Әскерде жүріп жан сақтау бөліміне түскен сарбаз емделу үшін Түркияға аттанды
Әскерде жүріп жан сақтау бөліміне түскен сарбаз Ербаян Мұхтар емделу үшін Түркияға аттанды. Бұл туралы журналист әрі құқық қорғаушы Инга Иманбай мәлімдеді.
Журналистің сөзінше, Ербаянның еміне қаржыны негізінен халық жинап берген.
Ербаян Стамбулға жолға шықты. Ұшақ бүгін таңғы сегізде Астанадан ұшты. Бұл күнге жету де оңайға соққан жоқ. Тоқтаусыз күрес, талмай еңбекпен келді Бастысы, кеңпейіл халқымыздың мейірімі мен жанашырлығының жемісі. Ербаян, мықты бол! Бұл жартылай жеңіс! Бұйырса үлкен жеңістер алда. Сенің бар өмірің алда. Аман-есен елге өз аяғыңмен оралуыңды күтеміз, деп жазды Инга Иманбай.
Алматыдағы Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімінің сарбазы Ербаян Мұхтар жарты жылға жуық комада жатты. Ресми нұсқа бойынша, сарбаз дәретханада құлап, басын плиткаға соққан. Алайда, жігіттің ата-анасы бұл нұсқаға сенбейді.