Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:10

Ассамблея әлі бар екен...

Ассамблея
"Жас Алаш" коллаж

24 сәуір күні Астанада Қазақстан халқы ассамблеясының ХХХІV сессиясы өтті. Кейінгі кезде ешқандай маңызды тағайындау болмай, ірі жиналыс-құрылтай өтпей, біршама тынышталып қалған елдің саясат сахнасы үшін бұл да айтулы оқиғаға айналып шыға келді.

 Мемлекеттік БАҚ пен әлеуметтік желіде әдеттегідей «тұрақтылық пен бейбітшіліктің жаршысына айналған ұйым», «бірлік пен татулықтың іргетасы» деген сияқты даурықпа ұрандар желдей есті. 

Егер Елорда төрінде «бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» атты ассамблея жиыны өтпесе, көпшілік мұндай ұйымның әлі өмір сүріп жатқанын еске де алмас еді. 1995 жылы наурызда экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылып, 2007 жылы конституциялық мәртебеге ие болып, сол сәттен бастап 2023 жылға дейін мәжілістен 9 мандат алып, дәурені жүріп тұрған күннің өзінде ассамблеяның бар-жоғы білінбейтін. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін тіптен қадірі қашты. Қанды қаңтардан кейін экс-президент төңірегінде азды-көпті өзгеріс болғанын білеміз. Сол қатарда Назарбаевтың төл туындысы – ассамблеяның да тынысы тарылғандай болған. 2023 жылы наурызда сайланған парламенттің төменгі палатасына ассамблея өкілдері енбей қалды. Бірақ билік ұйымды мүлде ұмыт қалдырмай, 5 мүшесі сенатқа депутат болды.

Ассамблея туралы аз-кем ақпарат

Ресми дерек бойынша, қазір ассамблеяның 583 негізгі мүшесі бар. Бес өкілі сенатта, 12 мүшесі ұлттық құрылтай құрамында жұмыс істеп жүр. ҚХА жанында 1 000-нан аса этномәдени бірлестік жұмыс істейді, 15 тілде шығатын 52 БАҚ бар, сондай-ақ еліміздің әр өңірінде 34 достық үйі ашылған. ҚХА құрамына елде тұрып жатқан түрлі ұлт өкілдері кіреді. Ұйым әрбір этностың мәдениетін, тілін және дәстүрін сақтауға және дамытуға жағдай жасап келеді. Бірақ ассамблеяның елдегі барлық этносты мемлекеттік тілді меңгеріп, қазақ халқының маңына топтасуға үндеген кезі аз. Осыған қарап, ұйым ұлтаралық келісімді күшейтуге емес, керісінше, Қазақстан халқын этностарға бөлуге себеп болып отырған жоқ па деген сұрақ туындайды.

Қазақстан халқы ассамблеясы өткен 30 жылда екі бастамасымен ғана есте қалды десек қателеспейміз. Біріншісі, 1995 жылы сәуірде Назарбаевтың президенттік өкілетін 2000 жылғы желтоқсанға дейін ұзарту туралы бүкілхалықтық референдум өткізуді ұсынды. Екіншісі, 2015 жылы ақпанда кезектен тыс президент сайлауын өткізуді ұсынды. Ұйымның осы екі бастамасы да қабылданып, жүзеге асқанын былайғы жұрт жақсы біледі. Ассамблея мүшелері, тіпті ұйым атынан сайланған мәжіліс депутаттары да осыдан өзге өзекті мәселе көтеріп, халыққа пайдасын тигізіпті дегенді ести қойған жоқпыз.

Қоғамда осындай ұйымға «этносаралық келісімді нығайтып, қоғам тұрақтылығын қамтамасыз етуде зор рөл атқарды» деп баға беруге бола ма деген сұрақ туындады. ҚХА сессиясынан кейін әлеуметтік желіде әдеттегідей жиында айтылған әр сөзді тәпсірлеп, түсіндіретін билікшіл ағайын атқа қонды. Мұндайда әсіресе мемлекеттік қызметте істейтін азаматтар белсеніп кетеді. Солардың кейбірі қыза келе «ассамблеяның арқасында елімізде достық, өзара түсіністік және сыйластық атмосферасы қалыптасты» деп соқты.

Сарапшылар ҚХА-ны билік өз мақсатына пайдаланатын қуыршақ ұйым деп атап, қазіргі қоғамға еш пайдасы жоқ екенін айтады. Тіпті оны таратып жіберуді талап ететін азаматтар да аз емес. Жыл сайын ҚХА-ның ең белсеніп, жұрт көзіне түсетен тұсы – 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі. Сол күні ассамблея өкілдері әр этностың ұлттық киімін киіп, ән салып, би билеп, «бірлік пен татулықтың жыршысына» айналады. Сондай-ақ 1 наурыз – Алғыс айту күнінде бірер өзге ұлт өкілі БАҚ-қа сұхбат беріп жатады.

«Саяси тұрғыдан айтсақ, ҚХА-ның мақсаты Назарбаев таратып жіберген парламенттің орнын басып, президент өкілетін ұзарту және 1995 жылғы Конституцияны қабылдау жөнінде референдум өткізуге бастамашы болу болды, осы референдумнан кейін Назарбаевтың билігі нығая түсті. Содан кейін президент этникалық азшылықтың мүддесін білдіреміз деген желеумен ҚХА-ның тоғыз мүшесін парламенттің төменгі палатасына тікелей тағайындады. Конституцияға енген кейінгі өзгерістен кейін ҚХА-ның бес өкілі сенатқа өтіп отыр, бірақ одан мәні өзгерген жоқ деп есептеймін. Яғни ҚХА құрылған күннен бастап қоғамның шынайы мүддесін бұза отырып, президенттік билікті нығайту құралы болды.

ҚХА-ның тағы бір қызметі – этникалық азшылық арасында заңды желі құрып, президент саясатын қолдау. Сондықтан диаспоралар мен мәдени орталық лидерлері ҚХА-ға біріктіріліп, сайлауда президент пен оның партиясын әрдайым қолдап келеді. Есесіне, ұйым билік ресурсы мен өкілетті органдардың қолдауына қол жеткізіп отыр», – дейді саясаттанушы Димаш Әлжанов.

ҚХА сессиясы қалай өтті?

Ұйымның 30 жылдығына арналған жиын қалай өткені, кімдер сөз алып, қандай ұсыныс айтқаны жөнінде ақпарат аз. Форумға парламент депутаттары, ассамблея мүшелері, этномәдени бірлестік жетекшілері, мемлекеттік, діни және қоғамдық ұйым өкілдерін қамтитын 1 600-ден аса адам қатысқаны ғана белгілі. Ассамблеяның ресми сайты мен әлеуметтік желідегі парақшалары жиынның видеожазбасын жариялаған жоқ. БАҚ-та президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі ғана толық жарық көрді.

Ассамблея отырысында ең алдымен ұйымның ел өміріндегі маңызы, рөлі сөз болды. Онда жоғарыда біз атағандай, институт қызметіне баға беріліп, бірлік пен татулықты сақтауға, мемлекет тұтастығын қорғауға өлшеусіз үлес қосқаны айтылды. Сессиядан бір күн бұрынғы ассамблея кеңесінің кеңейтілген отырысында «әралуандықтағы бірлік», «Біз әртүрліміз – бірақ теңбіз» деген сияқты қағидаттар ұсынылды. Біртұтас халық болып ұйысуды көздейтін мемлекетте «әртүрліміз, әралуанбыз» деген ұрандар айтылмаса керек еді. Өзге елдерде әр этнос өз ұлтын алға тартпай, мемлекет құраушы ұлт төңірегіне ұйысып, бір халық болуға ұмтылатынын байқап жүрміз. Ал біздің елде біріктіруші ұйым атанған ассамблеяның жиналысында әралуандық туралы айтылып жатты.

Жоғарыда елде 34 достық үйі бар екенін айттық. Тоқаев ассамблея жиынында әртүрлі ұлт өкілі топтасқан Алматы облысында осындай достық үйін ашу қажет екенін айтты. Сондай-ақ түрлі этнос өкілдері тұратын Қордай, Ұйғыр, Сайрам, Панфилов аудандарында Ассамблея ашуды ұсынды. Жұрт арасында бір этнос өкілдерін бір жерге топтастырмау қажет деген пікір бар. Мұның соңы қайшылықтарға себеп болуы мүмкін. Мысал ретінде 2020 жылғы Қордай оқиғасын айтуға болады. Жергілікті дүнгендер мен қазақтар арасындағы қақтығыс салдарынан 11 адам қаза тапқан. Сол кезде көпшілік бір ауданға топтасқан дүнгендер ел саясатынан оқшау өмір сүретінін айтып дабыл қаққан. Сондай-ақ Ұйғыр ауданының атауына қатысты да шешілмеген проблемалар бар.

Президент Қазақстанда адамды ұлтына, тіліне, дініне қарай кемсіту ешқашан болмағанын айтты. Және оның мемлекеттік тілге қатысты «Елімізде азаматтар бір-бірін немесе мінберде сөйлеп тұрған адамды «мына тілде сөйле» деп мәжбүрлемеуге тиіс. Тіл мәселесін ту етіп қоғамда алауыздық туғызғысы келетін, ел ішіндегі жағдайды шиеленістіруге ұмтылатын әрбір әрекетке тосқауыл қойылып, заң жүзінде жазаланады» деген пікірі қоғам талқысына түсті. Әлеуметтік желіде көпшілік бұл пікір мемлекеттік тілдің мәртебесіне кері әсер етуі мүмкін екенін айтып жатыр. Кейін мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин желіде жазба жариялап, алаңдауға негіз жоқ екенін айтты. «Билік қазақ тілін сатып кетті деу – бос әңгіме мен дүрлігу ғана. Ондайға негіз жоқ. Тілге қатысты мемлекет ұстанымы өзгерген жоқ. Қазақ тілін елдегі ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру жұмысы үздіксіз жалғасып жатыр», – деп жазды ол.

Сондай-ақ президент шекарамыз шектесетін көрші мемлекеттерді жеке-жеке атап, бәрімен байланысымыз тығыз екенін айтты. «Ресей – Қазақстанның бұрыннан келе жатқан негізгі стратегиялық серіктесі әрі сенімді одақтасы» деген Тоқаев қазіргі аумалы-төкпелі заманда бейбітшілік пен тұрақтылықтың аса маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ көптен бері айтылып жүрген Жеңістің 80 жылдығын тойлау мәселесі де сөз болды. Президент елдегі 500-ден аса көшеге бұған дейін елеусіз қалған жергілікті қаһармандардың есімі берілетінін айтты.

Ассамблея өз миссиясын орындап болған ұйым

Қазақ билігі Кеңес одағынан мұраға алған «ынтымағы жарасқан көпұлтты мемлекет» ұстанымынан танбай келеді. Ел үкіметін ең қатты алаңдататын мәселе – этносаралық жанжал. Бірақ билік ұлтаралық береке-бірлікті қалыптастыру үшін жүйелі жұмыс жүргізудің орнына жауырды жаба тоқып, уақытша шешім шығаруға әуес. Өткен 30 жылда елде бірнеше мәрте ұлтаралық астары бар жанжал болды. Соның бәрінде ассамблея да, үкімет те нәтижелі жұмыс істей алған жоқ. Бәрін «тұрмыстық жанжал» деп жауып тастады. Мұндайда ассамблея үнсіз қалып, ешқандай реакция білдірмейді.

Осыған қарап ассамблея «көпұлтты мемлекеттің» тыныштығын сақтауға билік айтқандай үлкен үлес қосып отырмағанын аңғаруға болады. Біздің билік өзге этностарға мемлекеттік тілді міндеттеген жоқ. Яғни Қазақстандағы ұлтаралық татулыққа ассамблея емес, қазақ билігінің кеңқолтық саясаты себеп болып отыр.

Қуаныш Қаппас

Тегтер: