Астанада блогер Жанабыловтардың ісі бойынша сот басталды
Астанада белгілі блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты негізгі сот процесі басталды. Іс елордадағы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта ашық режимде қаралып жатыр.
Блогерлер заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған ақша мен мүлікті заңдастыру (жылыстату) баптары бойынша айыпталып отыр.
Еске салайық, 13 наурызда Астанада блогерлердің ісі бойынша алдын ала сот отырысы өткен. Сот барысында қорғаушы тарап істі жабық режимде қарауды сұрағанымен, прокурорлар бұған қарсы шықты. Нәтижесінде сот бұл өтінішті қанағаттандырмады.
Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенова сот отырысы кезінде журналистердің фото және видео түсіруіне қарсы екенін айтты.
Жанабыловтар кім?
Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенова – Қазақстандағы ең танымал блогерлердің бірі.
- Ерболат Жанабыловтың аккаунтына 8,4 миллион адам,
- Эльмира Төлегенованың парақшасына 7,1 миллион адам жазылған.
Олардың жарияланымдары миллиондаған қаралым жинап, ал ұйымдастырған ұтыс ойындары Instagram желісінде жиі вирусты контентке айналған.
Тергеу нұсқасы
Тергеу мәліметінше, ерлі-зайыптылар 15 миллионнан астам оқырманның сенімін пайдаланып, заңсыз табыс табу схемасын ұйымдастырған.
2025 жылы олар онлайн-курстар сату түрінде жоба ұйымдастырған. Алайда сатып алушыларды қызықтырған негізгі фактор – қымбат сыйлықтар ұтысына қатысу мүмкіндігі болған.
Блогерлер қанша ақша алған?
ҚМА дерегінше, блогерлерге тиесілі Zhana Business ЖШС шоттарына азаматтардан 247,5 миллион теңге түскен. Оның 60 миллион теңгесі депозиттік шоттарға орналастырылған.
Мүлікке тыйым салынды
Сот санкциясымен блогерлерге тиесілі:
- 10 автокөлік (оның ішінде Lamborghini Urus және Lexus LX 600),
- 17 iPhone телефоны тәркіленді.
Қазіргі уақытта Ерболат Жанабылов пен Эльмира Толегеноваға қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.