Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:00, 22 Қараша 2018

Атырауда «Жайық жұлдызшалары» бақ сынады

Мұнайлы өңірде кенжелеп тұрған спорт түрінің бірі – көркем гимнастика. Гимнастика секциясы он бес жылдан бері жұмыс жасағанмен, екі жүзге тарта баланы бар-жоғы екі жаттықтырушы дайындайды.
Ұл-қызын бергісі келген ата-ана саны көп болғанмен, арнайы жатақхананың жоқтығы қолбайлау болып тұр. Ал жас спортшыларға арналған жатақханасы бар, жағдай жасалған Шымкент, Павлодар, Алматы облыстары көркем гимнастикасының дамуы жағынан елімізде көш бастап тұр.  Жақында қуанышты жағдай болды: Атырауда өткен Қазақстанның «Жайық жұлдызшалары» ашық чемпионатында гимнастшыларға жаттығу жасайтын кілем сатып алынды. Бұған дейін олар аздап қолайсыздықтар туғызатын ковролиннің үстінде жаттығып жүрген-ді.«Жайық жұлдызшаларыларына» елдің он қаласынан 450 гимнастшы қатысты. Өрімдей спортшы қыздар алаңға қолдарына лента, шеңбер, доп, арқан, шоқпар сынды бұйымдар ұстай шығып, өнер көрсетті. Екі күнге созылған чемпионат нәтижесінде қазылар алқасы келесі жылғы ақпан айында республика чемпионатында өнер көрсетуі тиіс гимнастшыларды анықтады. Оған сәйкес, жеке өнер нөмір көрсетуден Іңкәр Жолмағамбетова мен Айнель Жалғасоваға, топтық өнерден Аягөз Романова, Аягөз Сайран, Эльнара Нұршаева, Айнара Мәжитке жолдама берілді. Сайыс соңында барлық қатысушыларға дипломдар мен төсбелгілер табысталды.-Менің гимнастикамен айналысқаныма он жыл болды. Тіпті, жаттығудан келгеннен кейін де үйдің ішінде өз бетімге қимылдар жасай беруге дағдыланғанмын. Болашақ өмірімді осы спорт түрімен байланыстырамын, — дейді Испаниядағы халықаралық турнирде алтыншы, Францияда – екінші орынды жеңіп алған 14 жасар Эльнара Нұршаева. Оның айтуынша, гимнастшылар арасындағы ырым бойынша алаңға қандай бұйыммен шығам деп аса таңдап жатпайды, себебі, «олар ренжіп қалуы мүмкін» екен.-Гимнастика – спорттың қымбат түрлерінің бірі саналады. Бізде лақтырып билейтін снарядтың бір данасының өзі 20 мың теңге тұрады. Кәсіби түрде айналысқаннан кейін арзан нұсқасын ала алмаймыз. Оның сыртында киімі, басқасы бар, балалардың әке-шешелерінің қалтасына да әжептәуір салмақ түседі. Сол себепті, облыстық спорт басшылығы мен демеушілердің көмегіне сүйенуге тура келеді, — деп Атырау облысындағы көркем гимнастика жөніндегі бас жаттықтырушы Көклан Егеубай саланың жай-күйі жөнінде қысқаша баяндап өтті.Фотолар автордікі. 
Тегтер: