Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
20:00, 18 Қаңтар 2024

Автобус апаты. Досаев себеппен де, салдармен де күреспейді

автобус
Фото: из открытых источников

Алматы қаласы Қалқаман ықшам ауданындағы аялдамада болған жантүршігерлік оқиға әлі есімізден шыға қойған жоқ.

Осы оқиғадан кейін Алматыдағы қоғамдық көлік мәселесінің оңды шешілмегені туралы, жолаушылардың қауіпсіздігі әлі де өзекті екені жөнінде жиі айтыла бастады. Алматы қаласы полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек 2023 жылы қалада қоғамдық көліктерге байланысты 407 жол-көлік оқиғасы тіркелген, 541 адам жараланып, бес адам қаза тапқан. Сонымен Алматыдағы қоғамдық көліктерде нақты қандай мәселелер әлі шешімін таппай келеді, автобустардың жиілігі, сыйымдылығы қалай? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын іздеп, қоғамдық көліктермен жүріп көрдік.

12 қаңтар, кешқұрым. Өткен жылдың аяғында жол апаты болған Қалқаман ықшам ауданындағы аялдамаға келдік. Адам ығы-жығы, автобустардың бірі екпіндеп келіп тоқтайды, енді бірі ышқына қозғалады. Келе жатқан көліктің алдынан топ адам кес-кестеп шығады. Енді біреулер жолдың екінші, тіпті үшінші жолағына дейін шығып, жолай такси ұстауға әрекеттеніп жатыр. Онсыз да қала жақтан іші толып келген автобус мұнда келгенде аузы-мұрнынан шығады. Адамдар ішке қарай ұмтылып, қалай да кіруге жанталасады. Бірақ біреулер сыймай кері қайтады. Тағы бір автобус келеді, жолаушылар қайта ұмтылады. Жол бойы сірескен кептеліс. Біз тұрған жиырма минутта мұнда оншақты автобус келді, көбісінің іші толы, арасында Алматыға жақын ауылдарға қатынайтын «ГАЗельдер» де жүр. Тым ескі, салдыр-салақ бұл көлік түріне де жолаушылар таласа-тармаса мініп жатыр, сыймай жатыр.

Аялдамадағы жолаушылардың көбі автобустардың уақтылы келмейтінін, кейбір маршруттарды тым ұзақ күтетіндерін айтады. Енді осы түйткілге зер салып көрейік.

Негізі Алматыда 109 бағытқа жолаушы таситын автобусты 14 жеке мекеме басқарады. Әр мекемеге қарасты маршруттың саны да әртүрлі, мысалы, 56 бағытқа жүретін автобустарды «Алматы Электро транс» мекемесі басқарса, бір ғана бағыттағы автобусты басқаратын «Кийкбай», «Самат Транс» секілді мекемелер де бар. Жолаушыларға қолайлы болуы үшін мобильді қосымшалар қосылған-ды. Соның бірі – CityBus қосымшасы. Аталған қосымша арқылы өзіңізге керекті автобустың қайда келе жатқанын, алдыңғы автобус қайда барғанын біле аласыз, алайда сіз тұрған аялдамаға қанша уақытта келетінін анықтай алмайды. Бұдан бөлек Оңай, 2гис, Яндекс сияқты қосымшалар бар, біз жалпыға бірдей түсінікті 2Gis қосымшасын пайдалануды жөн көрдік.

15 қаңтар таңғы сағат 8:07. Наурызбай ауданындағы Alma City-5 ықшам ауданының аялдамасында тұрмыз. Күн едәуір суық, аялдаманың алды ашық, ызғырық жел бет қаратпайды, адамдар негізінен аялдаманың артын ықтап тұр. Бағытымыз – «Алтын Орда», мобильді қосымшада №67 (әр 9 минут сайын), №31 (әр 15 минут сайын, №11 (әр 15 минут сайын) автобустар жүреді деп көрсетілген. Біз ең тез делінген №67 автобусты күтуді жөн көрдік, сөйтіп №31 автобусты өткіздік, міне, №11 автобус та келді, оны да жібердік, бірақ №67 автобус жоқ. Аялдамада адам қарасы көбейді, сағат 8:22 кетті, ақыры «9 минутта келеді» деген автобусты 15 минут күтіп, №31 автобусға отырдық. Екі аялдамадан соң «Барлық» базарының шығыс жақ есігіне жақын жердегі «Алтын орда» аялдамасына жеттік. Есік сарт етіп ашылды, алдыңғы естіктен шығуға қамдана беріп едік, сырттан жолаушылар лап қойды, іштен «әй, қайда асығасың, біз шығып алайық» деген айғай естілді, іле-шала сырттан: «шықпайсың ба енді, не қарап тұрсың» деген жауап естілді. Автобус аялдамаға жетпей тоқтапты, түнде жауған қар адам аяғымен еріп, табан асты аяқ басы көмілетіндей суға айналыпты, біреулер аттап, енді біреулер кешіп өтіп жатыр.

Аялдаманың төңірегі толған адам. Автобустар көз көрім жерге дейін созыла тізіліп тұр. Әркім өзіне қажетті көліктің қарасы көрінгенде маңындағы адамды қағып-соғып, соғып ұмтылады. Қайшыласқан, иін тірескен автобус арасына кейде такси келіп кіреді.

Ендігі бағыт – Қалқаман ықшам ауданындағы №7 аурухананың аялдамасы. «Алтын Ордадан» ол жаққа баратын қоғамдық көліктің саны көп, алдымен келген №100 автобусқа отырып, жетіп алдық. Мұнда да қайшыласқан адам, әдеттегідей такси мен автобус араласып кеткен. Аялдама шетінде темекі тартып тұрған ер адам, шылымының тұқылын жерге тастай салып, автобусқа қарай жүгірді. Оның артынан аялдама айналасын тазалап жүрген ер кісі «темекі неге тастайсың?!» деп айғай салды, көлік шуылы оның дауысын естірткен жоқ. Сосын қасында тұрған мені көріп: «дайын қоқыс шелегіне тастамайды» деді күңкілдеп.

Аялдамада жиырма минуттай автобустардың келу жиілігін салыстырдық, көбі мобильді қосымша көрсеткен уақыттан кешігіп жатты. Бірінің артынан бірі келетіндері де бар. Орташа есеппен 7-8 минут, ең қатты кешіккені 15 минут. Біз 7 минуттай кешіккен №11 автобусқа мініп «Саяхатқа» беттедік. 2Gis қосымшасы 26 минуттан соң Райымбек-Назарбаев қиылысындағы аялдамада болатынымызды көрсетті. Бірақ ахуал мүлде олай болған жоқ, біз мимырттап жүріп отырып 26 минутта Райымбек-Тілендиев қиылысына әзер жеттік. Автобус іші ыстық, жолаушылар сығылысып әрең тұр. Түпкі жақтан әлдебіреулердің «кредитті бүгін жап» деп телефонда сөйлескен дауысы естіледі. Одан соң бір қарт кісі сырттан кіріп келіп: «жастар өтірік ұйықтамай үлкендерге орын беріңдер» деп жекіді. Бір қызығы осының бәріне көп ешкім селт етпейді, бәрі көндіккен, еттері өліп кеткен сыңайлы. Бір жас жігіт кіріп өзін «волонтермін» деп таныстырды. Үш жасар қыздың еміне көмек сұрап жүр, бір-екі адам сылбыр қимылдап, садақа жәшігіне қол созды. Екі аялдамадан соң дәл осындай тағы бір волонтер автобусқа мінді, ол да кішкентай балаға көмек сұрады... Бізге тосын көрінген тағы бір жайт – жол бойы ешбір бақылаушы жолаушылардың билет алған алмағанын тексермеді.

Сөйтіп, 9:39-да, мобильді қосымша көрсеткен уақыттан 23 минут кешігіп, Райымбек-Назарбаев аялдамасына жеттік.

...Екі күн қоғамдық көлікте жүрдік. Сонда екі түрлі түйткіл бізді еріксіз ойландырды. Біріншісі, Алматыдағы жол қозғалысы, қоғамдық көлік мәселесінің асқынып кеткені. Екіншісі, осындай әлеуметтік мәселелердің жолаушылардың жүйкесіне әсер ете бастағаны.

Әлеуметтанушы Құралай Қантаева Қалқамандағы жол көлік оқиғасы біраз қордаланған мәселелердің бетін ашып бергенін айтады.

– Қалқаманда болған жол апатына қатысты бірнеше түйткілді атауға болады. Біріншіден, қауіпсіз аялдамалардың болмауы. Қала маңында тұратын елді мекендердегі жолаушылар осы қауіпсіз аялдаманың болмауынан жолға шығып, көлік тоқтатып жатады, мұның астарында инфрақұрылымның дұрыс жоспарланбауы, автотұрақтардың аз болуы сияқты проблемалар жатыр. Екіншіден, жолаушыларда ақпараттық білімнің жоқтығы. Осының салдарынан жолаушылар жол жүру ережелерін сақтамайды немесе немқұрайды қарайды, ал оның аяғы қайғылы жағдайға ұрындырып жатады. Егер полиция қызметкері жол жүру ережелерін насихаттап, тұрғындарға тұрақты түрде ақпарат беріп тұрса, мұның алдын алуға болады. Үшіншіден, жолды жарықтандыру мәселесі. Әсіресе түнде мардымсыз жарық жанған жолдарда жүргізуші жол шетіндегі көлікті, адамды көрмей қалып қағып кетуі мүмкін. Төртіншіден, жүргізушілердің кәсіби біліктілігінің төмендігі. Біз әдетте қоғамдық көлік жүргізушілерінің ережелерді сақтамағанын, көлік жүргізіп келе жатып телефонға қарайтынын немесе музыка тыңдайтынын үнемі айтамыз. Тіпті жолаушылармен арақатынас сақтамау, басқа көлік транспортына кедергі жасау сияқты өркескел жағдайларды да көріп жүрміз. Жалпы жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігі үшін автобустардағы бейнеқабылау камераларының рөлі өте зор. Ал бізде көптеген қоғамдық көліктер камерамен қамтамасыз етілмеген немесе ескірген. Міне, осы проблемаларды шешу үшін жан-жақты ойластырылған кешенді жоспар дайындалуы тиіс. Қорыта айтқанда, мәселенің салдарымен ғана емес, себебімен күрескен абзал.

Қалқамандағы жол апатынан кейін де қаладағы қоғамдық көлік мәселесі арнайы қаралып жатпағанға ұқсайды. Алматы қаласы әкімдігі ақпарат көздерінде түрлі тыңдаулар өткізіліп, ұсыныстар талқыланып жатқаны айтылғанмен, нақты бір өзгеріс бола қоярдай қауырт қимыл байқалмайды. Ал қалада жолаушы таситын ««Алматы Электро транс», «Алматы транском» секілді автобус мекемелері біздің сұрауымыздан ат тонын ала қашты. Көбі қоңырауымызға жауап бермеді. Осыған қарап, бұл мәселенің себебімен емес, салдарымен күресуді де Алматы әкімдігі әлі бастамағандай әсер қалдырады. Әлде қала әкімі Ерболат Досаев та журналист Гүлжан Ерғалиева сияқты қала сыртындағы тұрғындарды «егеуқұйрық сияқты, білімсіз, азғын, топас, ашушаң адамдар» деген қорытынды шығарып қойып, оларды қалаға кіргізбей қойғаннан басқа амал жоқ деп жүр ме екен?..

Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ