Автокөлікті міндетті сақтандырудың жаңа тарифі бекітілді
2024 жылдан бастап автокөлікті міндетті сақтандыру құны өзгереді
Соңғы өзгерістер бойынша, автокөлікті сақтандыру құнына көлік құралы тіркелген өңірдегі апатты жағдайлар деңгейі ықпал ететін болады, деп хабарлайды Zhasalash.kz.
Қаржы нарығын дамыту агенттігі хабарлағандай, өңірде апатты оқиғалар аз болған сайын сақтандыру компаниясы аз төлем жасайды және тиісінше сақтандыру тарифі де азырақ болады.
Бүгінде автокөліктерді сақтандыру сыйлықақысының мөлшерін айқындау кезінде жүргізушінің жасы мен көлік жүргізу тәжірибесі, автокөліктің типі, оны пайдалану мерзімі, автомобильдің тіркелген өңірі мен жүргізушінің апат жасау жағдайлары есепке алынады. Сондай-ақ жүргізушінің тәртібі үшін жеңілдіктер немесе үстемеақылар тағайындалады.
«Автокөлікті сақтандыру құнын анықтаудың жаңа тәртібі өңірдегі апаттылық деңгейіне қарай оларға түзету коэффициенттерін қолдану арқылы көлік құралы тіркелген өңірдің өлшемін түзетуді көздейді. Түзету коэффициенттері Сақтандыру жөніндегі бірыңғай дерекқордағы автоматтандырылған есептеу арқылы жыл сайын айқындалатын болады. Бұл ретте барлық қолданыстағы өзге де өлшемшарттар, оның ішінде көлік жүргізу тарихы сақталады», - деді агенттік өкілдері.
Алдын ала болжам бойынша еліміздің 11 өңірінде автокөлікті сақтандыру құны төмендейді (мысалы, Алматы қ. 18%-ға, Атырау облысында 29%-ға), 7 өңірде сақтандыру құны артады (мысалы, Астана қ. 5%-ға, Шымкент қ. 9%-ға), Қарағанды және Ұлытау облыстарында – сақтандыру құны өзгеріссіз қалады деп күтілуде.
Сақтандыру ұйымдары түзету коэффициенттерін жылына бір рет +/-10%-ға арттыруға немесе азайтуға құқылы.