"Астана" футбол клубы жекеменшікке беріледі
Қазақстанның "Астана" футбол клубы жекеменшікке өтеді. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, "Астана" – белгілі бір тарихы мен халықаралық деңгейде мойындалған жетістіктері бар клуб. Осы уақытқа дейін команда Sport Qory бірыңғай операторы арқылы қаржыландырылып келген.
"Астана" – тарихы бар, белгілі бір биіктерге жеткен клуб. Бұған дейін үнемі Sport Qory арқылы қаржыландырылды. Алайда биыл біз бұл клубты коммерцияландыруды жоспарлап отырмыз, себебі оның халықаралық деңгейде де мойындалуы бар. Қазір белсенді жұмыс жүріп жатыр, инвестор бар. Бірақ барлық рәсімдер аяқталғанша, оның атын жариялай алмаймыз. Дегенмен инвестордың бар екенін нақты айта аламын", – деді Ербол Мырзабосынов.
Министр сондай-ақ Қазақстанда бес футбол клубы жекеменшікке беріліп қойғанын, ал қалған жеті клуб бойынша жұмыстар жалғасып жатқанын еске салды.
"Біз клубтардың тұрақты дамуын қамтамасыз ете алатын инвесторларды іздеп жатырмыз", – дейді ол.
Биліктің айтуынша, футбол клубтарын коммерцияландыру – спорт саласындағы мемлекеттік шығындарды азайтып, командалардың қаржылық дербестігін арттыруға бағытталған. Бұл қадам клуб менеджментінің тиімділігін көтеріп, инфрақұрылым мен кадрлық саясатты жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді деп болжанған.