Әскерді қалайтындар көбейсе...
Елімізде 18-ден 27-қа жасқа дейінгі азаматтар әскерге аттануда. Биылғы көктемгі шақыруға Қарағанды өңірінен 1300-ге жуық ер азаматтарды Отан алдындағы борышын өтеуге жіберу жоспарланған.
– Әскер қатарын толықтыруға алынатындар жергілікті басқару органдарында медициналық комиссиядан, психологиялық тесттерден, сондай-ақ жеке әңгімелесуден өтті. Олардың алғашқы легі наурыз айында еліміздің шекара қызметінің әскери бөлімдеріне аттанып кетті. Одан кейінгілері, Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық ұланның және Төтенше жағдай жөніндегі министрліктің әскери бөлімдеріне жіберілуде. Бұл міндет бізде маусымның 30-на дейін жүреді, – дейді облыстық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басқармасының ресми өкілі.
Айта кеткен жөн, көктемгі шақыру алдында мәлімдеме жасаған ҚР ҚК БШ Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің өкілі полковник Руслан Тапашев биыл әскерге баратын азаматтарға зерделеу жұмыстары жүргізілетінін хабарлаған еді.
– Зерделеу міндеті кезінде жігіттердің денсаулығы, алған мамандықтары мен жалпы білімі, сонымен қатар моральдық және іскерлік қасиеттері, денсаулық жағдайы, дене бітімі тексеріліп, отбасы жағдайы жөніндегі мәлімет нақтыланады. Іріктеу барысында олардың сотты болғаны немесе болмағаны анықталады. Бұл шараның мақсаты – азаматтарды әскерге таңдауды сапалы жүргізу болып табылады, – деген Руслан Тапашев оны орындау жергілікті жердегі комиссияларға жүктелгенін айтты. – Елімізде әскерге шақыруды бұрынғыдай, жергілікті органдар қамтамасыз етеді. Соңғы кезде бұл науқанға облыстағы Жастар ресурстық орталығы белсенді түрде атсалысуда. Орталықтың ұйымдастыруымен жақында жоғары политехникалық колледжінде көктемгі әскерге шақырушыларды шығарып салу рәсімі өтті.
– ҚР Қарулы күштерінің ардагерлері, «Жас сарбаз» кадеттері, «Жас ұлан» тәрбиеленушілері мен Б. Бейсенов атындағы заң академиясының курсанттары Конституциялық борышын орындауға аттанғалы тұрған жігіттерге Отан алдындағы жауапты міндетті абыроймен атқаруға сәттілік тіледі. Шара барысында жас сарбаздар туған елге адал қызмет етуге уәде берді. Орайы келгенде, айта кеткен жөн, біздің орталық жастарды отансүйгіштікке, елі мен жерін қорғауға баулыйтын бірнеше іс-шаралардың жобасын жасап бекітті. Ол бюджет есебінен қаржыландырылды. Жобаның көлемі 7 млн теңгені құрайды. Жастардың бойына әскери-патриоттық рух ұялататын тағылымдық шаралар қазіргідей, алмағайып кезеңде өте қажет деп ойлаймыз, – дейді облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Аида Садықова.
Спикердің айтуынша, жастар келісімшарт бойынша әскери қызметті білікті мамандармен жасақтау мәселесіне өз үлестерін қосуда. Бұл мемлекеттің Қарулы күштері қатарын нығайтуға жасалған бетбұрысы. Осындай оң қадам Отан қорғауға бейілдік танытушы бозбалаларды қанаттандыруда.