Астанада әйелді аңдыған сталкерге нақты жаза тағайындалды
Астанада сот ер адамды әйелді заңсыз қудалағаны үшін кінәлі деп таныды.
Қала прокуратурасының мәліметінше, ер адам жәбірленуші әйелдің онымен қандай да бір қарым-қатынас орнатқысы келмейтінін біле тұра, алты ай бойы оны қудалауын тоқтатпаған. Ол әйелмен байланыс орнатуға мәжбүрлеп тырысқан, мессенджерлердегі бұғаттауларды елемеген, қолданыстағы қорғау нұсқамасын бұзған, жәбірленушіні үйінің маңында және жұмыс орнында аңдыған, психологиялық қысым көрсетіп, оның келісімінсіз видеоға түсірген.
Прокуратура сотта әйелдің жеке бас бостандығы, қауіпсіздігі және жеке өміріне қол сұқпаушылық құқықтарының бұзылғанын дәлелдейтін айғақтарды ұсынды. Сот ер адамды кінәлі деп танып, оған 100 сағат қоғамдық жұмыс жазасын тағайындап, моральдық зиянды өтеуді міндеттеді.
Алайда прокуратура нақтылағандай, сотталушы бұған дейін тағайындалған жазаның шарттарын бұзған.
«Ер адамның бұрын бас бостандығын шектеу жазасын өтеп жүргені және сол жазаның талаптарын бұзғаны ескеріліп, өтелмеген жаза бөлігі нақты бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды», — делінген хабарламада.
Ведомство заңсыз қудалау үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салды. Атап айтқанда, мұндай әрекет үшін 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, 50 тәулікке дейін қамау немесе 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс жазасы көзделген.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін Қазақстанда сталкинг — яғни адамды заңсыз қудалау үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілетіні хабарланған болатын. Мұндай әрекеттер ауыр салдарға әкелуі мүмкін.
Сондай-ақ бұған дейін Маңғыстау облысында сталкингке қатысты екі бірдей іс тергеліп жатқаны айтылған. Олардың бірінде әйел адам бұрынғы серіктесі ажырасқаннан кейін де тыйымдарға қарамастан оны қудалап, байланыс орнатуға мәжбүрлегенін мәлімдеген.