Атыраудағы мектепте оқушыны пышақтау ісі: жаңа деректер белгілі болды
Атырауда Binom мектебі оқушылары арасындағы шабуылға қатысты тың мәліметтер жарияланды. Тергеу нұсқасына сәйкес, 9-сынып оқушысы бұл әрекетке алдын ала дайындалған болуы мүмкін.
Құқық қорғау органдары күдіктінің сөмкесінен бірнеше пышақ пен балта тапқан. Сонымен қатар оның жеке күнделігі тәркіленді. Жазбаларды зерделеу барысында жасөспірімнің мектептердегі зорлық-зомбылық пен қарулы шабуыл тақырыбына ерекше қызығушылық танытқаны анықталған. Күнделікте әлемнің әртүрлі елдерінде болған осындай қанды оқиғалар сипатталған.
Еске сала кетейік, 13 наурыз күні 9-сынып оқушысы 8-сыныпта оқитын қызға шабуыл жасап, оның арқасына сегіз рет пышақ сұққан. Зардап шеккен қыздың мойны, кеуде тұсы және қолы жарақат алған.
Дәрігерлердің мәліметінше, ең ауыр жарақаттар кеуде аймағына түскен. Қазіргі уақытта оқушының жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр. Ол жансақтау бөлімінен хирургия бөліміне ауыстырылған.