Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:04

Астанада референдум учаскесінде бірнеше журналист ұсталды

Референдум
Фото: ЖИ

Астанада референдум өтіп жатқан күні Оқушылар сарайында орналасқан дауыс беру учаскесінде бірнеше журналистің ұсталғаны туралы ақпарат тарады. 

Бұл туралы "Азаттық радиосы" жазды.

Басылымның мәліметінше, аталған учаскеде жұмыс істеп жүрген журналист, Азаттық радиосы тілшісі Жолдас Өрісбайды полиция қызметкерлері ұстап әкеткен. Онымен бірге Informburo сайтының тілшісі де полицияға жеткізілген болуы мүмкін екені айтылып отыр.

Астана қаласы Алматы аудандық полиция басқармасы Жолдас Өрісбайдың ұсталғанын растады. Полицияның кезекші бөлімінде өзін Сейіт Бұқарбай деп таныстырған қызметкер журналистің қандай негізде ұсталғаны әзірге анықталып жатқанын мәлімдеген.

«Заңға қайшы әрекет жасады ма, жасамады ма – соны анықтап білеміз. Ол кісілерді осында алып келді. Қазір түсініктеме алады. Одан кейін жібереді», – деген ол.

Сондай-ақ, Оқушылар сарайында орналасқан референдум учаскесінде тағы бір журналист – Сәния Тойкен де полицияға жеткізілгені хабарланды. Бұл туралы Азаттық радиосы аты-жөнін жарияламауды сұраған журналистке сілтеме жасап жазды.

Дереккөздің айтуынша, Сәния Тойкен ұсталған кезде оның себебін сұрамақ болған Informburo тілшісін де полиция бірге алып кеткен.

Алдын ала мәлімет бойынша, Астанадағы Оқушылар сарайында бірнеше референдум учаскесі орналасқан. Олардың қатарында №50, №51, №58 және №483 учаскелері бар.

Журналистердің ұсталуына не себеп болғаны әзірге нақты айтылған жоқ.