Әуезовтің Америка сапары

Жазушыға визит картасын берген қазақ кім?
Биыл М. Әуезовтің мұражай-үйінің ашылғанына 60 жыл толады. 1961 жылғы ҚазКСР Министрлер Кеңесінің 10 тамыздағы №550 қаулысына сәйкес құрылған әдеби-мұражай 1963 жылы 28 қарашада ресми түрде ашылған. Содан бері отандық, алыс-жақын шетелдік қонақтарға мәдени бағыттағы қызметін үздіксіз көрсетіп келеді. Мұндағы экспонаттарды тізіп айту мүмкін емес. Жазушының жеке қолжазба мұрасы 50 баспа табаққа жуық қалың кітапта сипатталған. 564 бумаға жинақталған қолжазба жазушының шығармашылық еңбегін көрсететін бірден-бір құнды құжаттар. Тарихи, мәдени, рухани, т.с.с. қазынамыз болып, қазақ әдебиетінің тарихына енді. Осы қолжазбалар бізге нені ұқтырады?
Қажыр-қайрат, үздіксіз еңбек, ауыр да азапты, әйтсе де өнерге қызмет еткен адамдардың сипаттап айтуға мүмкін еместей көрінетін шығармашылық бақытын көрсетеді. Мұндай шығармашылық жол Әуезовпен замандас қазақ қайраткерлерінің бәрінде дерлік болды. Алайда, жоғалған, сақталмай қалған, тәркіге ұшыраған Алаш зиялыларының осындай қолжазба мұраларының тағдырын ойласақ, нені аңдаймыз? Тек, өкініш қана! Әрине, жоқ емес: бар, бірақ көп емес, онда да түрлі архивтерден іздеп таптық. Ал Әуезовтің қолжазба мұрасы осы реттен келгенде, біршама сақталған деп топшылауға негіз бар. Десек те отызыншы жылдары Ташкентте қамауға алынғанда, біршама дүниелері тәркіленген. «Сұғанақ сұр» атты повесінің жоғалғанын жазушы өзі айтқан. Әуезовтанушы ғалымдар 1927 жылы Қызылордада басылып шыққан «Қазақ әдебиеті тарихының» екінші кітабы мен «Жетісу қазақтарының фольклоры» атты зерттеу еңбегінің және «Мстислав Удалойдың» аудармасы күні бүгінге дейін белгісіз қалып отырғанын жазады.
Қолжазбаны сақтау және жариялау мәселесі – әдебиеттану ғылымының міндетіне кіреді. Бұнымен айналысатын кәсіби мамандар бар. Біз осы саланың маманы болмасақ та тағдыр сыйы сияқты болып, Әуезовтің 50 томдық шығармалар жинағын құрастыруға қатыстық. Текстологиялық салыстырулар жүргізу барысында жазушының аталған қолжазба мұрасы негізгі нұсқаушы болды. Әуезов қолжазбалары: араб, латын, кирилл әрпінде (кейбір еңбектері аралас). Себебі белгілі. Жазушы алғаш хат таныған араб әрпіндегі машығын өмірінің соңына дейін пайдаланған екен. Мысалы, Индия очерктерінің жолжазбасын араб, кирилл әрпінде араластырып жазған. Қазақша жерлері араб әрпінде, орысша жазған кезде кирилл әрпінде. Араб әрпіндегі қолжазба (автограф), ал латын мен кирилл аралас: қолжазбасы, машинкада басылған нұсқалары да бар. Бұлар да қолжазба болып саналады.
Қолжазбаны сақтау – мәдениет! Әуезовтің қолжазба мұрасы, ең әуелі – жазушының кәсіби мәдениетін көрсетеді. Өз еңбегіне құрметпен қарау мәдениеті дегеніміз – салақтықпен мәңгі ымыраға келмейтін сапа. Тұлғалық қасиет деп саналады. Осы жерден тұлғатану мәселесі шығады. Сондықтан қолжазба – жазушының шығармашылық еңбегін жариялаудың негізгі нұсқасы ғана емес, нені айта алды, нелер айтылмай қалды, оның себебі не деген сұрақтарға жетелейді. Тарихи уақыт пен кеңістіктің біздің қолымыздағы айнасы дейміз. Айтпағымыз: әлдекімдер үшін ұсақ-түйек деп саналатын елеусіз жайттар болуы мүмкін. Біз олай дей алмадық. Жазушының (көрнекті тұлғалардың) киген киімі, тартқан темекісі, ішкен шарабы, жеген тамағы мен мінген машинасына дейін зерттейтін елдер бар. Демек, тұлға мұраты, арман-қиялы, ауызша айтқан сөзіне дейін назар аударылса, бұл ғылым болмаса да өнегелі өмірдің бір бұтағы ғой дегенге иландық.
Сонымен, 1956 жылдың қараша айларында Чехословакияға барған сапарының жазбалары қойын дәптерінде қолжазба күйінде қалды. 52 бет орысша автограф. Ал 1957 жылдың 10-30 тамызы аралығында Бейбітшілікті қорғау комитетінің жоспарымен атом және сутегі бомбасын қолдануға қарсы өткен халықаралық ІІІ конгрестің жұмысына қатысу үшін Жапонияда болған сапары да күнделік дәптерінде «өмір сүрді». 1960 жылы Америка Құрама Штаттарын айға жуық (16 ақпаннан 17 наурызға дейін) аралағандағы «Америка сапарының» жолжазбасы да толық жазылып, жарыққа шықпады. Әуезовтің тағы да қаншама дүниесі жазылмай қалды. Бәрін тізіп айтып жатпадық, білімді жұрттар біледі. Көзі тірісінде қайталап жарық көрмеген «Қилы заман», «Хан Кене» және аяқталмай қалған соңғы романы «Өскен өркен», т.т.
Жазылмай қалған жазбалар мен күнделіктердің тағдырына не себеп? 30 беттен асатын «Жапония күнделіктері» неге жазылмады? Жауап мынау: әкімшіл-әміршіл жүйе жазғызбаған деп топшылаймыз. Цензураның салқыны бар болуға тиіс. Себебі ядролық державалардың бірі ғана емес, бірегейі болған Кеңес өкіметі, сөз жүзінде ғана бейбітшілікті қорғайтын ел екенін тарих дәлелдеді. Іс жүзінде қарсы болмағанына Семей полигоны айғақ. Ал жазушы қайдан шыққан еді деу аздық етеді, ол Қазақстандағы «хиросима» мен «нагасакиде» дүниеге келген адам. Оның жан дауысы шығып кетуі мүмкін ғой! Белгілі әуезовтанушы ғалым, жазушының жиені Диар Асқарұлы Қонаев «Розговор в поезде» («Новое поколение», 27 қыркүйек 2019 жыл) деген мақаласында 50-шы жылдардың басында Әуезов пен Сәтбаевтың Москваға бара жатқанда, Семейдегі ядролық сынақтарының зардаптары туралы әңгімелесіп, қатты қапаланғанын деректерден алып, мол мәлімет келтірген. Осы сапар кезіндегі әңгімелерін сөз жүзінде қалдырмай, дер шағында академик И.В. Курчатовқа мәлімдепті. Бірақ оны біліп қалған Л.П. Берия екі қазақтың соңына түсіп береді (елуінші жылдары Әуезов пен Сәтбаевтың Москваға кетуін еске алыңыз). Ақыры, кезекті қуғын-сүргін аяқталып, көсем өлгеннен кейін, Курчатовқа бұл мәселені қайта қарап, аздаған нәтижелерге, атап айтсақ, Семейдегі ядролық сынақты жер үстінде ашық жасауды тоқтатып, жер асты сынақтарын жасатуға қол жеткізген қос тұлғаның еңбектерін айтады. Бұл 50-жылдардың басында болған оқиға. Сөйтсе де, мұндай тақырыптағы әңгіменің қауіптілігі Сталин мен Берия өлгеннен кейін де тоқтамаған, бірақ сәл болса да жұмсарған. Алайда, түбегейлі талап қоюға мүмкіндік аз, қара басың өлшеусіз пәлеге қалатын іс екенін кейінгі «Жапония күнделіктерінің» тағдыры дәлелдеп бергендей. Демек, жазушының жазылмай қалған жанайқайы, айтылып болса да ойында жүргенін аңдауға болады.
Автор «Жапония күнделігін» түгелдей дерлік араб әрпінде жазыпты (ішінара аздаған кирилл әрпінде жазылған жері кездеседі). Неден сақтанды? Жазушының шығармашылық өмірбаянына қарап отырсақ, алғашқы кезеңдер болмаса, кейінгі 1945-1960 жылдардағы дүниелерінің қолжазбалары негізінен кирилл әрпінде (қолжазбасы да, машинкада басылғаны да) екенін байқаймыз. «Жапония күнделігін» араб әрпінде жазғанда, орыстардың оқуынан сақтанған сияқты. Алайда, «өзіміздің» оқымыстылар бар ғой. Мазмұндап берген болуы керек. Сөйтіп, күнделік жабулы күйінде қалған. Жақсы, алпауыт елдердің сөз жүзіндегі астарлы саясаттарын жазбапты, мейлі Хиросима мен Нагасаки қасіретін тырнап, атом қарумен қаруланған державалардың былық-шылығын айтқызбады дейік, сонда бейбіт әңгіме: жапон елінің өнері мен тарихынан, болмысы мен табиғатынан, керек болса, тағамынан алған әсерін, жалпы саяхатнаманың жылы естеліктерін неге жазбады немесе жазғызбады?! Бұл – біз мәңгі жауабын таба алмайтын сұрақ.
Енді АҚШ туралы айтайық. «Америка әсерлері» жазылған. Оны диктовкамен жаздыруды бастағанымен, бірақ аяқталмады. Қайтыс болғаннан кейін «Қазақ әдебиеті» газетінің 1964 жылғы 8, 10, 17, 24 шілде айындағы сандарында жарияланады. Жазушының «Америка сапары» деп аталатын жолжазба 30 беттен асады. Оның шамамен он беті, Вашингтон мен Нью-Йорк сапары ғана жазылған. Қалғаны жазылмай қалды және кешігіп жазылған. Іркіліс болған. Әлде, кедергі келтірілген. Өйткені «Америка әсерлерінің» көзі тірісінде толық жазылып, жарық көрмегені күмән тудырады. Уақыт жеткілікті болған (1960 жылдың наурызынан 1961 жылдың маусымына дейін). Бұған «Өскен өркен» романын жазып жатты» дейтін уәждің басты себеп бола алмайтынын бағамдаудың уақыты келді. Әншейінде, бүгінгі жазғанын ертеңінде Орталық Комитет баспасөздері айқара, алғы беттеріне шығара қоятын әдеттерінен Америка сапарына келгенде неге немқұрайды бола қалды?! Бұл да бір жауабы қиын мәселе. Әрине, әртүрлі қисындауға болады. Одан не пайда? Факт – факт күйінде тұр.
Америка сапары кезінде түскен суретте барлығы сегіз адам бірге жүргенін көреміз. Соның екеуі белгісіз адамдар. Барлық құпияны соларға аударудан аулақпыз, әйтсе де олардың соншалық құпия болып қалғаны ғана түсініксіз. Бізге бұл екеуі маңызды емес, «Америка әсерлері» очеркінде жазылмаған, жолжазбасының қолжазбасында бар екі жайтқа іздеу саламыз. Сөзді бұлай қолдану біртүрлі болса да, солай дедік.
Солдан оңға қарай: О. Гончар, Леонид Леонов, белгісіз екі адам, С.Щипачев, Джон А. Бейкер кіші, Мұхтар Әуезов және Софья Кругерская.
Олар: Қожамбердиев Құдайберген және Мэрилин Монро.
«Сол күні Вашингтон қаласын араладық. Бұл өте жақсы қала. Бір үй бір үйіне ұқсамайды. Машиналары да сондай; мәңгіге қалатын тозбас тастан соғылған, аспанға жазылған, іргетасы тасқа қазылған жартас поэма (Эмпайер-Стайт Билдинг небоскребін айтып отыр, ол Америка ақ өлеңінің жолындай ең ұзын жолы деген әйгілі теңеуі бар); Кедейлер далада, пақта, жеміс тереді жалданып, әрқайсысының автомобилі бар. Әр адамның машинасы бар; Бұл қалада машина ғажап көп… бұнда да автомобиль жын атады; Көшіп жүретін әдемі үйлер бар терезелі – оларды жеңіл машина сүйретіп әкете алады; Ғажап розовый особняк… Үйлер екі этаж стильді сұлу үйлер… Әсіресе туалеттер тазалығы еріксіз сүйсіндіреді, алғыс айтқандайсың… Жаяу бұ қалада жоқ. Тек спортты ғана көресің; Ой қуатын айтқанда, Э.Хемингуэйдің «Старик и моредегі» шалы», – деп сүйсіне бағалаған, тамсанған, таңғалған жолдарды жолжазбадан көптеп келтіре беруге болады. Арасында, қатты айтқан, қасындағы орыс жазушысының (Леоновтің) мәдениетсіздігі мен мылжың сөздерін құптамаған кездері де бар. Сол сияқты өздеріне бірыңғай таптаурын сұрақтарды беретін американ журналистері мен білімі таяз студенттер, менменсіген алпауыт мінезді капиталистер, кейбір келеңсіз көріністерді мінеген жерлері де кездеседі. Қан қасап фильмдерді көріп отырған балалардың эмоцияларына (жер тепкілеп, ысқырып жатқан) жаны түршігіп, түңіліп кеткенін де оқимыз. Осындай балаларға арналған күндізгі сеанстарға билетті арзан бағасына сатып, қолдау көрсететініне таңғалғанын да жасыра алмайды. Ал Америкада Әуезовтің көрген фильмдері: «Джек Потрошитель», «Қырғын Жак», «Бен-Гур», «Бог создал женщину» (Бриджит Бардо ойнайтын екі кино көрдім деп жазған), «Сафайр», «Ведро крови», «Жизнь Христа», т.б. Кейбіріне өз ойын білдіріпті. Бірақ американ театрында көрген спектакльдердің көбіне көңілі толмайды. Кейбіріндегі актрисалардың ойынына сүйсінгенін де жазып қойған. Бұл өзі жеке тақырып, жазушының кино өнеріне қарым-қатынасы, оларға жасаған талдаулары мен бағалаулары әділет жолынан соншалықты ауытқып кетпейтініне мысалдар аз емес… Жоғарыдағы аталған фильмдердің көбі 50-ші жылдардың аяғы мен 60-шы жылдардың басында түсіріліп, премьералары енді-енді жүріп жатқан. Кеңестер Одағына прокатқа әлі де шыға қоймаған. Кейбіріне тіптен тыйым да салынған болуы мүмкін. Жалпы, Батыс киноларының көбі Одақта көрсетілмейтін, тек аздаған орыстарға «жаққан» режиссерлердің фильмдерінің ғана жолы ашылған. Оған кино тарихында көп дәлелдер бар. Сондықтан осы фильмдерді, соның ішіндегі атақты «Оскар» сыйлығының бірнеше номинациясын алған «Бен-Гурді» алғаш көрген қазақ Әуезов болатын деп сеніммен айта аламыз.
Сонымен қатар «Дисней-лендті» аралаған наурыздың 5-і күні кешке атақты американ драматургі Артур Миллерде қонақта болады. Бір жайтты да осы жерде айта кетейік. Осы сапардың бағдарламасында американың атақты жазушыларымен кездесу жоспары алдын ала жасалған. Тізімде – Артур Миллер, т.б. бар. Онда даңқты замандастары Уильям Фолкнер (өзімен түйдей жасты, өзінен бір жыл кейін өмірден өткен онымен әңгімелесе алмапты!) мен Джон Стейнбек те тұр. Бірақ кездесу болмаған...
Жазушы Артур туралы айтқан кезде «Әйелі атақты кинозвезда Мэрилин Монро» деп жазады. Жолжазбадан мысал келтірсек: «Жазушы Қазақстан, Алматы театры туралы жақсы түсінігі, хабары бар екенін айтты. Сұрақ берді, біздің театр туралы мен жауап бердім. Мен Гипсон пьесасы туралы сұрадым. Чаевскийді ол қатты сынады. Тұрған жайды ол дәл сол күйінде түсіреді – олқылық, шеберлік араласпайды дейді. Л. Хельманның жаңа пьесасы туралы 20 минуттан соң не болады, бәрі білініп қалады дейді. Сіздерде Хемингуэй неге қадірлі деп сұрап еді, Леонов ұзақ индивидуальный, субъективный, формалистический жауап берді. Оның соғысқа қарсылығы, жалпы адам үшін оптимизмі, өзге, біздің халық сүйетін сипаты туралы сұраққа дәл, кең жауап айтпады.
Өзі Лос-Анджелесты сүймейді екен. Бұндағы жайымыз қазақтың палаткасы, киіз үйі – тұрмысымыз Нью-Йоркте, мен сонда туғамын. Мұнда әйелім суретке түсу үшін келді, бірге келдім дейді. Ең жақсы көретін пьесаңыз не дегенге Софоклдың «Эдип» және «Гамлет» деді. Орыстың театрында реализмнен өзге ағым бар ма деді. Леонов Охлопков, Мейерхольд деп айтыңқырады. Реализм екенін мойындайды. Бертольд Брехты сіздер қалай бағалайсыздар деп сұрады», – деп жазылған.
А.Миллермен қанша уақыт әңгімелесті, бұл бізге маңызды емес. «Мұнда әйелім суретке түсу үшін келді» деп Артур айтып отыр, бірақ сол жерде Мэрилин Монро болды ма жоқ па, оны жазушы жазбаған. Олай да, бұлай да болуы мүмкін ғой. Әйтсе де, Әуезов отбасында болған кездегі әңгімесінде, қонақтарға Мэрилин Монроның шәй бергенін айтқаны туралы мәлімет бар. Ауызша жеткен бұл ақпарат қағазға жазылып қалмағандықтан, сенімді түрде шегелеп айтуға дәтіміз жетпеді. Мұндайға бұлтартпайтын дәйек керек. Жалпы, америкада фотоаппарат деген екінің бірінің қолында жүретін мүлік. Ал Артур мен Мэрилиннің әр басқан қадамын суретке тартып алатын арнайы фотографтары бар. Сонау Советтер Одағынан келіп отырған қонақтармен суретке түспеуі де мүмкін емес. Бұлар бірлесіп, әлбетте ішінде Мэрилин Монро да бар шығар, олай болмағанда, Артур Миллермен суретке түсуі мүмкін. Олардың отбасылық архивтерінде, әсіресе А.Миллердің мұрағатында сақталуы ғажап емес. Сол себепті, Мэрилин Монроны көзімен көрген жалғыз қазақ тағы да Әуезов болуы ықтимал немесе, керісінше. Сол күнгі американ баспасөздері мен жергілікті басылымдардағы хабарларды ақтарып және А.Миллердің жеке мұрағатынан іздесе деректері шығуы ықтимал. Іздеу салса, бар мен жоққа бір жауап табылады. Арнайы іс-сапармен Америкаға барып жүрген, тіптен сонда тұрып жатқан азаматтарға бұны анықтау қиындық туғызбайды. Әттең, жолымыз түссе ғой!
Әуезовке Америкада визит картасын берген қазақ
Қожамбердиев Құдайберген! «Америка әсерлері» очеркінде жазушы өзімен кездескен қазақ туралы ештеңе жазбаған және елге келгенде де ол жайында жұмған аузын ашпапты. Айтса, бір дерек қалар еді. Алайда, қазір әлеуметтік желіде бұл жайында өсіріңкіреп айтатын видеороликтер тарап жүр дейді. Қиял жақсы, дерек одан да жақсы. Сондықтан жолжазбадағы бір ғана мәлімет бойынша америкадағы қазақты іздеп отырмыз. (Ескерту: «Америка сапарының» қолжазбасының ішінде американдық ақын-жазушылар берген бірнеше визитка бар. Ағылшынша. Сондықтан Қожамбердиев Құдайберген қазақ емес, американдық болғандықтан, күдік тудырмаған болуы мүмкін. Олар ұлтына қарамайды...)
KodjomberdiewKoudaibergen.
189 South 9 th St.
Brooklyn 11,New York.Tel.EV. 4-0859.
Көріп отырсыздар, визиткасы. Басқа түк жоқ. 1960 жылдың 25 ақпаны күні Нью-Йоркте жүргенде, әлде кітапханада, әлде басқа бір жерде ме, ол жағы белгісіз, Әуезовтің қолына бір қандасымыз келіп, визитка ұстатып кеткен. Мүмкін біреу арқылы берілді. Қалай болғанда да адам таңғаларлық оқиға. Егер ол қазақты Әуезов өзі көрсе, ол қазақ Әуезовті көрсе, олардың арасында болған қасіретті сөзбен айту мүмкін емес шығар! Өйткені жағдай белгілі: жетіскеннен емес. Бір-бірімен қазақ болып тілдесе алмайды, визиткасын ол қазақ шақырып беріп отыр, қонақ бол деп. Ақыры, қалай болды. Жолжазбада қалды. Тас керең саясаттың қабырғасынан бір-біріне қол созған екі қазақтың жолына жасалған тарихи кедергілерді енді талдаудың керегі жоқ, бірақ осы визиткамен Қожамбердиев Құдайбергенді іздеп табуға не кедергі? Америкада жүрген қазақ аз емес, Елшілік те бар, осы мекенжай арқылы Нью-Йорктегі, қалай аталатынын білмейміз, біздегіше мекенжай анықтамасын беретін мекеменің архивін ақтарса, ол жайлы мәлімет шығады. Әрине, әлі де тірі жүрсе, тіпті тамаша (Әуезовке кездескенде жиырмадағы жігіт болса...), ал ұрпақтары бар екеніне күмән жоқ. Олар бір естелік айтуға тиіс. Өкінішке қарай, ол қазақпен Әуезов жолыға алмаған, өйткені қатаң кесте бойынша қайда бару, кімге жолығу керек, не ішіп, не жейді, жатынжайға дейін, т.т. алдын ала жасалып қойған және ол тәртіп мүлтіксіз сақталғанын растайтын құжат бар.
Бұған қосымша, үшінші: бізге белгісіз, айтылмай жазылмай жүрген, Америкадағы айдан астам сапары кезіндегі газеттер мен теледидарға берген сұхбаттары да осы жылдардың еншісіндегі мұрағаттарда жатыр. Тауып, жарыққа шығару артық болмас еді. Жазушы кейбір телеарнаға берген сұхбаттарының 10 минутқа дейін болғанын жазады және бірнеше жерде. Бұл дегеніміз – қыруар дүние! Ал газеттердегі сұхбаттарының жарияланғаны қанша екенін шамамен болжауға болады: көп емес, бірақ аз деп айта алмаймыз. Сонымен, әркімнің құлағына алтын сырға тағудан аулақпыз, ниетіміз – осы мақала ойтүрткі болсын деген мақсатты көздеп жазылды.
Ермек Қаныкейұлы,
«Әуезов үйі» ғылыми-мәдени
орталығының қызметкері, ф.ғ.