Аудармасы ала-құла Қарағанды
Тіл басқармасының бітірері не?
Тәуелсіздікпен қатар, қазақ тілінің де мәртебе алғанына 30 жыл болды. Обалы нешік, мемлекет басшылары ана тілімізді өрістетуге оңтайлы жол ашып берді. Әр өңірде тіл басқармалары құрылды. Туған тіліміздің көсегесін көгертпей отырған өзгелер емес, өз қандастарымыз. Елордаға барсаң, былдырлаған баладан қалқиған қарияларға дейін орысша шүлдірлейді. Көшелердегі жарнамалар мен көше аттары қолданыста жоқ, не жазу үлгісіне енгізілмеген латыншаға көшіп кеткен. Бір таңғаларлығы, Нұр-Сұлтанда оңтүстік өңірден келген ағайындардан әлденені өз тілімізде сұрасаң, тілін сындырып орысша жауап қатады. Бұл ресми тілдің сиқыры ма, әлде туған тілін менсінбеудің мысы ма? О бастан орыс тіліне бүйрегі бұратын Қарағандыда да жағдайымыз жетісіп тұрғаны шамалы. Көңілге қынжылыс, жүрекке намыс ұялатарлығы – мұндағы халыққа қызмет көрсететін орындарда туған тілімізді қорлауға емін-еркін жол беріле бастаған. Жақында танымал журналист Ермек Балташ осындай жайтқа куәгер болғанын әлеуметтік желі арқылы жұртқа жайып салды.
«Естімеген елде көп, есек мінген сартта көп» деген, осы заманда «Үрлемелі сиыр еті» мен «Тартылған үйден істелген ет» жеп көрдіңіздер ме? Біз Қарағандыдағы Құрылысшылар даңғылы бойында орналасқан «Корзина» сауда үйіне барған сайын осындай «кереметке» қарық боламыз. Қазақ тілінің Қазақстандағы деңгейі қандай екенін осыдан-ақ көруге болады», – деп күйінішін білдірді.
Әріптесінің туған тіліміздің тағдырына қатысты алаңдауына ортақтасқан Оралбек Жүнісов: «Ұят-ай! Бізде тіл комитеті бар. Осындай өрескелдікті бақыламағанда не бітіреді? Ойын-сауық өткізу шаруалары. Қор болған ана тілім-ай! Бәлкім, бізге тіл полициясы керек пе?» – деген ұсыныс тастады. Бұдан бұрын да диссидент жазушы Кәмел Жүніс Қазақстандағы өз ұлтымыздың арасында қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтіп, мәртебесін бекемдеу үшін тіл полициясын құру керек деген пікір білдірген еді. Енді мәрт таланттың бірегей бастамасын бекемдейтін кез келген секілді. Біздегі тіл басқармалары осы уақыт аралығында не өндірді? «Құқымыз шектеулі, құзырымыз шамалы» деп шыр-пыр болады қашанда. Сауатсыз аудармамен ана тіліміздің арына көпе-көрінеу нұқсан келтіріп отырған жоғарыдағы сауда үйіне кім тыйым салады деген сауалымызға облыстық тіл басқармасының қызметкері Әсет Аманжоловтың айтқан жауабы мынау:
–Айналдырған 5-6 қызметкеріміз бар. Олардың жүктемесі бастан асады. Түрлі шаралар өткізу керек. Қаладағы ғимараттар мен көшелерді кезіп, тексеріске шығуға уақыттары жоқ. Ағаттық кетірген қай дүкен? Мекенжайын айтыңызшы! – деп, білдей басқарманың жетекші маманы өзімізден қиыла сұрады.
Қазақ тілінің мәртебесі үшін қызмет ететіндер осылай десе, өзгелерге не жорық? Әлде тиісті басқармадағылар тілдер күнінде тіл жанашырлары үшін бәйге тігіп, одан қалды, байқау өткізу үшін отыр ма?