Астанадағы үздік жүк көлігі жүргізушісі
Астанада үздік мамандар анықталды. Механизаторлар мен жүк көлігі жүргізушілері жарысқа түсті.
Астана қаласында жұмысшы кәсіптердің беделін арттыруға бағытталған маңызды шара өтті. «Астана жастары» ЖРО КММ жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен «Үздік» жобасы аясында екі кәсіби байқау ұйымдастырылды. Олар: «Үздік механизатор -2025» және «Үздік жүк көлігі жүргізушісі-2025».
Бұл байқаулар аграрлық және техникалық салалардың ел экономикасындағы рөлін айқындап, жастардың осы салаларға қызығушылығын оятуға бағытталған. Қазіргі таңда еңбек нарығында білікті механизаторлар мен кәсіби жүк көлігі жүргізушілеріне деген сұраныс артып келеді. Сондықтан мұндай жобалар халықтың назарын осы кәсіптерге аударып, олардың қоғамдық маңызын күшейтеді.
«Үздік механизатор-2025» байқауында қатысушылар заманауи ауылшаруашылық техникасын меңгеру деңгейін көрсетті. Олар техниканы баптау, басқару, жермен дұрыс жұмыс істеу және тұрақты өнім алуға ықпал ететін шеберліктер бойынша сыналады. Бұл сайыс жер ресурстарын тиімді пайдаланатын, технологияны терең меңгерген мамандарды ынталандыруды көздейді.
Ал «Үздік жүк көлігі жүргізушісі-2025» жарысында ауыр жүк техникаларын сенімді әрі мәдениетті басқара алатын шебер жүргізушілер анықталды. Қатысушылар маневр жасау, дәлдік, қауіпсіздік ережелерін сақтау, төтенше жағдайдағы әрекет ету сияқты кәсіби дағдылар бойынша бағаланды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл байқаулар тек жарыс қана емес, сонымен қатар жұмысшы мамандықтарының беделін көтеруге арналған маңызды диалог алаңы. Шара барысында жастарға арналған кәсіби бағдар, тәжірибе алмасу және еңбек нарығындағы жаңа мүмкіндіктер туралы ақпарат беріледі.
Астана қаласында өткен бұл байқаулар еңбек адамының мәртебесін арттыруға арналған игі бастамалардың бірі.
Биылғы байқаудың айрықша тұсы «Астана Тазалық» ЖШС мамандарының жоғары көрсеткіші болды. Екі негізгі номинация бойынша жеңіс дәл осы қалалық коммуналдық кәсіпорын өкілдеріне бұйырды. Нұрдәулет Әбіш «Үздік механизатор-2025», ал Сүндет Қойбағаров «Үздік жүк көлігі жүргізушісі-2025» атағын жеңіп алды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқауға 35 жасқа дейінгі, арнайы техникада жұмыс істеуге толық рұқсаты бар, тәжірибесі мен кәсіби даярлығы дәлелденген 20 жас маман қатысқан. Сынақ кезеңдері мүмкіндігінше өндірістегі шынайы жағдайларға бейімделіп әзірленді. Алдымен қатысушылар міндетті дәрігерлік және техникалық тексерістен өтіп, кейін тар алаңда маневр жасау, артқа жүріп дәл тоқтау, шұғыл тежелу, эстакадаға көтерілу, жүкті тең ұстап жүргізу және қойылған кедергілерді айналып өту сияқты практикалық тапсырмаларды орындады. Ақтық кезеңде қатысушылар жол жүру ережелерін білу деңгейін теориялық тест арқылы дәлелдеді.
«Үздік механизатор-2025» номинациясында қатысушылардың заманауи техниканы меңгеру деңгейі – оны баптау, қызмет көрсету және дәл басқару дағдылары бағаланды. Ал «Үздік жүк көлігі жүргізушісі-2025» байқауында ауыр техникамен жұмыс істеудегі кәсіби шеберлік сыналды. Мұнда жүргізушінің ұқыптылығы, қауіпсіздік талаптарын сақтауы және әр маневрдің нақтылығы шешуші рөл атқарды.
Әнуар ҚАЙЫРБЕК
Астана қаласы