Асылов пен Мерғалиев қылмыскерді балта ұстап жүрсе де көрмейді
Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылында 5 жастағы қызды айуандықпен өлтірген азғынға қатысты біраз деректер белгілі болды.
Ол 2006 жылы кісі өлтіргені үшін сотталып, жазасын толығымен өтеп шыққан. Биыл мамырда ауылдасын балтамен ұрғаны үшін тағы сот алдына келген. Қызығы сол, сот жаза тағайындаған кезде оның бұған дейін қасақана адам өлтіріп, 10 жыл түрмеде отырғанын ескермеген. Судья қаскөйді «алғаш рет қылмыстық жауапқа тартылып отыр» деп, оған 3 жылға бас бостандығын шектеу (!) түріндегі жаза тағайындаған.
Сарыағаштағы сұмдық жағдайдың орын алғаны туралы ақпарат әлеуметтік желіде жария болысымен бұл іске президент Тоқаев та араласуға мәжбүр болды. Ол бас прокуратура мен ішкі істер министрлігіне оқиғаның мән-жайын мұқият тексеруді тапсырды. Артынша бас прокуратура күдіктінің бұған дейін екі рет сотты болғанын хабарлап, бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындаған екінші үкімге кеңірек тоқталды.
«Бас прокуратура аталған үкімге жазаны қатаңдату және бас бостандығынан айыруды тағайындау туралы кассациялық наразылық келтірді. Пробациялық бақылауда болған Г. аса ауыр қылмыс жасағанын ескере отырып, пробация қызметінің қызметкерлеріне қатысты салғырттық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Президенттің тапсырмасына сәйкес жеке адамға қарсы аса қауіпті қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейтуге бағытталған заңнамалық түзетулер топтамасы әзірленуде.
Осы қылмыстар бойынша санкцияларды қайта қарау, жазаларды тағайындау және одан босату, соттылығын өтеу тәртібін, жеке адамға қарсы ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін жазасын өтеп жатқан адамдарға әкімшілік қадағалауды белгілеу шарттарын өзгерту мәселелері пысықталуда», – делінген Бас прокуратураның ақпаратында.
Мемлекеттік айыптаушылардың «соттылыққа қатысты шарттарды қайта қараймыз» деп мәймөңкелеуінің астарында біраз сыр бар. Қашан да кейін жүретін, қандай да бір трагедиялы оқиғадан кейін «ақылы кіретін», артынша оқиға көмескі тартып, қоғамның қызуы басылған соң, тым-тырыс бола қалатын жағдай аз ба? Бұл «қайта қарау» туралы уәдені де сол санатқа жатқыза беру керек шығар.
Қаскөйге жеңіл жаза белгілеген сот та қарап қалған жоқ. Артынша Түркістан облыстық соты өткен-кеткен жайттарға түсініктеме берді.
«2016 жылы ол жазасын өтеуге байланысты босатылды. Аталған соттылық Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің анықтамасына сәйкес 2022 жылы өтелген. 2023 жылдың мамыр айында денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін сотталған. Ол жәбірленушімен алкогольді бірге ішіп, ауызша жанжалдан кейін оны тұрмыстық балтамен ұрған. Сот осы қылмыстық істі қарау барысында кінәні жеңілдететін жағдайларды қарастырды. Бұл – кінәні толық мойындау, жасаған ісіне өкіну, келтірілген зиянның орнын толтыру және жәбірленушінің оған кешірім беріп, жеңіл жаза тағайындауды сұрауы. Сондай-ақ үкім шығарылған кезде Г-ның соттылығы болған жоқ, өйткені ол заң бойынша өтелді. Үкімге апелляциялық шағым түспеген немесе наразылық білдірілмеген», – делінген соттың таратқан ақпаратында.
Біздің түсінгеніміз, Қазақстан заңы бойынша ауыр қылмыс жасап, жазасын өтеген адамның алты жылдан кейін соттылығы автоматты түрде жойылады. Осыдан кейін ол қылмыс жасаса, оның бұрын сотты болғаны ескерілмейді екен. Не деген кеңпейілділік, не деген ізгілік десеңізші! Мұндай кешірімді заң бізде ғана бар шығар. Алты жыл бойы тыныш жатқан қылмыскер тиісті уақыты өткен соң балта ала жүгіреді, одан да болымсыз жазамен босаған соң, тіпті еркінсиді. Ендігі жағдай мынау.
Айтпақшы, Бас прокуратура «үкімге кассациялық наразылық келтірілді» дейді. Ал соттың берген анықтамасында «наразылық білдірілмеген» деп жазылған. Өтірік ақпарат таратып отырған кім? Біз осы сауалды Түркістан облыстық сотындағы қызметкерлерге қойған болатынбыз. Кейіннен белгілі болғандай, бас прокуратура кассациялық наразылықты 5 жастағы қыздың өлімінен кейін ғана берген болып шықты. Ал оған дейін үкімге ешқандай апелляциялық наразылық білдірмеген, яғни мемлекеттік айыптаушылар алғашқы сатыдағы соттың төрелігімен толықтай келіскен. Әдеттегідей президенттің тапсырмасынан кейін ғана дереу қимылдап, үкімге кассациялық шағым түсіріпті. Түркістандық прокурорлардың өз істеріне қаншалықты жауапты қарағанын осыдан-ақ байқай берсеңіз болады. Бұл бойынша неге тексеру амалдары жүргізілмейді?
Сарыағаш аудандық сотының биыл 4 мамырда шығарған үкіміне қарағанда (үкімді белгілі журналист Козачков телеграм каналында жариялады) күдікті ақпан айында ауылдасымен бірге ішімдік ішіп отырып, онымен сөзге келіп қалған. Ол ауылдасының басын балтамен ұрып, денсаулығына ауыр зиян келтірген. Судья жәбірленушінің сотталушыға кешірім бергенін, оған жеңіл жаза тағайындауды сұранғанын, сонымен бірге оған жағымды мінездеме берілгенін және мақаламыздың басында жазғанымыздай, алғаш рет (!) қылмыстық жауаптылыққа тартылып отырғанын ескеріп, іс бойынша ешқандай ауырлататын мән-жай таппаған. Қайталап айтайық, ешқандай ауырлататын мән-жай табылмаған. Істі қараған судья, аталған аудандық соттың төрағасы Н.Шетенов сотталушының қылмысты мас күйінде жасағанын да назарынан тыс қалдырған. Үкімде биыл наурызда сотталушыға сот-наркологиялық сарапшының қорытынды бергені келтірілген. Осы қорытындыда «Г. наркоманиямен және алкоголизммен ауырмайды. Бірақ денсаулығына зардап қалдырған алкоголь ішумен шұғылданады. Медициналық сипаттағы еріксіз емді қажет етпейді» деп көрсетіліпті. «Арақ ішумен шұғылданатын» (неткен сөлекет сөз еді!) адам маскүнем емей кім? Сот сарапшысының мұнысы не сандырақ?
Қаскөйдің аса ауыр қылмысты мас күйінде жасағаны бұған дейін де айтылды. Ауылдастарының айтуынша, күдікті үйінде жалғыз тұрған. Бірнеше рет үйленіп, ажырасқан. Үнемі арақ ішкен, жұмыс істемеген. Осындай азып-тозудың жолына түскен, «арақ ішумен шұғылданатын» адамның түбі бір сұмдыққа баруы мүмкін екені неге ешкімнің ойына келмеген? Егер сот оны биыл мамырда еріксіз емделуге жібергенде, кім біледі, бәлкім, бәрі басқаша болар ма еді.
Әйтеуір қолымызды мезгілінен кеш сермейтініміз, кейін бармақ тістейтініміз рас. Заңның осалдығын, кедір-бұдырын түзетіп, құзырлы органдардың жауаптылығын күшейту үшін 5 жастағы бүлдіршіннің қыршын қиылғаны қандай өкінішті. Бейкүнә қыздың өлімі онсыз да басынан дау арылмай тұрған бас прокурор Берік Асылов пен жоғарғы соттың төрағасы Асламбек Мерғалиевке сабақ бола ма? Кінәсіздік презумпциясын аттап өтіп, парламентте белсенділерді (күні кеше ғана сот үкімі шығып, қоғам наразылығын тудырған бес белсендінің ісі) терроршы, діни экстремистік топтың мүшелері деп, алдын ала сүйіншілеген және онысы сот үкіміне кірмей қалған, бәрін алдын ала болжағыш Асылов қауіпті қылмыскердің «адам қатарына» қосылмағанын қалайша білмей қалды екен? Ең бастысы, соңғы уақытта елдің аузынан түспей тұрған бас прокуратура мен жоғарғы сот басшылығы осыдан кейін де орнында қала бере ме? Бесеудің сотына қатысты президенттің атына ашық хат жариялап, істі қайта қарауды, белсенділерді ақтауды сұрап жатқандар бар. Бәлкім, аталған екеудің отставкасын талап ету керек шығар. Әрине, қоғамның мұндай наразылық акциялары мен петициялары ескерілген кезі бар ма еді дерсіз, десе де, сот пен заң жүйесін реформалаумен айналысып жатқан (өздері «уже» реформалап тастадық деп жүрмесе) Жаңа Қазақстан билігі басқасын былай қойғанда, дәл осы Асылов пен Мерғалиев мысалын ескеруге тиіс. Өйткені алда бұл қос саладағы қызу мен қысым жоғарылай береді. Күні кеше ғана Тоқаев «Заңсыз иемденген активтерді елге қайтару туралы» заңға қол қойды. Ал «арақ ішумен шұғылданатын» адамның қолындағы балтасын көріп тұрып қоя бере салған бұл екеуінің «ақша жымқырумен айналысқандарды» қойдай көгендеп, сот залына алып келеріне сену мүмкін емес.