Астанадағы жұмыссыздық мәселесі қалай шешілмек?
Жұмыссыздық құбылысы экономикалық теорияның бұрынғы және қазіргі тарихындағы ең өткір мәселелердің бірі болып саналады. Экономиканың әртүрлі теориялары жұмыссыздық мәселесінің себептері туралы әртүрлі ой-пікірлерін айтады.Ұзақ уақыт бойы батыс экономикасы жұмыссыздықты еркін құбылыс деп танып келді. Жұмыссыздықтың себебі жұмыскерлердің тым аз жалақыға жұмыс істегісі келмейтіндігінен туындайды.
Олардың осындай жалақыға келіспейтіндігінен жұмыссыздық пайда болады деп түсіндірді. Кез келген қаланың негізгі міндеттерінің бірі – жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту. Астана қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жүсіпов елорданың еңбек нарығындағы ахуал туралы елорданың коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты. Елорданың еңбек нарығындағы жағдай тұрақты және ерекше бақылауда деп мәлім етті спикер. 2023 жылы елордада жұмыспен қамту шараларымен 24 мыңнан астам адамды, оның ішінде 16 мыңнан астам жастарды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. 27 қазандағы жағдай бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен 22 312 адам қамтылды, оның ішінде 11 591 жас (35 жасқа дейінгі). Оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына – 7 407 адам, қоғамдық жұмыстар – 2 278, жастар практикасы бойынша 968 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына 303 адам жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар брифингте «Кәсіпкерлік бастамаларды қолдау аясында халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы адамдар үшін жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға барлығы 132 грант берілді. Грант мөлшері – 400 АЕК (1 380 000 теңге). 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастарға жылдық 2,5%-бен 5 млн теңгеге дейінгі мөлшерде микрокредит берудің жаңа тетігі енгізілді. Конкурстық комиссия жастардың 323 бизнес-жобасын мақұлдады, 229 кредит төленді», – деді спикер.
Жұмыссыздықтың табиғи деңгейін басқаша толық жұмысбастылық деп атайды немесе бұл екі ұғым бір-біріне пара-пар. Егер еңбек нарығында жұмыс күшіне деген сұраныс жұмыс күшін ұсынысына тең болса, онда толық жұмысбастылық орнайды және циклдік жұмыссыздық нөлге тең болады. Олай болса, жұмыссыздықтың нақты деңгейі жұмыссыздықтың табиғи деңгейіне тең болса, онда циклдік жұмыссыздық болмайды және экономика бірқалыпты дамиды. Астанада биыл 43 462 жұмыс орны құрылған. Астана қаласының статистика департаментінің мәліметінше, елордада 14-35 жас аралығында 440 мыңнан астам жас бар. Еңбекке қабілетті жастар саны – 298 мың, оның ішінде жұмыс істейтіндер 286 мың, жұмыссыз – 12 мың адам. Бұл туралы брифингте Астана қаласы жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат Қамбаров мәлім етті. NEET санатындағы жастардың үлесі ІІ тоқсан қорытындысы бойынша 6,1% немесе 25 мың адамды құрайтынын, оларды әлеуметтендіру мақсатында «Жас жігер» жобасы ұйымдастырылғанын алға тартты. NEET – not in Education, Employment or Training: ағылшын тілінен аударғанда «білімі, жұмысы немесе кәсіптік даярлығы жоқ» деген мағынаны білдіреді, әдетте жастарға қатысты айтылады. Кейде бұл санаттағы жастарды «Ни-Ни буыны» деп те атайды (испанша ni estudia, ni trabaja). NEET жастардың пайда болу себебін объективті, субъективті және жеке тұлғалық тұрғыдан қарастыруға болады. Қайрат Қамбаровтың мәлімдеуінше, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 0,6% төмендеді, яғни 4,6% болса, қазіргі таңда 4% құрайды (2023 жылғы ІІ тоқсан).
Өңір халқын жұмыспен қамту – қазіргі таңдағы ең көкейтесті мәселелердің бірі. Бұл міндетті жүзеге асыруда мемлекеттік бағдарламалар да қабылданған. «Жастарды жұмыспен қамту – өзекті мәселе. Бұл бағытта әкімдікпен бірнеше бағдарлама іске асырылуда. Мысалы, жастарға арналған «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» және т.б. Әр тоқсан сайын жастарға арналған бос орындар жәрмеңкелерін өткіземіз. Осы уақытқа дейін «Жастар» сарайында, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-да және Есіл университетінде өткізілді. Алдағы бос жұмыс орындары жәрмеңкесі қазан айының 24-не жоспарланған. Жаз мезгілінде 4200 жас «Жасыл ел» жобасы аясында жұмыс істеді. Олардың ішінде: көпбалалы отбасылардан шыққан балалар – 2648, толық емес отбасынан шыққан балалар – 387, жетім балалар – 69, оқу орнында есепте тұрған – 11, отбасында бір мүмкіндігі шектеулісі бар – 34 бала», – деді басшы.
Ақгүлім Ерболқызы
Астана