Астанадағы құрылыс нысандарының бірінен құлап кеткен үшінші альпинист көз жұмды

12 қазан күні Астанада құрылыс алаңында төрт жұмысшы биіктен құлап кетті.
Оқиға орнында бір азамат қайтыс болса, қалған азаматтар ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Ал бүгін 16 қазан күні жансақтау бөлімінде жатқан үшінші альпинист қайтыс болды, деп хабарлайды Zhasalash.kz Астана қаласы әкімдігі Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
1999 жылғы азамат ауыр халде № 2 көпсалалы қалалық ауруханасына шұғыл түрде жатқызылып, онда барлық қажетті жедел көмек көрсетілген..
«Осы уақыт аралығында науқас ауыр жағдайда болды. Аурухананың медициналық қызметкерлерімен жүргізіліп жатқан барлық емдеу кешеніне қарамастан, өкінішке қарай, науқасты құтқару мүмкін болмады», - делінген хабарламада.
Аталған ауруханада жансақтау бөлімінде төртінші альпинист хал үстінде жатыр. Ал құрылыс орнындағы қауіпсіздік сақтау фактісі бойынша обьектіде тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.