Астана-Петропавл тас жолында 95 көлік соғысып қалды
Астана-Петропавл тас жолында көліктер колоннасын полицейлер алып бара жатқанда 100-ге жуық көлік соғысып қалды.
Қаңтардың 3-і күні Қазақстанның солтүстігіндегі Ақмола облысындағы Астана-Петропавл тас жолында ірі жол апаты болды. Жолдарға жауапты «ҚазАвтоЖол» мемлекеттік компаниясының мәліметінше, 95 көлік соғысып қалған.
«ҚазАвтоЖол» компаниясының хабарлауынша, 3 қаңтарда сағат 07.20-да ауа райының қолайсыздығына байланысты республикалық жолдың «Астана-Петропавл» учаскесінде (18–232 км) көліктердің жүруіне шектеу енгізілген.
«Ауа райы жақсарып, сағат 12.30-да жол тазартылғаннан кейін полиция департаменті қызметкерлері мен «ҚазАвтоЖол» арнайы техникасының көмегімен Астана қаласына қарай жол қайта ашылды. Алайда, алдын ала мәлімет бойынша, жүргізушілердің белгіленген жылдамдық пен қауіпсіз қашықтықты сақтамауы салдарынан сағат 13.28-де тас жолдың 153-ші шақырымында, Жаңаталап ауылының маңында шамамен 95 көлік соғысып қалған», - делінген хабарламада.
«ҚазАвтоЖол» Астана-Петропавл тас жолында болған 95 көліктің барлығы апат орнынан шығарылып, апат салдары толығымен жойылғанын хабарлады. Жол қызметінің қызметкерлері жолды толығымен тазартқан.
Алайда, ауа-райының қолайсыздығына байланысты 4 қаңтар күні таңертең Астана-Петропав тас жолының учаскесінде жол қайтадан жабылған.