Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:51

Атырау облысында жоғалған отбасы ісі: күдіктілер Қазақстанға жеткізіледі

Сұлтан Сәрсемәлиев
Фото: ашық дереккөз

Атырау облысында ерлі-зайыптының өліміне қатысты іс бойынша күдіктілер жақын уақытта Қазақстанға жеткізіледі. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді.

Әділовтың айтуынша, аталған қылмыстық іс бойынша Индонезиядан Қазақстанға екі күдіктіні экстрадициялау мәселесі шешілген.

"Олар жақын арада Қазақстанға жеткізіледі. Осы айдың ішінде алып келеміз. Шетелдік әріптестерімізбен бірге олардың жеткізілу маршруттарын келісіп алдық. Тергеу жұмыстары қолданыстағы Қылмыстық-процестік кодекс талаптарына сәйкес жалғасады", - деді ол.

Индонезияда кімдер ұсталды?

Бұған дейін полиция Индонезияда осы іске қатысты күдіктінің ұсталғанын хабарлаған. Онымен бірге 30 жастағы қазақстандық Ақбаян Мұқанғалиева да ұсталған. Оның бұл іс бойынша нақты құқықтық мәртебесі әлі нақтыланып жатыр.

ІІМ мәліметінше, қазіргі уақытта іс бойынша екі адам күдікті ретінде қарастырылып отыр.

Тергеу үшін арнайы жедел-тергеу тобы құрылып, ол Атырау облысында жұмыс жүргізіп жатыр.

ІІМ бұған дейін Индонезияда күдіктіні ұстау сәтінің видеосын жариялаған. Мәліметке сәйкес, ер адам Ломбок аралындағы Сенару ауылында қазақстандық полиция қызметкерлері мен шетелдік әріптестерінің бірлескен операциясы барысында қолға түскен.

Индонезия полициясының мәліметінше, күдіктінің туристік аймақта жүргені туралы нақты ақпарат түскеннен кейін арнайы жасырын операция жүргізілген.

Ұстау кезінде ер адам қашуға әрекет жасаған, алайда ол сәтсіз аяқталған.