Астанада салынып жатқан тұрғын үй кешенінің шатырынан өнеркәсіпті альпинист құлап кетті
Астанада салынып жатқан тұрғын үй кешенінің шатырынан өнеркәсіпті альпинист құлап, жарақат алды. Оқиғаның мән-жайын полиция департаменті айтып берді.
Оқиға дүйсенбі, 9 ақпанда Бұқар жырау көшесінде болған. Зардап шеккен – 1997 жылы туған ер адам. Ол ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Құрылыс компаниясы BI Group баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға шамамен сағат 16:00-де терезе жуу жұмыстары кезінде, өнеркәсіпті альпинизм әдісімен жұмыс атқару барысында орын алған. Алдын ала дерек бойынша, жұмысшы 9-қабат деңгейінде тепе-теңдігін жоғалтқан, ал төмен түсуге дайындық кезінде сақтандыру жүйесі бекітілмеген болуы мүмкін.
Жедел жәрдем оқиға орнына 10 минут ішінде жеткені хабарланды.
«Зардап шеккен адамға ота жасалды, ол есін жиды. Қазіргі уақытта еңбек инспекциясының қатысуымен тексеру жүргізіліп жатыр», - деп мәлімдеді компания өкілдері.
Өткен жылы Астанада құрылыс нысандарында осындай төтенше жағдайлар тіркелген. Шілде айында бір нысанда кран құлап, кран жүргізушісі қаза тапқан. Күзде қатты жел салдарынан «Рио-де-Жанейро» тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңында мұнаралы кран құлаған. Абырой болғанда, ол кезде зардап шеккендер болмаған.