Атырауда Шаңырақ күні дүниеге келген сәбилердің аналары құттықталды
2026 жылғы 17 наурыз күні Наурызнама онкүндігі аясында ерекше күн – Шаңырақ күні атап өтілді. Бұл күні дүниеге келген сәбилер өз отбасыларына зор қуаныш сыйлады.
Мереке құрметіне Атырау қаласы әкімінің орынбасары Ердос Әбдісаттаров облыстық перинаталдық орталыққа арнайы барып, дәл осы күні нәрестелі болған аналарды құттықтады.
Өз сөзінде ол:
– Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен және Наурызнама онкүндігі аясында аталып өтетін Шаңырақ күнімен шын жүректен құттықтаймын! Шаңырақ – қазақ халқы үшін береке мен бірліктің, ұрпақ сабақтастығының қасиетті нышаны. Осындай жарқын күні дүниеге келген сәбилер – әр отбасының ғана емес, тұтас елдің қуанышы. Балаларымыз аман-есен өсіп, елге қызмет ететін азамат болсын. Баршаңызға зор денсаулық пен отбасыларыңызға амандық тілеймін! – деп ізгі тілегін білдірді.
Сондай-ақ қала әкімдігі атынан жас аналарға гүл шоқтары мен сыйлықтар табысталып, олардың ел демографиясының дамуына қосып отырған үлесі үшін алғыс айтылды.
Іс-шара барысында өнерпаздардың әсем әндері орындалып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Айта кетейік, Атырау облысында жыл сайын шамамен 13-14 мың сәби дүниеге келеді. Оның 50-55 пайызы облыстық перинаталдық орталықта туылады.