Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:12, 12 Қазан 2021

Ау, үкімет! Енді нан таппай қалмаймыз ба?!

None
None

      Елде нан және нан өнімдері қымбаттап жатыр. Деректерге сүйенсек, биылғы жарты жылда аталмыш саладағы өнім өндіру көлемі 111 млрд теңгені құрады.

Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11,8 пайызға аз. Бұған қоса, нан бағасы бір жылдың ішінде – 6, қара бидай наны – 9,2, макарон өнімдері – 10,3, ұннан жасалған кондитерлік өнімдер 8,2 пайызға қымбаттаған.

      Дереккөздер биыл жиналған астық көлемі былтырғыға қарағанда 22,8 пайызға аз екенін көрсетеді. Сарапшылар елдегі астық сақтайтын элеваторлардың да сын көтермейтінін алға тартуда. Қазір сала мамандары «қолда бар астықты ірітіп-шірітпей, үсітіп алмай, ұқсата аламыз ба» деп  дабыл қағып отыр.

       Еліміздің ауыл шаруашылығы министрлігі бұған дейін «бұл салада мәселе болмайды, ұн және нан бағасы өспейді, алаңдауға негіз жоқ» деп, бірнеше мәрте есеп берген болатын.  Аталмыш министрлікке қарасты өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Азат Сұлтановтың айтуынша, қазіргі кезде ішкі және сыртқы нарықтарда бидай бағасы көтеріліп жатыр. Десе де, әлеуметтік нанның бағасы тұрақты.  Бұған қатыстыАзат Сұлтановбылай дейді:

     – Нан бағасының күрт өскені байқалған жоқ. Өңірлерде әлеуметтік нанның бағасы тұрақты. Егін жинау жұмыстары аяқталуға жақын. Алдағы уақытта бидай бағасы көтеріліп ұн қымбаттаса, нан бағасына қатысты мәселе туындауы мүмкін. Ондайда заң бойынша бағаны реттеу тетіктері іске қосылады.

         Сөйтіп, Сұлтановтың пайымына жүгінсек, ас атасының бағасы қымбаттамаған. Департамент директоры «баға тұрақты» дейді. Осыған қарағанда министрлік өкілі елде бұған дейін 90-100 теңге болған  әлеуметтік нан бағасының әлдеқашан 105-110 теңгеге дейін көтеріліп кеткенін білмейтін сыңайлы. Ең қызығы, ішкі және сыртқы нарықта бидай бағасының қымбаттап жатқанын Сұлтановтың өзі мойындап отыр. Сонда логика қайда? Нарықта бидайдың бағасы өсетін болса, ұнның да бағасы, одан өндірілетін ұн өнімдерінің де бағасы шарықтап шыға келетіні кімге болса да  түсінікті емес пе? Нақ осы арада жауапты инстанциялар «мәселе жоқ» деп сылап-сипамай, өнім бағасының одан әрі қымбаттауына жол бермейтін, жағдайды ушықтырмайтын әрекеттер жасауы керек емес пе?!

       Өткен аптада мәжіліс депутаттары осы мәселеге қатысты үкіметке арнайы сауал жолады. Депутат Ғалым Әміреевтің айтуынша, биылғы қуаңшылық пен құрғақшылық және саладағы жауапсыздық ауыл шаруашылығындағы мәселелерді қатты ушықтырып жіберген.

    – Соңғы уақытта әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының өсуіне қатысты мәселелер өте көп көтеріліп жүр. Халық бағаның реттелмейтініне, жиі өзгеретініне шағымдануда. Мысалы, ең арзан деген 1-сұрыпты ұнның келісі қазір 150-200 теңге аралығында сатылады және одан әрі өсу үрдісі де жоқ емес. Ал бұл ұнның бағасы осы жаздың өзінде 120-130 теңге болған, –дейді халық қалаулысы.

       Депутаттың айтуынша, бұдан бөлек, жанар-жағармай тапшылығы, ауыл шаруашылығы техникасы сапасының сыр беруі, тыңайтқыштардың жыл сайынғы өсуі де астық бағасына әсер етіп отыр.

    – Біреулер үшін жанар-жағармай бағасының күрт өсуі нормаға айналды. Бұл үнемі, дәлірек айтқанда, көктемгі егіс жұмыстары мен күзгі егін жинау кезінде болады. Бұл ауылшаруашылық мамандары үшін ең жауапты сәтте қасақана жасалатындай әсер қалдырады, – дейді Әміреев.

       Сондай-ақ, депутаттың айтуынша, астық өңдеушілер қауымдастығы да тапшылықтың қолдан жасалуына жол береді. Қазір жұмсақ бидайдың тоннасы шамамен 125 мың теңге тұрады. Өндірушілер бағаның одан әрі өсуін күтіп, астықты өздерінде ұстап қалуы мүмкін.

       Міне, осылайша қолдан тапшылық туғызу ұн және нан бағасының өсуіне жол бергелі тұр. Депутаттардан бөлек, сала мамандарының байыптауынша да, жағдай шынымен де алаңдатарлық. Олардың айтуынша, қазір біздегі астықтың басым бөлігі экспортқа кетіп жатыр. Ал бұл елдегі ұн тартушыларға кері әсерін тигізуде. Олар бидайдың тапшылығынан өз нарығын жоғалтып, тұтастай бір сала үлкен проблемаларға тап болуы ықтимал. Бұл ретте ауыл шаруашылығы ғылымының докторы Ермек Байтоғанов былай дейді:

     – Биыл егін бітік шықпады. Қуаңшылықтың, жаздағы жұттың салдарынан мал қырылды. Қаншама егістік жерлер сортаңданып қалды. Нан қымбаттайтын кез әлі алда. Қолда бар астықты сыртқа экспорттай береміз. Елдегі астық сақтау элеваторларының жағдайы сын көтермейді Осыдан барып жинап алған егін толыққанды сақталмайды, шіріп, үсиді. Бұл да өнім тапшылығын тудыратын жайт.  Бұдан бөлек, біз ең соңғы дайын өнімге дейін тауар өндіруді әлі меңгермедік. Халықты макарон, жарма, кеспе тәрізді ұн өнімдерімен қамтамасыз етуді толық шеше алмай отырмыз. Келер жылдың көктемі мен жазға салым осы жағдайлардың әлеуметке ауыртпалық түсіретін кері әсерін көретін  боламыз.

        Жалпы, мамандардың пайымдауынша, болашақта елде ұн және нанды қымбаттатпау үшін ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰХ белсенді жұмыс істеуі қажет. Әлеуметтік нанның бағасын реттеу үшін алдымен Азық-түлік корпорациясының резервінде тұрған астықты ұн тартатын кәсіпорындарға арзан бағамен тарату қажет. Сонда  ол кәсіпорындардан шыққан ұнның құны да төмен болады,  нанның бағасы да арзандайды. «Осыған байланысты «Азық-түлік келісімшарт» корпорациясы тауар нарығында бидайдың жеткілікті көлемін сатып алып, интервенция жүргізу керек. Проблема бар болса, аталмыш корпорация өкілдері мен тұрақтандыру қорлары үкіметке мәселені ашып айтуы қажет. Жасырғанмен мәселе шешілмейді. Сондықтан шындыққа тура қараған жөн», – деседі мамандар.

      Ал сарапшылар айтып отырған «Азық-түлік келісімшарт» корпорациясын кезінде ауыл шаруашылығы министрі болған Сапархан Омаров басқарып отыр. Биыл жаздағы қуаңшылық пен жұтта ауыл шаруашылығын құтқара алмаған экс-министр енді азық-түлік қауіпсіздігімізді үйлестіріп, халықты тоқшылыққа бастай алар ма екен? Әйтеуір, халық «болашақта нан таппай қалмасақ болғаны» деп үрейленіп жүргендей.

         Біз, негізінен, қамбасы бай, егістігі мол аграрлық мемлекетпіз. Бірақ бұл салада жеткен жетістіктерімізден гөрі «әттеген-ай» дейтін тұстарымыз өте көп. Мұндайда мәселені шешудің тетігін білмейтін, «жауырды жаба тоқитын» атқарушы билікке сын айтпасқа тағы болмайды.

Тегтер: