Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:50, 16 Мамыр 2024

Ауылдың жағдайы түзелсе, демография да түзеледі

демография
Фото: из открытых источников

Қазақ үшін, мемлекет үшін қай кезде де үнемі талқыланып, үнемі қойылып тұру тиіс сауал болады. Ол, әрине, елдік, ұлттық, мемлекеттік мәселелер. Соның бірі – демография. Бүгін біз осы мәселе төңірегінде ой өрбітуді жөн көрдік. Соңғы жылдары Қазақстандағы демографиялық жағдай қалай өзгеруде?

Мемлекет жолға қойып отырған қандастар есебінен халық санын арттыру және бала тууды ынталандыру жөніндегі шаралар қаншалықты тиімді? Неліктен ел үшін шағын қалаларды дамыту маңызды және алдағы жылдары туу деңгейінің дүмпуін күту керек пе?! Бұл сауалымызға әлеуметтанушы Меруерт Молдабаева жауап берді. 

– Меруерт ханым, Қазақстанның демографиялық жағдайын қалай бағалайсыз?

– Соңғы бір-екі жылда халықтың өсімін ұлғайту бойынша оң бағытта күрт өзгерістер байқалды. Бала туудың өсуі, өлім-жітімнің төмендеуі және туу мен өлім-жітім арақатынасын жіктер болсақ, соңғы онжылдыққа қарағанда бала туу көрсеткіші биыл жоғары екенін байқаймыз. Негізінен 1991 жылдан бастап 2003 жылға дейін құлдырау байқалды. Әсіресе 1997, 1998 жылдары бала туу көрсеткіші төмендеді. Ал бүгінгі күнмен салыстырсақ, жағдайдың жақсарғанын байқаймыз. 2023 жылдан бастап бір отбасында орташа есеппен ел бойынша «бір жарым бала» туады. Яғни қандай да бір отбасында бес бала, қандай да бір отбасында бір бала болуы мүмкін. Осыған қарап, халықтың өсуі баяу болса да, байқалады. Қазір Қазақстан халқының саны 20 миллионнан астам. Өсу қарқыны мың адамға шаққанда 13 пайызды құрайды. Бұл бізде теріс сальдо жоқ екенін көрсетеді.

Қалай ойлайсыз, пандемия демографияға әсер етті ме?

– Негізінде қалалы жерлерде пандемия кезінде туу көрсеткіші аздап өскен. Бірақ пандемияда өлім-жітім саны да артты. Ал ол жылдары некеге отырғандардың саны аздап азайды, ал ажырасулар аздап өсті. Бірақ бұл кішігірім өзгерістер. Сондықтан пандемия кезі демографияға кері әсер еткен жоқ деуге негіз бар.

– Ал Ресей мен Украина арасындағы саяси соғыс біздің демографиямызға қалай ықпал етті?

Қазір Қазақстанға қоныс аударған ресейліктер бар. Негізінде мұндай әлеуметтік жағдайлар екінші дүниежүзілік соғыс кезінде де байқалды. Меніңше, ресейліктердің Қазақстанға келуінен немесе кетуінен демографиялық «бум» болды деп айта алмаймыз. Иә, шынымен де келушілер де болды, бірақ кеткендер де аз емес. Осы жерде айтарым, қандай да бір көрші елден көшіп келгендердің, уақытша қоныстанғандардың есебінен демографиялық дүмпу болмайды. Демографиялық «бумды» тудыратын біздің жергілікті халық. Әсіресе ауылдағы ағайын дер едім. Сондықтан үкімет ауылдағы халықтың жағдайын көтеруі керек. Ауыл халқының өзі айналысатын бизнесі, шағын кәсібі, өзін-өзі асырайтын әлеуеті болуы тиіс. Біздің діңгегіміз ауыл. Осыны ұмытпаған жөн. Көрші елдердің есебінен демографиялық саясат өспейді. Ауылдың халқы, жергілікті халық адам санының өсуіне ықпал етеді. Бұл ретте елдің әлеуметтік жағдайын көтеру, ауылдық жерлерді дамыту, ішкі көші-қонды түзеу өзекті мәселе.

– Ішкі көші-қон демекші, қазір үкімет бұған байланысты біршама бағдарламаларды қолға алуда. Мұндай бағдарламалар ұтымды ма?!

Сауатты жоспарласа мұндай бағдарламалардың ұтымды тұстары бар. Мысалы, қазір ауылға баратын жас мамандарға гранттар ұсынылып жатыр. Сол ауылда тұрақтап қалса баспана алуына қаражат беріледі. Тапшы мамандар ауылға барса миллиондап қаражаттар ұсынылуда. Әсіресе медицина саласына қатысты мұндай ұсыныстар баршылық. Бұдан бөлек, Солтүстік өңірлерге халықты қоныстандыру мәселесі де көтеріліп жатыр. Бұл да сол өңірлердің өсу көрсеткішіне ықпал ететін жол. Негізінде, біздің ойымызша, үлкен қалада өмір сүру бедел. Егер мұндай түсінікпен жұрттың бәрі үлкен қалаларға қоныстана беретін болса, олардың барлығына инфрақұрылым, колледждер, институттар, абаттандырылған пәтерлер қайдан табылады?! Сондықтан ішкі көші-қон саясатына сауаттылық керек.

Ауыл тұрғындарының барлығы Түркістанға, Алматыға, Астанаға барғысы келеді. Бұл арада демографиялық бағдарламалар жұмыс істеуі керек. БҰҰ-да осы тақырып бойынша мыңдаған құжаттар бар, бірақ біздің шенеуніктер осы бағдарламаларды жасаған кезде бұл құжаттарды зерттемейді. Біз ауыл тұрғындары мен шағын қалалардың мәселелерін шешкен кезде ғана демография мәселелерін шешеміз. Осыны ұмытпаған жөн. Демографиялық саясатты нықтау үшін ішкі көші-қон жүйесі оңтайлануы керек. Халықты сауатты қоныстандырғанда мәселе де шешіле береді.

Қ.Сайлау

Тегтер: