Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:10

Ауғанстан Пәкістанның Кабулға жасаған соққысы салдарынан қаза тапқандар 400 адамға жеткенін мәлімдеді

ауғанстан
Фото: Reuters

Ауғанстан үкіметі Пәкістанның Кабулдағы наркологиялық аурухана ғимаратына жасаған соққысы салдарынан 400 адам қаза тапқанын мәлімдеді. Бұл туралы Tolo News арнасы ел үкіметінің өкілі Хамдулла Фитратқа сілтеме жасап хабарлады.

Ресми мәліметке сәйкес, аталған соққы нәтижесінде тағы 250 адам жарақат алған.

Ал Пәкістан тарапы ауруханаға шабуыл жасалды деген айыптауларды жоққа шығарып, азаматтық нысандарға соққы жасалмағанын мәлімдеді. Атап айтқанда, Пәкістанның ақпарат және телерадио хабарларын тарату министрі Аттаулла Тарар X әлеуметтік желісінде «Салиқалы қаһар» деп аталған операция барысында тек «Талибанның» әскери нысандары нысанаға алынғанын айтты.

Оның сөзінше, Кабулдағы екі нысанда оқ-дәрі қоймалары мен техникалық қамтамасыз ету инфрақұрылымы жойылған.

 «Соққылардан кейін байқалған екінші реттік жарылыстар ірі оқ-дәрі қоймаларының болғанын анық көрсетеді», - деп жазды министр.

Жергілікті телеарналар таратқан видеоларда ғимараттың отқа оранғаны, ал қирандылар астынан қаза тапқандардың мәйіттері шығарылып жатқаны көрінеді.

Пәкістан мен Ауғанстан арасындағы кезекті шиеленіс 2026 жылдың ақпанында басталған еді. Пәкістан Қорғаныс министрлігі елдің 2021 жылдан бері Ауғанстанды басқарып отырған «Талибанға» қарсы «ашық соғыс» бастағанын және өңірдегі террористік топтардың лагерлеріне соққы жасағанын мәлімдеген.

Бұл әрекет ақпан айында Пәкістан астанасы Исламабадта, сондай-ақ елдің солтүстік-батысындағы Бажаур округі мен Банну қаласында болған терактілерге жауап ретінде түсіндірілді.

Өз кезегінде «Талибан» өкілі Забиһулла Мужахид Пәкістан әскери-әуе күштерінің соққыларына жауап ретінде Ауғанстан қарулы күштері шекарадағы Пәкістан бекеттеріне шабуыл жасағанын хабарлады.