Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:10, 01 Шілде 2025

Астанадағы әлем кубогына өзбектер неге келмеді?

World Boxing

2025 жылғы 30 маусым мен 6 шілде аралығында Астана қаласында World Boxing ұйымының әлем кубогы кезеңі өтеді. Бұл – биылғы үшінші турнир. Алғашқы екі кезең Бразилия (30 наурыздан 5 сәуірге дейін) мен Польшада (12 мамырдан 16 мамырға дейін) өткен. Қазақстандағы турнирге 31 елден 400-ден аса боксшы келеді. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Өйткені Латын Америкасындағы жарысқа – 19, Еуропадағы бәсекеге – 24 мемлекеттің спортшылары қатысқан.

Жарыс Елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді. Турнирде Олимпиада және әлем чемпионатының жүлдегерлері өнер көрсетеді. Тізімде 2 дүркін Олимпиада ойындарының жүлдегері Беатрис Феррейра (Бразилия), 2021 жылғы әлем чемпионы Робби Гонсалес (АҚШ), 2024 жылғы Олимпиаданың күміс жүлдегері Билляль Беннама (Франция), екі дүркін Еуропа чемпионы, әлем чемпионатының қола жүлдегері Ниджат Гусейнов (Әзербайжан), Еуропа чемпионатының қола жүлдегері Магомед Шахидовтар (Германия), Париж Олимпиадасының қола жүлдегері У Ши-И (Қытай Тайпей), Париж Олимпиадасының қола медаль иегері Эйджи Им (Оңтүстік Корея) және т.б. боксшы бар.

World Boxing ұйымының ресми сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, Астанада Аустралия, Әзербайжан, АҚШ, Бразилия, Болгария, Канада, Қытай Тайпейі, Колумбия, Хорватия, Доминикан Республикасы, Англия, Финляндия, Франция, Германия, Үндістан, Иран, Италия, Жапония, Қазақстан, Оңтүстік Корея, Қырғызстан, Моңғолия, Нигерия, Норвегия, Филиппин, Польша, Словакия, Швеция, Швейцария, Түркия және Өзбекстан боксшылары өнер көрсетеді.

Бірақ Елордаға Куба, Өзбекстан сияқты мықты құрамалар келген жоқ. Оңтүстіктегі көршілеріміз біздің елге бұрымды боксшыларын ғана жіберді. Ал АҚШ пен Канада құрамалары Қазақстанға ұзақ үзілістен кейін алғаш рет келіп отыр. АҚШ құрамасы ұлттық құрамамен бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізу үшін елімізге алғашқылардың бірі болып ат басын тіреді.

Былғары қолғап шеберлері Астанада Польша мен Бразилиядағыдай 20 салмақ дәрежесінде (ерлер – 10 салмақ, әйелдер – 10 салмақ) бақ сынайды. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне рейтингке әсер ететін ұпайлар беріледі. Жеңімпаз – 300, күміс жүлдегер – 200, қола жүлдегер – 150 ұпай еншілейді. Қазақстан ерлер және қыздар құрамасының бас бапкерлері Қайрат Сәтжанов пен Елдос Сайдалин ұлттық құраманың бірінші нөмірлі боксшыларына сенім артып отыр. 29 маусымда жеребе тарту рәсімі өткен. Боксшыларымыздың алғашқы айналымдағы қарсыластары да белгілі.

құрама

Ерлер:

50 келі. Санжар Тәшкенбай – Шодай Кото (Жапония);

55 келі. Махмұд Сабырхан – Шин Джиён (Оңтүстік Корея);

60 келі. Серік Теміржанов – Джейкоб Кассар (Аустралия, 19 жасқа дейінгі әлем чемпионатының қола жүлдегері);

65 келі. Ертуған Зейнуллинов – Ахмед Пеккель (Түркия);

70 келі. Абылайхан Жүсіпов – Алмаз Орозбеков (Қырғызстан, 22 жасқа дейінгі Азия чемпионатының финалисі);

75 келі. Сабыржан Аққалықов – Джошуа Офори (Канада);

80 келі. Нұрбек Оралбай – Мұрад Аллахвердиев (Әзербайжан);

85 келі. Бекзат Нұрдәулетов – Лачлан Лоусон (Аустралия);

90 келі. Сағындық Тоғамбай – Азиз Аббес Мухийдин (Италия) – Малачи Джорджс (АҚШ) жекпе-жегінің жеңімпазы;

90+ келі. Айбек Оралбай – Августин Трисет (Доминикан Республикасы).

 құрама

Әйелдер:

48 келі, 1/8 финал: Назым Қызайбай – Приянха Диллон (Канада);

51 келі, 1/8 финал: Алуа Балқыбекова – Дженнифер Лосано (АҚШ)

54 келі, 1/16 финал: Әнел Сақыш – Татьяна Обермайер (Германия)

57 келі, 1/4 финал: Айдана Забынбекова – Джули Рамадан (Аустралия) / Алисса Мендоса (АҚШ)

60 келі, 1/8 финал: Виктория Графеева – Аяка Тагути (Жапония)

65 келі, 1/8 финал: Аида Әбікенова – Дион Бёрман (Англия)

70 келі, 1/8 финал: Наталья Богданова – Санамача Чану Токчом (Индонезия)

75 келі, 1/4 финал: Надежда Рябец – Вивиан дос Сантос Перейра (Бразилия)

80 келі, 1/4 финал: Гүлсая Ержан – Пуджа Рани (Үндістан)

80+ келі, 1/2 финал: Елдана Тәліпова – Олтиной Сотимбоева (Өзбекстан).

Назым жеңіп, Абылайхан жеңілді

Жарыстың алғашқы күні 5 боксшымыз өнер көрсетті. Алдымен шаршы алаңға қыздар құрамасының көшбасшысы Назым Қызайбай шықты. 48 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған жерлесіміз алғашқы айналымда Канада өкілі Приянка Диллонды 5:0 есебімен жеңді. Назым ширек финалда өзбек қызы Фарзона Фазиловамен жұдырықтасады. Назым Қызайбай – 2024 жылғы Париж Олимпиадасының қола жүлдегері. Сондай-ақ, ол Қазақстан тарихында үш дүркін әлем чемпионы атанған алғашқы боксшы.

Назым Қызайбай

Ал 54 келіге дейінгі салмақтағы Әнел Сақыш бірінші айналымда Германиядан келген Татьяна Обермайерді жарыс жолынан шығарды. Жекпе-жек барысында жерлесіміз қарсыласын 3 рет нокдаунға түсіріп, айқын басымдықпен ұтты. Оның келесі қарсыласы – 2024 жылғы Азия чемпионы, өзбекстандық Феруза Казакова болады.

Өкінішке қарай, күндізгі сессияда жұдырықтасқан үшінші боксшымыз Абылайхан Жүсіпов жарыс жолынан шығып қалды. 70 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Жүсіпов алғашқы айналымда қырғызстандық Алмаз Оразбековке есе жіберді. Отандасымыз алғашқы екі раундтың қорытындысы бойынша жеңіске жетіп тұрғандай көрінген, алайда үшінші раундта қабағындағы жарақаты сыр беріп, жекпе-жекті тоқтатуға тура келді. Төрешілердің бірауызды шешімімен қырғызстандық боксшы келесі айналымға өтті. Абылайхан үшін әлем кубогы кезеңі аяқталды.

Кей жанкүйерлер Абылайхан Жүсіповтің құрамадағы бірінші нөмірлі боксшы болғанына наразы. Олар Жүсіповке бұған дейін жеткілікті деңгейде мүмкіндік берілді деп санайды. Ол бірнеше мәрте әлем чемпионатына қатысты, үш дүркін қола жүлдегер атанды. Олмипиадаға да барып, жүлдесіз қайтты. Абылайханның ірі турнирде алтын медаль алған кезі аз. Үнемі бірдеңе жетпей қалып жүреді. Көпшілік Астанадағы әлем кубогы кезеңіне жас шебер Төрехан Сабырханды қатыстыру керек еді деп санайды.

Кешкі сессияда екі бұрымды боксшымыз бақ сынады. 60 келіге дейінгі салмақта Виктория Графеева 1/8 финалда жапон елінің өкілі Аяка Тагучиді жарыс жолынан шығарды. Жерлесіміз ширек финалда Еуропа ойындарының қола жүлдегері, түрік қызы Өзер Гиземмен жекпе-жекке өткізеді. Ал 70 келіде бақ сынаған Наталья Богданова үндістандық Санамача Чану Токчомнан басым түсті. Санама Чану жастар арасында Азия чемпионатының күміс жүлдегері екенін айта кеткен жөн. Наталья келесі кезеңде Панамерика ойындарының чемпионы, бразилиялық Мария Дос Сантос Варварамен кездеседі.

«Өзбек боксшылары ұтылды дегенді естігім келмейді»

Өзбек боксы кейінгі 10 жылда адам айтса нанғысыз жетістіктерге жетті. Әлем және құрлық чемпионаттарында жалпы командалық есепте үнемі алдыңғы қатардан көрініп жүр. Әсіресе 2024 жылғы Париж Олимпиадасында 7 салмақтың бесеуінде алтын медаль жеңіп алып, айды аспанға шығарды. Ал Қазақстан ерлер құрамасы Франция астанасынан жалғыз күміс медальмен оралды.

Қазақстан боксшыларының басты бәсекелесі саналатын Өзбекстан ерлер құрамасы Астанадағы әлем кубогы кезеңіне келмей қойды. Қазақстан бокс федерациясы соңғы сәтке дейін оңтүстіктегі көршілеріміз келеді деп күткен. Бірақ өзбек ағайындар бұрымды боксшыларын ғана жіберді. Жанкүйерлер мұның себебін түсінбей, сан-саққа жүгіртіп жатыр. Біреулер өзбектер Астанаға келуден жасқанды деп тон пішсе, екінші топ Қазақстандағы турнирге қолдау көрсетпей, тәкаппарлық танытты деп айыптады.

Өзбекстан құрамасының бас бапкері Толкын Киличев қазақстандық журналист Аян Төлегенге берген сұхбатында Астанадағы турнирге неге қатыспағанын түсіндіріпті. Оның айтуынша, жаттықтырушылар алқасы ұзақ мерзімді жаттығу жоспарын жасап қойған. Егер Қазақстанға сапар шексе, команданың жаттығу кестесі бұзылады, оның үстіне спортшылар жарақат алып қалуы мүмкін. Негізгі құрамның кестесі тығыз болса, екінші-үшінші нөмірлі боксшыларды неге жібермедіңіздер деген сұраққа берген жауабы бізді қатты таңғалдырды. Киличев әлдекімдердің «өзбек боксшылары жеңілді дегенін қалмайтынын» айтқан.

«Әрине, оларды жіберуге болар еді. Бірақ бұл – әлем кубогы, оның үстіне жарыс Қазақстанда өтіп жатыр. Ал мен үшін кез келген боксшы, мейлі ол екінші, үшінші немесе төртінші нөмір болсын – Өзбекстан құрамасының өкілі. Ол ел намысын қорғайды. Сондықтан жеңіліс тапса, «Өзбек боксшылары ұтылды» деген сөз айтылады, ал мен ондайды қаламаймын. Қазір біз физикалық дайындыққа көңіл бөліп жатырмыз. Бізге Украина, Тәжікстан және Жапониядан боксшылар келді. Матчтық кездесулер өткізуді жоспарлап отырмыз», – дейді Толкын Киличев.

Әлем кубогы қандай турнир?

Бокстан әлем кубогы – World Boxing әзірлеген жарыс форматы. Онда таңдаулы ер және әйел боксшылар күнтізбелік жыл бойы жарыстың бірнеше кезеңіне қатысып, рейтингтік ұпай жинайды. Жыл аяғында қорытынды кезең өтеді, оған әр кезеңнің жеңімпаздары мен басқа да жоғары дәрежелі боксшылар қатысып, бас жүлдеге таласады.

Бокстан алғашқы әлем кубогы турнирі 2023 жылы қазан айында Германияның Кельн қаласында өтті. Ал алғашқы серия 2024 жылы ұйымдастырылды. Боксшылар Англия, АҚШ және Моңғолияда бақ сынап, 2024 жылдың қарашасында Англияда финалда бақ сынады. Ол турнирлерге Қазақстан боксшылары қатысқан жоқ. Өйткені біздің құрама World Boxing ұйымына 2024 жылы 4 қарашада ғана мүше болды.

World Boxing халықаралық бокс федерациясы 2023 жылғы сәуір айында құрылған. Бұл ұйым әлемдік аренада Халықаралық әуесқой бокс ассоциациясының (IBA) орнын басты. Қазір World Boxing-ға әлемнің 111 құрамасы мүше болып отыр.

Ұйымның алғашқы жарыстары 2023 жылдың екінші жартысында өте бастады. World Boxing 2024 жылы қазанда АҚШ-тың Колорадо-Спрингс қаласында алғашқы әлем чемпионатын өткізді, оған 19 жасқа дейінгі спортшылар қатысты. Ал ұйымның ересектер арасындағы алғашқы әлем чемпионаты биыл 4–14 қыркүйекте Англияның Ливерпуль қаласында ұйымдастырылады. Астанадағы әлем кубогы кезеңі жаһан біріншілігі алдындағы ең маңызды турнир саналады. Сондай-ақ 2027 жылғы әлем чемпионаты Қазақстанда өтеді. Бұл турнирде 2028 жылғы Олимпиада ойындарына жолдама үлестіріледі.

Биыл әлем кубогы кезеңінің 2 турнирі өткенін айттық. Қазақстан құрамасы наурыздың аяғында Фос-ду-Игуасу (Бразилия) қаласында өткен алғашқы кезеңге қатысып, 2 алтын, 3 қола медаль жеңіп алған болатын. Ерлер құрамасы 1 алтын, 2 қола, қыздар командасы 1 алтын, 1 қола жүлдеге қол жеткізді. Ал мамыр айында Польшада өткен әлем кубогы кезеңіне қазақстандық боксшылар қатысқан жоқ. Астанадағы кезеңнің қорытындысы 6 шілдеде белгілі болады. 2025 жылғы финалдық турнир қарашада Үндістанда өтеді.

Қуаныш Қаппас