағасын да сұрап білді.

«Біз жақында ғана 18 келі қой етін сатып алдық. Бағасы 193 долларға шықты. Бұл – теңгеге шаққанда келісі 4 966 теңге. Ал сиырдың 1 келі сүйексіз етін 8 долларға аламыз (5 200 теңге). Егер сиырды тұтастай сатып алсақ, ет бағасы одан да арзан болады. Мысалы, қыста бір сиырды сатып алып, соғымға сойдық. Бағасы 4 700 теңгеден айналды.
Менің білуімше, АҚШ-та орташа жалақы Қазақстаннан 5 есеге көп. Ет бағасы елімізде мың теңгеге арзан болса да, АҚШ-пен салыстырғанға бәрібір келмейді. Азық-түлікті салыстырғанда түсінгенім, Қазақстан мен АҚШ-тың бағасында айтарлықтай айырмашылық жоқ. Тіпті Алматы, Астана сияқты қалалармен салыстырсаң, баға бірдей екен», – дейді Ербол Молдажан.
«Үкімет бір қолымен береді де, екінші қолымен алады»
Еттің бағасы халық үшін қымбат болса да, шаруалардың аузынан ақ май ағып отырған жоқ. Мал өсіруге қажетті жем-шөп, жанармай, ветеринарлық қызмет қымбат. Қазақстанда ет нарығының ең үлкен дерті – өндірістен тұтынушыға дейінгі тізбектің ашық болмауы. Мал ауылда өседі, бірақ қала базарындағы сөреге жеткенше оның бағасы бірнеше рет өзгереді. Шаруа, алыпсатар, тасымалдаушы, сою пункті, базар, дүкен, сауда желісі – әрқайсысы өз үлесін қосады. Мұның бәрі нарықтың заңдылығы. Бірақ сол тізбекте кім қанша қосып отыр? Неге шаруа өндірген етін арзан өткізеді, ал тұтынушы қымбат алады? Неге мемлекет бағаны бақылағанда көбіне шаруаның аузына қақпақ болады да, делдалдарға тосқауыл қоймайды? Қазіргі күнде фермерлердің жанайқайы – осы мәселе.
Шаруалардың айтуынша, ет бағасын әкімшілік жолмен ұстап тұру да мәселені шешпейді. Керісінше, бұл баға мәселесін ушықтыруы мүмкін. Егер мемлекет «ет әлеуметтік өнім, бағасын өсірмеу керек» деп қысым жасаса, шаруа шығынға батады. Шығынға батқан шаруа мал басын азайтады. Мал өсіру тиімсіз болса, ауылдағы адам бұл кәсіптен кетеді. Бүгін бағаны жасанды тежегендей боламыз, ертең ұсыныс азайып, баға одан әрі шарықтайды.
«Ет бағасы әлі де қымбаттау керек деп ойлаймын. Бұған қажетті техника, жем-шөптің қымбат болуы әсер етеді. Мәселен, осыдан 4 жыл бұрын трактордың насосы 7-8 мың теңге еді, қазір 35 мың теңге тұрады. Демек техниканың өзі 5-6 есеге қымбаттады. Қазір фермерлер үшін ет кәсібімен айналысу пайдасыз боп барады. Бізден кейінгі ұрпақтың бұл кәсіп түрімен айналысуға құлқы жоқ. Жақында ет бағасына меморандум енгізілді. Бірақ біздің қолдан келер шара тағы жоқ. Бізбен ешкім ақылдаспайды. Мемлекеттен субсидия асыл тұқымды ірі қара малға ғана бөлінеді. Басқа малға ештеңе жоқ. Жем-шөптің бағасы ұшып тұр. Қысқаша айтқанда, үкімет бір қолымен береді де, екінші қолымен алады. Парадокс!», – дейді фермер Мырзабай Боранбаев.

Ет – әлеуметтік көңіл күйдің өлшемі
Тағы бір күрделі мәселе – экспорт. Қазақстан, бір жағынан, ішкі нарықтағы бағаны ұстаймыз дейді, екінші жағынан, ет экспортын дамытуға мүдделі. Экспорт керек пе? Әрине, керек. Шаруа сыртқы нарыққа шығып, өндірген етін жақсы бағаға сатса, мал өсіруге ынталанады. Бірақ экспорт ішкі нарыққа соққы болып тимеуі қажет.
Ресми деректерге қарағанда, өткен жылы Қазақстан 32,3 мың тонна сиыр етін 127,4 млн долларға экспорттаған. Орташа есеппен алсақ, бір келіге шамамен 3,95 доллар, яғни 1 950 теңгеден келеді. Ал ішкі нарықта дәл сол сиыр еті 4 мыңнан 6 мың теңгеге дейін, кейбір жерде одан да жоғары сатылып жатыр. Егер қазақстандық тұтынушы етті 5-6 мың теңгеден сатып алса, экспорттаушы неге оны сыртқа бірнеше есе арзанға сатады? Ішкі нарықтағы баға мен экспорттық статистика арасында алшақтық неге жер мен көктей?
Билік мәселені халықтың тұрмысымен емес, статистикамен салыстырып түсіндіруге тырысады. Қазақ қоғамында ет – тұрмыстың, берекенің, дастарқанның, тіпті әлеуметтік көңіл күйдің өлшемі. Қазақ үшін еттің бағасы ауылдың жағдайы қандай, халық қалай күн көріп отыр, мемлекеттің әлеуметтік саясаты қай деңгейде деген сұрақтардың жауабы іспетті. Сондықтан да ет қымбаттағанда халық Швейцариядағы бағаға емес, үкіметтің қас-қабағына қарайды.
Тұрсынбек БАШАР