Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:19, 08 Маусым 2022

Ауылды «ҚОРАҒА» тыққандардың ұяты қашан оянады?!

None
None

2001 жылы елде «Аграрлық несие корпорациясы» құрылды. Алғаш құрылған сәтте «ауылға арзан несие жеткізеді, шаруалардың кәсібін дөңгелетуге бірден-бір септігін тигізеді, өркениетке жетелейді», деген жарнамасы жер жарған бұл корпорацияның  бүгінде бітірген ісі ауыз толтырып, мақтанарлықтай емес.

«ҚазАгро» холдингі жабылғаннан кейін, «Байтерек» холдингінің қол астына өткен «Аграрлық несие корпорациясы» жуырда 2021 жылдың қорытындысын жариялады. Ең қызығы, корпорацияның таза кірісі екі есеге азайып, басшылары алған бонустар екі есеге көбейіпті.

Аграрлық несие корпорациясы 2021 жылы активтерінің көлемін 806,4 миллиард теңгеге арттырды. Міндеттемелері 535,8 миллиард теңге болды. Фермерлерге кредит беруден түскен таза проценттік кіріс 68,9 миллиард теңгеге жетті. Ал таза табысы 8,7 миллиард теңге (2020 жылы компанияның таза табысы 18,6 миллиард теңге болған-ды).

Сөйтіп, аталмыш корпорацияның өткен жылғы табысы 2020 жылмен салыстырғанда, тым аз болса да директорлар кеңесі мен басқарма мүшелеріне төленетін сыйақы, 132 миллион теңгеден 229,5 миллион теңгеге дейін өсіпті. Бір қызығы, корпорацияның қарапайым қызметкерлерге төлейтін жалақысы өспеген. Есесіне, «Аграрлық несие корпорациясының» проблемалық кредиттері өсіп барады. 2021 жылдың қорытындысы бойынша заңды тұлғаларға берілген проблемалық несиелердің  жалпы құны 304,2 млрд теңгеге жеткен, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 1,8 есеге жоғары.  

          Жалпы осы «Аграрлық несие корпорациясы» құрылғалы бері 20 жылдан асты. Бірақ корпорация арқылы «ауылды дамытып, шаруалардың жағдайын 100 пайызға жақсарта алдық», деп тағы айта алмаймыз. Неге бұлай?! Бізде сонша үміт артып, үкілеген бағдарламалар, компаниялар, корпорациялар неліктен үмітті ақтамайды?! Мүмкін осы салаларды басқарып отырған топ-менеджерлердің білімі, өресі жетпейтін шығар, деп те ойланып көрдік.

          Бірақ басқаны қайдам, осы «Агронесие корпорациясының» маңына біздің билік әу баста білімділерді «топтастырамыз» деген болатын-ды. «Бәйтерек» холдингінің құрамына кіретін аталмыш корпорацияның директорлар кеңесінің құрамына Dinkelaker Jorg Andreas, Вячеслав Сон, Weinstein Michael сынды шетелдік мамандар да тартылған. Бірақ корпорацияның қазіргі жағдайына қарап, «шетелдік мамандар тәжірибесі бізді жарылқамайды, олар тек Қазақстанның қаражатын пайдаланып, жоғары жалақы алу үшін ғана келеді», дейтін сала мамандарының сөздері шындыққа жанасатын сыңайлы. 

Мамандардың пайымынша, алдағы уақытта үкімет ауыл шаруашылығына қатысты сауатты  шешімдерді дереу қолға алуы керек.  Бұл ретте, экономист-ғалым, Бейсенбек Зиябеков:  

— Болашақта  халықты ауыл асырайтын болады. Біз 1998 жылдары жекешелендіру кезінде мұны толық ұғына алмадық. Сол кезде шаруаның қолына жеке-жеке мал бердік те «өз күніңді өзің көр», дедік. Міне, сол кезде бізді ауылдық жерлерде шағын кластерлер жасақтау, сол кластерлер арқылы дайын өнім өндіруге қол жеткізу қызықтырмады. Алғаш жекешелендіру тұсында шаруаның қолына мал беріп тұрып, «ертең сен осы малды етке өткізесің, сол арқылы елдегі ет комбинаттарын етпен қамтамасыз етесің, олар өнім шығарады», деп бағыттағанда, қазір жағдайымыз анағұрлым жақсы болар еді. Рас, елде ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында бірқатар компаниялар, холдингтер, корпорациялар құрылды. Бірақ олардың барлығы ауылдарға арзан несие жүйесін апара алмады. Ауылдағы шаруа мемлекеттік қолдауды нақты сезіне алмады. Ендігі кезекте осы жайттарды шешпесек, тек астық экспорттаудан ұтпайтынымыз белгілі. Болашақта дағдарыстан ұтыспен шыққымыз келсе, агросаясатты жүйелі, сауатты ету керек, — дейді.

    Негізінде, қазір ауылдағы ағайынның басым бөлігі жанын жегідей жеген жоқшылықтың мұңын айтып, безек қағады. Көбісінде жұмыс жоқ, қарызға белшеден батқан. Тіпті қолындағы қарақұрым мал басын да сол қарызды өтеу үшін сатуға мәжбүр. Бұған қатысты сала мамандарының есебінше, еліміздегі ауылдық жерде тұратын әр отбасының мойнында, жоқ дегенде, 900 мың теңге несие бар екен. Қазақстан халқының 41 пайызы ауылдық аймақтарда тұратынын ескерсек, ауыл халқының  бұлайша қарызға батуы экономикамызға төнген үлкен қауіп екенін аңғара беруге болады. Бұл реттеқаржыгер Арман Мусиннің айтуынша, орта есеппен, ауылдағы әр үйдің табысы – 81 мың теңге, әр адам басына шаққанда 23 мың теңгеден келеді. Әр отбасының мойнында, орта есеппен 900 мың теңге кредит бар. Қазір ауылдық жерлерде жеке тұлғалардың қарызынан бөлек, фермерлердің банктерге қарызын қайтара алмау мәселесі белең алған.  

– Шаруалар несие аларда үлкен тәуекелге барады. Мысалы, олардың біразы егіннен түсетін пайдаға сеніп, несие рәсімдейді. Ал күз айында егіні бітік шықпаса, несиелерін өтей алмай, қиналады. Шаруалардың енді бірі сатылатын мал басына сенеді. Несиені қайтаратын уақытта малдың құны арзандап кетсе, тағы да ұтылады. Сондықтан өз басым, шаруаларға мемлекет тарапынан берілетін несие пайызын төмендету керек деп есептеймін, – дейді қаржыгер.

          Маманның пайымдауынша, біздегі ауылға арзан несие апару жобалары асқан науқаншылдыққа салынып кетті. «Біз бір бастаманы бастарда алаулатып-жалаулатып, әсірелеп кетеміз», дейді маман. Осының салдарынан,  ауылдағы шаруалар, жеке тұлғалар кезінде несиені тегін бергендей, тұтынып алып, енді «несіне неге алдым», деп аҺ ұрып отыр.

– «Агронесие» корпорациясы арқылы бірлестіктерге берілген несиелердің көлемі мардымсыз. Несиелер небәрі 30-35 жобаны ғана қаржыландырады. Израильде бір ғана сүт өндірісін дамыту үшін жыл сайын біздің ақшамен есептегенде 9,8 млрд теңге бөлінеді. Ал ет өндірісін дамыту үшін еврей ағайындар жылына 21 млрд теңге бөледі. Бұл біздегіден он жеті есе жоғары көрсеткіш, – дейді Арман Мусин.

          Негізінде, біз ауылдағы мәселелерді шешу бойынша 2001 жылдан бастап, біраз шаруа атқарыппыз. Олардың көпшілігі моноқалаларды, ауыл шаруашылығы аймағын дамытуға бағытталды. Бұл бағыттар бойынша соңғы бес жылда 2 триллионға жуық қомақты ақша бөлінген.  Бірақ осыншама қаржы бөліне тұра, экономикасы дамып, өркендеп кеткен ауылдардың саны да, сапы да тым аз. Тіпті жоқтың қасы деуге болады. Мысалы, бір ғана жайылымдық жер мәселесін шеше алмауымыздың өзі қаншама проблемалармен бетпе-бет келтіріп отыр. Елімізде 282 млн гектардан астам жайылымдық жер бар. Қынжылтатыны, сол көлемді жайылымдық жердің 30 пайызын ғана ұқсатып отырмыз. Екінші бір мәселе,  елімізде барлығы 175 аудан болса, соның ішінде 72 аудан дамуы жағынан кенжелеп қалған. Міне, осы дамуы артта қалған ауыл-аймақтардың мәселесі де бүгінде жабулы күйінде қалып барады.

Жалпы біздегі «ауылдың еңсесін тіктейді, ауылдағы шаруаның қолына қаражат ұсынады», деген корпорациялар мен холдингтердің сиқы әлгіндей. Ақиқатында, мұндай компаниялар дамытқан жоқ, керісінше, «қораға» тығып, қарызға батырып, ауылдағы ағайынды сансыратып қойды. Ал бұл компаниялардың басы-қасында отырған басшылар өздері тоқсан сайын сыйақы мен бонус алып, сән-салтанатпен өмір сүруде. Сонда олардың ұяттары қашан оянады?! Ауылдағы ағайынның мүшкіл хәлі кімді алаңдатады?! Қабырғасы қақырап, іргесі тоқыраған қазақ ауылдары өркениетке қашан жетеді? Болашақта «Жаңа Қазақстан» құруға талпынып жүрген Смайылов үкіметі осы мәселелерді шеше ала ма?!  Әлде мұны да уақыт таразысына салып, «сәті түскенде бәрі жақсарар», деумен тағы бір 30 жылды өткереміз бе?!

Тегтер: