Астанада самокаттарға қатысты жаңа ережелер енгізіледі
Астанада электрсамокаттардың тротуарлармен жүруіне шектеу енгізіледі. Жақын арада оларды тіркеу жүйесі енгізіліп, құқықбұзушылықтарға бақылау күшейтіледі.
Бұл туралы елорда полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы басшысының орынбасары Махамбет Төлешов мәлімдеді.
Төлешовтың айтуынша, электрсамокаттар тіркеліп, оларға нөмірлік белгілер беріледі. Сонымен қатар, бейнебақылау камералары олардың жүргізушілері жасаған құқықбұзушылықтарды тіркей алады.
«Бұл шаралар арқылы тротуардағы жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз», – деді Төлешов брифинг барысында.
Самокаттардың тротуарларда толық жүруіне тыйым салу мәселесі әзірге талқылау сатысында.
Оның сөзінше, егер электрсамокаттардың тротуарда жүруіне толық тыйым салынса, олар жол бөлігіне шығады. Бұл өз кезегінде жол қауіпсіздігіне қосымша қауіп төндіруі мүмкін. Қазір бұл мәселе жан-жақты талданып жатыр, соның қорытындысы бойынша шешім қабылданады.
Сондай-ақ полиция жол қозғалысы ережелері велосипедшілерге де толық қатысты екенін еске салды.
«Велосипед жүргізушілеріне барлық талаптар қолданылады. Ереже бұзылған жағдайда әкімшілік шаралар қолданылады. Жеке құрам тұрақты түрде бақылау жүргізеді», – деді Төлешов.
Жеке самокат иелері веложолақтарға қалай жетеді деген сұраққа жауап берген полицей өзгерістер тек жалға беру сервистеріне қатысты болатынын нақтылады.
«1 шілдеден бастап өзгерістер тек электрсамокаттарды жалға беретін операторларға қатысты болады. Тротуарларда жүруге тыйым салу мәселесі әлі қаралуда, әзірге қабылданған жоқ. Қозғалыс бұрынғы тәртіпте жалғасады, бірақ пайдалану бойынша бақылау күшейтіледі», – деді басқарма басшысының орынбасары.