Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:20, 15 Маусым 2022

Әуезов әлемінің әсерлері

None
None

      Адамзат ақыл-ойының алыбы жазушы Мұхтар Әуезовтің ұлылығы мен ұлағатын ұмытпай ұрпаққа үлгі етіп жүретін, өнегелі өмірін әңгімесінің алтын арқауына айналдырып алған адамдар алыс жатқан ауылдарда да, елеусіз қалған елді мекендерде де кездеседі.

Саңлақ суреткерге деген сүйіспеншілігі қайран қалдырады. Сол қоңыртөбел күн кешкен құймақұлақ ауыл қазақтары аңқылдап, әңгімені аударып-төнкеріп айтып, ұлы жазушының асыл қасиеттерін алға тартқанда қала оқымыстыларын он орап кетеді. Сондай бір әңгіменің басы-қасында болғаным бар еді.

      Қайтыс болған құдамыздың қырық күндік асына барғанбыз. Үй-іші лық толы адам. Мешітке шақырсаң бармайтын, асқа шақырсаң қалмайтын ағайын жиналып қалыпты. Бізде бір бұйырған орынға отыра кеттік. Төрде төбедей болып  кілең ақсақал, қарасақал, қабасақал кәрі-жасына қарамай қаздай тізіліп, қамыр ауқатты күтіп отыр. Көптен бері күткен қадірлі асымыз дастарханға қойылып, қол салғанымыз сол еді, есіктен ентігіп сақалды молынан жіберген молда жігіт кіріп келді.  Жұрт жапырылып төрге оздырмақшы болды. Ас ішсе атауындай ішіп,  айналасын ұмытып кететін қазақ емес пе, төрдегілер ығыса қоймады. Молданың көзі төрде, жұрттың көзі жерде. Осы сәтте дастарханның орта тұсында отырған қыр мұрынды, өткір көзді жігіт ағасы: «Ей, молда бала, сен Әуезовтен әулие емессің, мына жерге отыр», – деп өзінен төмен бір орынды ұсынды. Ешкім  ләм-им деп жақ ашпады.  Адамдар алдындағы табаққа таласа-тармаса қол салып жатыр. Әлгі ағамыз әңгімесін әрі қарай жалғастырып: «Ей, молда бала, шақырған жерге ерте кел, ерте келмей ертең келсең де саған ешкім ұрыспайды. Төрге өтемін деп тепсінгенің өзгеден озамын деп өңмендегенің  өте ұят.  Молдалар тек төрде отырсын деген пайғамбарымыздың хадисінде де жоқ. Адамға кішіпейілділік керек», – деп бір тоқтады. Ағамыз  майлыққа қолын сүртіп отырып сөзін әрі қарай сабақтады: «Ұлы жазушы Әуезовті бір сыйлас адамы қонаққа шақырыпты. Жарықтық, кешігіңкіреп келіп, табалдырықтан аттаса, төрде отырғандар қозғала қоймапты. Әулие Әуезовке есіктен жоғары, төрден төмен бір орын бұйырыпты. Төрде отырғандар: «Мұха, сіздің орныңыз төр еді», – деп жамырай жөнеліпті. Сонда Әуезов: «Оқасы жоқ, пейілдеріңізге рақмет, менің отырған орынды төр деп санасаңыздар болды», – депті.  Саған Әуезовтен аулие емессің деп отырған себебім осы, молда бала, ренжи көрме», – деп ағамыз ағынан жарылып әңгімесін аяқтады. Бата беріліп, Құран оқылған соң  орындарынан жапа-тармағай түрегеліп, тарқай бастаған адамдар: «Әуезов қалай әдемі айтқан, ә?» деп әлгі әңгімені  сөз қылып бара жатты.  Таутұлға Әуезовтің тағлымы ел ішінде таралып жатқанына қуанып қалған едім.

      Тұғыры биік ұлы тұлғаның ақыл-ойы мен дене пішімін Құдай қаншалықты зор етіп жаратқан болса, тағлымы да соншалықты көл-көсір: теңдессіз таланты, терең білімдарлығы, еңбекқорлығы, бауырмалдығы, алдына жан салмайтын шешендігі, ұстамдылығы, т.б.  Әуезов  тағлымы мен асыл қасиеттерін санамалап шығуға саусақ саны аздық етеді. Біз ұлы суреткерге деген сарқылмас сүйіспеншілігіміз бен ыстық ықыласымыздың бір парасын ғана сөз еттік.

      Қилы заман, жаралы жылдар мен қиын күндерді бастан өткерген кемеңгер жазушы жандүниесіне жарық түсіріп: «Мені репрессиядан қалай аман қалдың деген сұрақтан гөрі, тірі қалғанда не бітірдім деген сұрақ қатты мазалайды», – депті. Алдыңғы толқын ағалары айдалып, атылып кеткен соң, барлық жауапкершілік пен ауыртпалықты өз мойнына алған Әуезов ағалар аманаты мен ел үмітін артығымен ақтап, қазақтың маңдайалды адал перзенті болды.  Ұлт әдебиетін ұлы  әдебиетке айналдырды.  Осындайда қауашағымызға бір ой келеді: Ясная Полянада  еркін тыныстап, шалқар шабытының шашасына шаң жұқтырмай  шығармашылықпен айналысқан Толстой сияқты Әуезовте де мүмкін болғанда, қандай ғажап дүниелерді өмірге әкелетінін көзге елестету қиын.  Көптеген қиындықтар мен қудалауға,  қысастық пен талас-тартысқа тап болып, есіл уақытын зая кетірген күншілдік пен көреалмаушылыққа қарамастан, ұлы жазушы мұқалмас жігерімен, асқан даналығымен, қайталанбас еңбекқорлығымен, адамзатқа тамаша туындыларын тарту етті.  Басқа төнген бақытсыздық алдағы бақытты күндерге жол ашады деген сөз рас-ау, сірә.

      Әдебиет алыбы Мұхтар Әуезовтің атасы Әуездің өзі де  мұсылманша оқымысты адам болған. Сол атасынан ерте хат таныған немересінің жүрегіне асыл дініміздің ақиқаты мен имандылық нұры ұяламауы мүмкін емес еді. Жазушының көзін көрген  жақсылар мен жайсаңдардың айтуына қарағанда, Жетісу жеріне барған сапарында  бір қазақ молдамен екі сағаттай айтысқанда Құранды, бүкіл Құранды алғашқы аятынан соңғы аятына дейін жатқа айтып, талдап, қазақшалап, жалпақ тілмен жалпыға  түсіндіре сөйлеп беріпті. Жазушының энциклопедиялық білімі мен зерде тұтқырлығына таңғалмасқа болмайды.

      Ұлы қаламгер Абайды аулие санап, пір тұтып, аруағын сыйлап өткен.  Ал Абай өз кезегінде рухани шәкіртінің құтқарушы панасы болғанын білеміз. Тотаритарлық заманда Әуезовке қарсы құпия қысастықтар аз болмаған.  Сол қызылкөздер ұйымдастыратын қауіп-қатер мен талас-тартысқа толы жиналыстарда М.Әуезов шарасыздан  көп алдына шығып сөйлей қалса, Құнанбай қажының  тәсбиғын оң қалтасына салып алып, сөйлеп тұрғанда содан саусақтарын айырмайды екен, анығырақ айтсақ, әулиенің аруағына сыйынатын болған. Содан болса керек Әуезов азулы қарсыластарына тойтарыс беріп, тұқыртып, тізе бүктіріп отырған.  Ұлылар ұлы істе де ұлы, ұсақ-түйек істерде де ұқыпты болады екен-ау деген ой келеді.

      Ұлы жазушы қайтыс болғанда небәрі 25 жастағы қазақтың аса талантты ақыны  Қадыр Мырза Әлі: «Көр болғыр көзге жас алмай, жас алмай қалар қай кісі? Үлкен бе еді қашаннан, кішкене елдің қайғысы», – деп арнау өлең жазған екен.  Сол «кішкене» сөзінің астарында  алапат ой жатыр.  Әлемдік қауымдастық мүлдем білмейтін, қызыл империя көзге ілмейтін «кішкене» ел – қазақтардың талантты халық екенін танытып, жер шарына атын  жайған  жазушы Әуезовтің теңдессіз еңбегі болатын.  Қазақты әлемге мойындатқан Әуезов!  Мойындатып қана қойған жоқ, озбыр, өзімшіл, әпербақан, астамшыл, екі шоқып, бір қарайтын империяны қазақты сыйлауға мәжбүр етті, сыйлатқызды да. Осыдан кейін Мұхтар Әуезовті мақтаныш тұтпай көріңіз.

      Ғибраты мол ғұлама Ғабит Мүсіреповтың «Ат тұяғын тай басар» деген сөздің өнерге еш қатысы жоқ дегендей ой айтқаны  бар.  Бүгінде академиктің баласы министр, сенатордың баласы қала басқарып, жазушының баласы аудан әкімі болып жатса таңғалмаймыз. «Тай» жетектеп ат қыла алмай жүргендер көп. Ал өнер өлкесінің заңы өзгеше: талант, тек талантымен ғана таңылып, тарихта із қалдыра алады. Сондай ұлы талант иесі – ұлт тарихында алтын тудай айқындалып,  оқшау-айрықша көрініп тұратын, Мүсіреповше айтқанда «Мұхтар Әуезовтің «орнына ешкім таласа алмайды». Ұлы тұлғаның орны қашанда төрде, биікте.

      Өткен ғасырдың 8О-ші жылдары Арқадан келген азамат Шымкент обкомының бірінші хатшысы болды. Сол басшы қызметіне кіріскен күні-ақ аудан басшыларымен келелі кеңес өткізіп, алдағы жоспарларды талқылап, жиналыстың сонында алдында отырған ақжағалыларға: «Шыңғыс Айтматовтың «Жан пида»  романын оқыған қайсысын бар?», – деп төтеннен сұрақ қойыпты. Ұят-ай, бірде-бір шенеунік бас көтеріп жауап қатуға жарамапты. Сонда бірінші хатшы: «Сендердің ішкі мәдениеттеріңнің деңгейі осындай екен ғой», – деп жиналысты тастап шығып кетіпті.  Қазір ондай сұрақ қоятын басшының өзі де жоқ.  Абай даналығынан, Мұхтар мұраларынан мүлдем мақұрым қалған шенеуніктер өріп жүр. Сол ақжағалы шіркіндеріңіз қызметке тағайындалғанда Абай, Мұхтар еңбектерінен емтихан тапсырса, мәдениетіміз бір елі болса да еңсесін тіктер еді. Абай мен Әуезов бірінші кезекте қазаққа керек.

      Әдебиет әлемінің Гималайы – алыптар тобының ішіндегі кемеңгерінен: «Қадірлі Мұха! Сіз тым шырқау биікте тұрсыз.  Төменге бір қараңызшы: туған халқыңыз көріне ме екен?» деп сұрағымыз келеді.

Тегтер: