Атырауда полиция басқармасындағы арнайы қабылдау орнында ер адам суицид жасады
Атырау қаласы полиция басқармасының арнайы қабылдау орнында әкімшілік қамауда отырған ер адам өлі күйінде табылды.
Алдын ала мәлімет бойынша, 2026 жылғы 29 наурызда 1974 жылы туған азаматтың мәйіті анықталған. Ол Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-бабы 2-бөлігі бойынша (отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттер) әкімшілік жаза өтеп жатқан.
Анықталғандай, 25 наурыз күні ер адам 2003 жылы туған ұлының арызы негізінде 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынған.
— Суицид фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды, - деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Бұған дейін Қарағанды облысында кісі өлтіруге күдікті азаматтың да өлі күйінде табылғаны хабарланған.