Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 08:00

«Астана – есірткісіз қала». Жастарды саналы таңдауға шақырған акция

есірткі
Фото: БАҚ

Адамның тек физикалық болмысын ғана емес, оның еркіндігін, ойлау қабілетін, болашаққа деген сенімін біртіндеп күйрететін ең қатерлі дерттердің бірі бүгінде есірткі болып тұр.

 Санаға жасырын түрде еніп, бір кездері анық болып көрінген мақсаттарды тұмшалап, өмірдің табиғи ағысын бұрмалайтын бұл қасіретке қазір жастар әуес боп алған. Тұлға ретінде қалыптасатын шақта жасалған кез келген қателік болашақ тағдырға көп ықпал етеді. Сондықтан есірткімен күрес мәселесі – ұлттың интеллектуалдық және рухани қуатына тікелей әсер ететін әлеуметтік міндет. Осы үдерісте жастарға дұрыс бағыт көрсететін жаңа әдістер қажет, ал қоғамның өзі түсіндірудің заманауи жолдарын іздеуге кірісті.

Осыған орай Астанада жастарды есірткіден қорғауға бағытталған ерекше форматтағы «Астана – есірткісіз қала» атты үлкен акция өтті. Шараны Астана қаласы полиция департаменті мен Esil University бірлесіп ұйымдастырып, бұрынғыдай ресми дәрістер немесе тек ескерту сипатындағы сөйлесулермен шектелмей, жастарға мүлде басқаша ықпал етудің жаңа тәсілін ұсынды. Танымал тұлғалардың шынайы әңгімесі, спорт, өнер және өмірлік тәжірибенің тоғысқан атмосферасы студенттердің назарын бірден баурап, мәселені құрғақ ақпараттан гөрі, нақты өмірмен сабақтас құбылыс ретінде қабылдауға ерекше мүмкіндік берді.

2 желтоқсан күні Esil University-нің үлкен акт залында өткен кездесуге елге танымал спортшылар, өнер өкілдері, блогерлер, медицина мамандары және арнайы бөлімше қызметкерлері жиналды. Әрқайсысы жастарға ықпал ете алатын тұлға ретінде өз тәжірибесін жасырмай баяндап, есірткінің адам өмірін қалай күйрететінін, ал дұрыс таңдау жасаудың қандай мүмкіндіктер ашатынын терең түсіндіруге тырысты.

Кездесуге қатысқан қонақтар қатарында әлем рекордшысы Сергей Цырульников, бокстан әлем және Азия чемпионы Мерей Ақшалов, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі актер Әділ Ахметов, блогер Нұргелді Кердеш, психиатр-дәрігерлер Русалина Молдахметова мен Назым Омарова, сондай-ақ есірткі қылмысына қарсы басқарманың жедел уәкілі, полиция подполковнигі Дамир Байбазаров болды. Спикерлердің әрқайсысы мәселені өз саласының қырынан ашып, есірткінің жеке тағдырларға жасаған зиянын, өз тәжірибелерінен көрген оқиғаларды, олардың салдарын ашық айтты. Спортшылар жастарға ең үлкен бақыт денсаулық екенін, ал дені сау адамның өмір мен арманға деген мүмкіндігі әлдеқайда кең екенін ерекше атап өтті. Мерей Ақшалов спорттың оны қалай шыңдағанын, ал есірткіден алыс жүрудің өмірдегі табыстың басты алғышарты екенін шынайы жеткізді.

«Дені сау ұрпақ – елдің ертеңі. Әрқайсың өз болашақтарыңның иесісіңдер. Іске келгенде дұрыс таңдау жасай білу адамның ең үлкен нығметі. Мен өз жастық шағымда спортты таңдадым, нәтижесі жаман болған жоқ. Сендер де адаспай, өз мүмкіндіктеріңді дұрыс арнаға бағыттай алсаңдар, өмір жолдарың жарқын боларына сенемін», – деп жастарға жүрекжарды тілегін білдірді.

Актер Әділ Ахметов кездесу барысында таңдау еркіндігі мен оның салдары туралы терең ой қозғап, әр адамның тағдыры өз қолында екенін ерекше атап өтті. Ал блогерлер болса, интернет пен әлеуметтік желідегі контенттің жастардың психологиясына ықпалын айтып, аудитория алдында өз жауапкершіліктерін түсіндірудің маңызын көрсетті. Алайда студенттердің ерекше назарын аударған қонақ, өз қара күшімен әлемге танылған Сергей Цырульников болды. Ол сахнаға шыққан сәтте-ақ аудиторияны бірден баурап алып, темірдей тәртіптің, төзімділік пен еңбектің арқасында қандай нәтижеге жетуге болатынын өз шеберлігі арқылы көрсетті. Бұл көрініс студенттерге есірткіден алыс жүріп, дене мен сананы шыңдай алатын адамның әлеуеті қандай биіктерге жете алатынын дәлелдегендей әсер қалдырды.

Шара барысында мотивациялық роликтер көрсетіліп, нарколог мамандар кәсіби тұрғыда есірткі тәуелділігінің психологиялық және физиологиялық салдарын түсіндірді. Диалогтық форматтағы пікірталас пен ашық әңгіме студенттерді бейжай қалдырмай, көптеген тың ойларға жетеледі. Ал полиция департаментінің кинологиялық орталығы мен СОБР қызметкерлерінің көрнекі көрсетілімдері акцияның эмоциялық қарқынын күшейтіп, есірткімен күрестің нақты қалай жүргізілетінін көзбе-көз көрсетуге мүмкіндік берді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл акцияның негізгі мақсаты – жастарды үркіту не қорқыту емес, оларды саналы таңдау жасауға қарай бағыттау. Яғни, жас буын есірткіден бас тартуды сыртқы қысымның әсерінен гөрі өз еркімен, бұлжымайтын позиция ретінде қабылдауы тиіс. Мұндай форматтың дәстүрлі түсіндіру жұмыстарынан әлдеқайда тиімді болатыны іс-шара барысына қатысқан студенттердің белсенділігінен-ақ байқалды.

«Біз осындай кездесулерді үнемі өткізіп келеміз және алда бұл жұмыстардың ауқымы одан әрі кеңейеді. Мәселенің салдарымен күресуден гөрі алдын ала профилактиканы күшейту әлдеқайда нәтижелі», – деді жедел уәкіл полиция подполковнигі Дамир Байбазаров.

Студенттердің пікірінше, мұндай форматтағы кездесу бұрын болған шаралардан ерекшеленіп алға шықты. Спикерлердің шынайылығы, өмірден алынған мысалдар, спорт пен әскери көрсетілімдердің үйлесуі есірткіден алыс болудың нақты себептерін түсінуге көмектесті. Көпшілігі осы тәжірибе оларды ойландырғанын, өз болашағына жаңа қырынан қарауына ықпал еткенін жасырмады. Осылайша, «Астана – есірткісіз қала» акциясы жастарды жігерлендіретін, өмірлік дұрыс бағыт таңдауға ынталандыратын үлкен қоғамдық үндеу ретінде есте қалды. Шара соңында ұйымдастырушылар белсенділік танытқан студенттерге естелік сыйлықтар табыстап, түрлі ойындар мен мотивациялық интерактивтер өткізіп, кездесуді жылы атмосферада аяқтады.

С.Бақберген

Тегтер: