Ата-аналар Дархан Сатыбалдыға емес, блогерлерге сенеді
Халқы тығыз қоныстанған, тұрғындарының менталитеті ерекшелеу Түркістан облысының аты дау-дамайлардың ішінде көбірек аталатыны жасырын емес. Телеарналар мен әлеуметтік желілердегі зорлық-зомбылыққа, тұрмыстық кикілжіңдерге қатысты бағдарламалар мен ток шоулардың басты кейіпкерлерінің көбісі Түркістан облысынан. Мұның арғы жағында қандай құпия, қандай құбылыс жатыр? Әйтеуір бәле-жаланың бәрі неге осы Түркістанды төңіректей беретінін түсіне алмадық.
Шілдеде Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылында бес жастағы қыз зорланып, одан кейін айуандықпен өлтірілді. Қаныпезер қылмыскер өмір бойы бас бостандығынан айырылды. Жуырда Төле би ауданында мектеп оқушысының зорланғаны туралы ақпарат елді шулатты. Дауға облыстық полиция департаментінің басшысы Мұрат Қабденовтің өзі түсініктеме беріп, істі жеке бақылауына алғанын мәлімдеді. Мұның алдында дәл осындай жағдай Сайрам ауданында болды. Кәмелетке толмаған қызының зорланғаны, ал полицияның іс қозғауға асықпай отырғаны жөніндегі ананың арызы танымал телеграм каналдардың бірінде жарияланды. Түркістан облыстық полициясы арыз бойынша қылмыстық іс қозғалғанын, тиісті сараптаманың тағайындалғанын хабарлады. Осының бәрі айналдырған екі-үш айдың көлемінде болған оқиғалар. Міне, өткен аптада Түркістан облысында бала зорлауға қатысты тағы бір жағдай тіркелді.
Бұл туралы алдымен белгілі заңгер Айман Омарова әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Зорланған балалардың саны алдымен екеу болды, кейін жетеу, ақыр аяғында он беске жетті. 18 қазанда зорланды деген балалардың ата-аналары әлеуметтік желі арқылы шығып, мекемелер тарапынан жұмыстардың тиісті деңгейде жүргізілмей жатқанын, зорлық көрген балалардың саны көп екендігін мәлім етті. Іле-шала облыстық полиция департаментінің басшысы, генерал Мұрат Қабденов осыған қатысты мәлімдеме жасады.
«Әлеуметтік желілерде Түркістан облысында орын алған ер адам тарапынан зорлық-зомбылыққа ұшыраған балалардың саны 15-ке жеткені туралы деректің шындыққа жанаспайтынын түсіндіремін. Түркістан облысы полиция департаментіне 2023 жылы 19 қазанның дәл осы уақытына дейін 3 азамат арызданған. Ешқандай 15 дерек немесе 15 арыз, 15 жәбірленуші деген жоқ», – деді генерал. Департамент басшысы осы іс бойынша ұсталған күдіктінің кінәсін мойындағанын да хабарлады.
Біз осыған байланысты өткен жұмада Отырар ауданы білім бөлімінің басшысы Жанат Мұсатаевамен байланысқанбыз. Бөлім басшысының бізге берген ақпаратына қарағанда алғашқыда полицияға 4 сыныпта оқитын қызының зорланғаны туралы арызды оның анасы берген. Арызда бұл қылмысты 1990 жылы туған көршісінің17 қыркүйек күні жасағаны көрсетілген. 18 қазанда Отырар аудандық полициясы осыған байланысты Қылмыстық кодекестің 120-бабының 4-бөлімімен (жас баланы зорлау) қылмыстық іс қозғаған. Арызда көрсетілген 33 жастағы ауыл тұрғыны сол күні қамауға алынған. Кейінірек полицияға тағы екі жәбірленушінің арызы түскен көрінеді.
19 қазан күні Түркістан облысы бойынша балалардың құқығын қорғау өкілі, аудандық білім бөлімінің басшысы тарапынан ата-аналар мен оқушыларға психологиялық көмек берілген. Тергеу жұмыстары кезінде жәбірленушілермен жұмыс істейтін арнайы педагог-психолог бекітілген, тиісті сараптамалар тағайындалған. Айтпақшы, Жанат Мұсатаева күдіктінің ауылдағы жекеменшік балабақшада от жағушы болып істеп жүргенін растады. Әрине, сот үкімі шықпай жатып, бұл іс бойынша алдын ала пікір айтудан аулақпыз.
Жалпы, қоғамда соңғы жылдары кәмелетке толмағандарды зорлау, оның ішінде ер балалардың зорлануы сияқты келеңсіздіктердің жиілей бастағаны рас. Бұл нені білдіреді? Оның алдын алу үшін не істеу қажет? Тамызда дәл осы мәселе Түркістан қаласында сол кездегі ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Закиева, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басшысы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мен қоғамдық ұйымдар, орталық және жергілікті атқарушы орган, құқық қорғау органдары мен үкіметтік емес ұйым өкілдерінің қатысуымен өткен «Қазақстандағы балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу» тақырыбындағы дөңгелек үстел басында талқыланған болатын. Бар-жоғы екі ай бұрын ғана.
Осы жиында айтылған мәліметтерге қарағанда, биылдың жарты жылында балаларға зорлық-зомбылық көрсеткен қылмыстардың көбі Жамбыл, Павлодар, Атырау, Алматы, Қызылорда облыстарында болған. Мамандар балаларға зорлық-зомбылық көрсететін қылмыскердің портретін де дайындаған. Зерттеу барысында Қазақстанда бүлдіршіндерге қатыгездік пен жәбір көрсеткендер ең алдымен олардың өздері танитын, жақын араласатын адамдар екені анықталыпты. Жиында Түркістан облысында балалардың құқығын қорғау бойынша белсенді жұмыстар жүргізіліп жатқаны, осы бағытта үкіметтік емес ұйымдар үшін жергілікті бюджеттен 100 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінгені айтылған. Бірақ 100 миллион теңгені қандай шараларға жұмсалғаны белгісіз.
Басқосуда сөйлеген Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өткен жылы балаларға қатысты жасалған қылмыс 2021 жылмен салыстырғанда 21-ге азайғанын айтып, «облыста әкімдік, прокуратура, полиция департаментімен және үкіметтік емес ұйымдармен ведомствоаралық жұмыс жүйесі қалыптасқан», – деп, арқаны кеңге сала сөйлеген. Егер облыс басшысы айтқандай, зорланған балаға, оның отбасына көмек дер кезінде көрсетілген болса, егер құзырлы органдар мен әкімдік жүйелі түрде әрекет еткен болса, перзенттері үшін шырылдаған ата-аналардың Алматы, Астанадағы блогерлер мен заңгерлерді, әлеуметтік желі белсенділерін жағалап кеткенін немен түсіндіруге болады? Бұл осы бағыттағы жұмыстардың бәрі тек қағаз жүзінде ғана керемет екендігін білдірмей ме?
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ
Түркістан облысы