Атыраудағы BINOM мектебі оқушыға жасалған шабуылдың буллингке байланысты деген нұсқаға пікір білдірді
Атырау қаласындағы BINOM мектебі әкімшілігі оқушыға жасалған шабуылдың буллингке байланысты болуы мүмкін деген ақпаратқа қатысты ресми түсініктеме берді.
Еске салайық, 13 наурыз күні 9-сынып оқушысы 8-сыныптағы қызға өткір затпен шабуыл жасаған. Қыз баланың мойын, кеуде және қол тұсынан жарақат алғаны хабарланды. Оқиға бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 24-бабы 3-бөлігі және 99-бабы 3-бөлігі (адам өлтіруге оқталу) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Бұған дейін күдікті жасөспірімнің анасы оның бірнеше жыл бойы сыныптастары тарапынан буллингке ұшырағанын мәлімдеген еді. Алайда мектеп әкімшілігінің айтуынша, бұл нұсқа әзірге расталмаған.
«Балалардың бұрын бір-бірімен таныс болмағанын, әртүрлі сыныптарда және әртүрлі ауысымда оқығанын ескеру қажет. Осыған байланысты аталған қыз тарапынан бұл балаға бағытталған жүйелі буллинг болды деген мәліметтер расталмады», - делінген ресми хабарламада.
Мектепте оқиғаға қатысты барлық мән-жайлар ресми тергеу аясында анықталып жатқанын, ал әкімшілік уәкілетті органдармен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.
Сондай-ақ BINOM мектебінде буллингтің алдын алу және анықтау жүйесі бар екені, алайда бұл жағдайда мұндай белгілер тіркелмегені айтылды.
Оқу орны өкілдері тергеу аяқталғанға дейін асығыс қорытынды жасамауға шақырды.