Ассамблея іс-шара ұйымдастыратын ұйым деңгейінде қалып қойды

Ассамблея 1995 жылы құрылды. Ол кезде Қазақстан халқының этнодемографиялық құрылымы қазіргідей болған жоқ, қазақ ұлтының үлесі 52-53 пайыз ғана болатын.
Халық саны бірнеше миллион болатын ұлттар бар еді. Ұлтта территориялық және мәдени тәуелсіздік болады. Ассамблея құрылуының негізгі мақсаты елімізде тұратын этностарға мәдени тәуелсіздік беру болатын. Олардың мәдениетін, өнерін дамытып, ұлттық салт-дәстүрін сақтауға мүмкіндік туды. Сондай-ақ тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Оралда казактар көтеріліп, бүлік шығарғаны белгілі. Осындай оқиғалар да ұйымның құрылуына әсер еткен болуы мүмкін. Ұйымның құрылғаны қате болған жоқ, оны елде тыныштық болсын деген ниеттегі саяси жоба деп есептеймін.
Бірақ дәл қазір оның маңызы қалмады. Өйткені кез келген дүниенің, жүйенің тозатын кезі болады. Сол сияқты ассамблея да өз миссиясын орындап болды. Қазір оның аса қажеттілігі жоқ. Қазір халық сауатты, ешқандай ұйымсыз да өркениетті әлемге аяқ басып, тәуелсіз елдің тең құқылы азаматы ретінде өмір сүруге білімі жетеді. Ал биліктің ассамблея ұлтаралық татулықты сақтауға оң әсер етті дегенімен келіспеймін. Ұйым басында креативті адамдар отырса, белсенді болар ма еді?!. Бірақ ондай адамдар ассамблеяда жұмыс істеген жоқ. Ол президент жанындағы әлеуметтік-мәдени шараларды ұйымдастыратын ұйым деңгейінде қалып қойды. Үлкен мемлекеттік саясатты өзгертетін, қоғамға ықпалды, мәдени-рухани, әлеуметтік реформаларды бастайтын ұйым болған жоқ. Ассамблея үлкен бағдарлама ұсынып, оны мемлекет жүзеге асырды дегенді естіген жоқпын.
Сайын БОРБАСОВ,
саясаттанушы