Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:38, 01 Ақпан 2024

Әскери әлеуетіміз әлемнен 20-25 жылға кенжелеп қалған

Ермек Сейітбатталов
Фото: из открытых источников

Қазіргі әскери ахуал мен әскери саясат өте күрделі болып бара жатыр. Және бұл өзгерістің екпіні өте күшті екені анық байқалады. Мәселен, АҚШ-ты алып қарасаңыз, оларға соққы жасалып жатыр. Американың дәл түбінде Венесуэла мен Ганайаның арасы ушығуда. Израиль мен ХАМАС соғысы да әлем назарында. Сирия мен Иракта да зымыранмен атқылау белең алып тұр. Пәкістандағы жағдай өз алдына шиеленіске толы. Филиппин мен Қытайда Архипелаг аралдарына қатысты қақтығыстар туындауда.

Ал Украина мен Ресейдің оқиғасы тіпті бөлек тақырып. Осының бәрі әлемдегі әскери ахуалға әсер етпей қоймайды. Мәселен, Еуропа түгелімен әскерін реттеп, жандандырып, дайындық жүргізуде. Сөйтіп Батыс елдері шулап жатқанда Қазақстан еш уайымсыз жатырмыз. Біраз қызметтер атқарылды. Әскерлерді, «запастағы» әскерді шақырту сынды. Бірақ мұның өзі өте аз. Оны ашық мойындауымыз керек. Ал басшылықтағы адамдардың ойы басқада. Ұйымдастыру істері ақылы таяз, болжамы қысқа адамдардың қолында болып отыр. Оны қатарда жүрген жігіттер растайды.

Бізге қазір ең алдымен қанатты зымыран керек. Бұл құрылғыны ала алмасақ, тым құрыса ұшқышсыз, алысқа ұшатын ұшақтар қажет. Жобамен 2-3 мың шақырымға дейін ұшатын ұшақтарды айтып отырмын. Новигациялық жүйемен қамтамасыз етілген, жарылғанда қуаты зор құрылғылар да болуы тиіс. Қазір ондай технологиялар дамып кеткен. Осы орайда әуе қорғанысын күшейту керек екендігін де атап өткен жөн. Сонда ғана майдандағы әскерлер артық нәрсеге алаңдамай соғыса береді. Өйткені туған туысының үстінен зымыран құлап жатқан әскер жөндеп соғыса алмайды. Әрине, ондайдан Құдай сақтасын. Бірақ біз болжамдарға емес, позитивті көзқарасқа емес, дайындыққа сенуіміз керек. Түсінген адамға мұның бәрі өте күрделі мәселелер.

Құрлық әскері туралы сөз қозғасақ, айтарымыз ең әуелі танкілерден басталады. Салмағы 46 тонна, өзі ондаған миллион доллар тұратын мықты танкілер бар. Алайда сондай мықты, 26 мың долларға алынған танкінің өзін бір ғана зымыранмен атып, көзін жоюға болады. Экипажға танктің керегі жоқ. Бұрын керек болды, ал қазір ондай ауыр техникаға қажеттілік шамалы. Бұрын бұл техника оқ өткізбейтіндігі үшін тиімді еді, ал қазір оны сіріңке жаққандай-ақ жағып тастауға әбден болады. Сосын минаға төзімді көліктер керек. Сондай-ақ соғыста мәлімет алмасу өте маңызды. Сондықтан ауыр, көлемді емес, ыңғайлы спутниктік рациялар қажет.

Қазіргі Ресей-Украина соғысы бір ғасыр бұрынғы қару-жарақпен жүріп жатқандай. Батыс та, басқасы да Украинаға ең ескі қаруларын, қалдықтарын беріп жатыр. Ол ескі көзқараспен ескі техникалар әскер үшін қауіпсіз емес.

Қазір бірнеше мың шақырым жерде болып жатқан соғысқа дейін бақылап, сараптап отыру аса маңызды. Қалай айтсақ та айналамызды барлап, содан өзімізге қорытынды шығаруымыз қажет. Олай болмаса, біздің басымызға іс түсіп, содан басқа елдер қорытынды шығаратын қауіпті күнге жетуіміз мүмкін.

Әлем тез өзгеріп жатыр. Бұл тұрғыда Қазақстан 3-5 жылға қалып келе жатырмыз. Ал әскери әлеуетіміз 20-25 жылға кейін қалып қойды.

Ермек Сейітбатталов, әскери сарапшы