Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:18, 27 Қазан 2023

Атақты Әзірбайжан Мәмбетов пен Ғазиза Жұбанованы қорлады! Кеңсайда олардың балаларына арналған ескерткішті ұрлап кетті

сурет
Фото: Карина Исмаилова

Кеңсай зиратында КСРО Халық әртістері, режиссер, Халық Қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетов пен композитор Ғазиза Жұбанованың ұлына қойған ескерткішті ұрлап кеткен.

 Бұл туралы Jas Аlash-қа Әзірбайжан Мамбетов пен Ғазиза Жұбанованың немересі, пианист, композитор Карина Измаилова, сондай-ақ Жұбановтар-Мәмбетовтер- Измаиловтар әулеті хабарласып айтты.

КСРО Халық әртістері, режиссер, Халық Қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетов пен композитор Ғазиза Жұбанова Алматыдағы "Кеңсай" зиратына жерленген. Олардың қасында 3 жасында мезгілсіз көз жұмған, кіші ұлы Ахан Мәмбетов-Жұбанов жатыр. Оның есімін отбасы атасы, композитор Ахмет Қуанұлы Жұбановтың құрметіне атаған болатын. Үшеуіне де ескерткіш қойылып, ұзақ жылдар бойы тұрған.

сурет
Фото: Карина Исмаилова

"2016 жылы атам мен әжеме қойылған ескерткішті ұрлап кетті. Бұл жағдай бүкіл отбасымызды қатты қынжылтты, бірақ қанатын жайып үлгермеген кішкентай құлынымыздың​ ескерткішіне тиіспегеніне қуандық. Ұры болса да, сәбиге келгенде​ жүректері дауаламай,​ Құдайдан қорыққан болар деп ойлаған едік.​ Сол жылы біз Қазан қаласындағы керемет жас мүсінші Фанил Валлиулинге жаңадан ескерткіштер жасаттық. Біздің үлкен әулетіміз үшін киелі жер болып саналатын мекенге тағы да жаңа ескерткіштерді орнаттық. Оларды өз есебімізден ешкімге жария салмай қалпына келтірдік. Жұртшылықты хабардар етсек, тағы да ұрлықтың орнын алуына жол ашқандай боламыз деп шештік", - дейді Карина Измаилова

Бірақ бұл жағдай арадан 7 жыл өткесін тағы да қайталанып отыр. Бұл жолы Әзірбайжан Мәмбетов пен композитор Ғазиза Жұбанованың 3 жастағы ұлының мүсіні қолды болған. Ұрпақтары болашақта Ғазиза Жұбанова мен Әзірбайжан Мәмбетовтің де ескерткіштері ұрлана ма деп қауіптенеді.

"Біз енді үнсіз отыра алмаймыз. Бүгін біз Ахантайдың ата-анасы, Ғазиза Жұбанова мен Әзірбайжан Мәмбетовтің өздері қойған, қоладан жасалған құлыншақтың ескерткішін ұрлап кеткендігін білдік. Ахантайын өмір бәйгесіне шауып үлгермеген, аяғына тұрмаған құлынға теңеп,​ қоладан жасалған құлынның әдемі ескерткіші Кеңсай зиратында 50 жылдан астам уақыт тұрды. Енді ол жоқ. Біз үшін бұл үлкен трагедия, біздің қорқынышымыз одан ары үдей түсті. Өз күшімізбен қалпына келтірілген, Өнердің ұлы қайраткерлері - Әзірбайжан Мәмбетов пен Ғазиза Жұбанованың ескерткіштерін тағы да оп-оңай ұрлай алады. Бұл келеңсіз жайт әрқайсымыз үшін, осы ұлы адамдардың ұрпақтары үшін үлкен соққы. Киелі деп саналатын зираттарда осындай ұрлық орын алып жатса, адамдық қасиетіміз қайда қалды, кімдер екен жүрек жұтқан?!", - дейді Әзірбайжан Мәмбетов немересі.

Ұрпақтары Алматы әкімдігіне наразылығын білдіріп, ұрланған мүсінді тауып беруін талап етіп отыр.

"Біз Кеңсай зиратының басшылығына, Алматы қаласының әкімдігіне наразылығымызды білдіреміз. «Өлді деуге бола ма ойдаңдаршы, өлмейтұғын артында із қалдырған» деп Абай атамыз айтқандай, Орталық зиратта тек біздің ғана жақынымыз емес, Отаны үшін ерен еңбек еткен, шығармашыл зиялы қауымның қабірі қорғалмайды?! Қазақстан Республикасы күнінде неліктен осындай жағымсыз хабар естуіміз керек? Біз осы оқиғаға қатысты тергеу жүргізуді, кінәлілерді тауып, жазаларын беруді және Кеңсай зиратының күзетін қатаңдатуды талап етеміз!", - дейді Карина Измаилова.

Jas Аlash порталы алдағы уақытта бұл оқиғаны қалт жібермей, көлемді материал дайындайды.