Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:15

Авторлық құқықты білмейтін Әділет министрі мен Үшқоңырдағы коттедждер

Мәжілісі
Фото: Мәжіліс

Мәжілістен репортаж

 Апта басында ғана алиментін төлей алмай жүргендердің статистикасын баяндап кеткен еді. Сол күні не депутаттарға жөнді жауап бере алмай, не айтқан ескертуді дұрыс қабылдай алмай, өзі әбден сасып, жұртты күлкіге қарық қылған. Осы жолы қағазынан бас алмай оқып тұрса да жеме-жемге келгенде айтылған мәселеден бейхабар екенін ашық мойындауына тура келді. 

Апта ортасында мәжіліске қайта айналып келген әділет министрі зияткерлік меншік мәселелері туралы түзетулерді тізіп берген. Бір қарағанда қарапайым көрінетін заң мәтінін оқып бергеннен кейін, мәселе талқылауға түскен шақта қойылған сұраққа жауап бере алмай қалғаны қиын болды.

Министр авторлық қоғамдағы ақша жымқырудан бейхабар

Мәселен, депутат Бақытжан Базарбектің айтуынша, 2023 жылғы ресми мәліметте еліміздегі авторлық қоғамдар 1,5 млрд теңге жинаған. Сол жиналған қаражаттан авторлық қоғамдар авторларға 1,2 млрд теңгесін таратып берген. Ал авторлардың өздері небәрі 587 млн теңге алғанын айтқан. Бұл дегеніңіз – бар қаражаттың 30%-ы ғана. Ал заң бойынша оларға 70%-ы таратылуы керек. Сонда 700 млн-нан 1 млрд теңгеге дейінгі қаражат авторлық қоғамдардың басшыларының қалтасына кеткен деген сөз. Неге осы деректер тексерілмейді? Неге қылмыстық істер қозғалмайды?

Министрдің өзі де осыған таңғалатынын айтты. Сөзіне қарағанда, нақ кешегі күнгі есеп бойынша сол қалыптасқан дағды өзгермей отыр. Мәселен, 2024 жылы да сондай жағдай болып, 1,7 млрд теңге жиналса, соның 1,2 млрд теңгесі авторларға үлестірілген. Бірақ шындап келгенде төленгені 920 млн теңге. Бұл барлық жиналған қаражаттың 53%-ы ғана.

«Шынайы картинаны ешкім айта алмайды. Өйткені нарықтың нақты көлемі беймәлім. Сондықтан мемлекет жиналып жатқан қаражаттың көлемін көріп отыратындай етіп саланы цифрландыру керек. Сосын авторлар да қоғаммен арадағы келісімін цифрлық құжатпен рәсімдеуі қажет. Сонда ғана мемлекет келісімшарттың орындалуын нақты бақылай алады», – дейді Сәрсембаев.

Негізі мұндай жағдайда материалдар бақылаушы органдарға тапсырылуы керек. Сосын олар әрі қарай тексеруге алып, құқықтық баға береді. Тек осы шаруаны министрлік неге баяулатып отыр десек, депутат айтқан деректерді министрдің өзі сол күні ғана алған екен. Мәжіліске бармаса, нарықтағы бұл жағдай сол бұлыңғыр күйі қала берер ме еді?!

Авторлық қоғам былығы мәжілісте қызу талқыланатын тағы бір себебі, мұнда аты дардай әншілеріміздің құқығына сын сағаты төніп тұр екен. Депутат Олжас Құсбековтің айтуынша, тіпті Роза Рымбаеваның өзі өнері үшін тиесілі ақысынан қағылып отыр. Депутатқа салсақ, «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» заңның 16-бабына сәйкес, авторлар мен басқа да құқық иеленушілер шығармаларды әрбір пайдалану түрі үшін сыйақы алуға құқылы. Алайда біздің заңнамада авторлар мен орындаушылардың авторлық және сабақтас құқық объектілерін қайта таратуға қатысты мүліктік құқықтары қарастырылмаған. Мысалы, Роза Рымбаеваның әндері таратылады, бірақ қолданыстағы заңнама оның әндерінің қайта таратылуы үшін төлемдер мен сыйақы қарастырмайды. Демек, бұл оның құқығын бұзады.

Қызды-қыздымен тап сол авторлардың өзі депутаттардың өз арасынан да шыға келді. Әріптесінің сөзінен от алған Ерлан Стамбеков өзінің де сондай хоббиі бар екенін, өзі де автор екенін айта келе, авторлық қоғамдардағы ақша жымқырудың қаншалықты ушығып кеткенін көріп, көзі атыздай болғанын жасырмады.

«Бір қызығы, халық көлік пен пәтер секілді мүліктерін заңдастыруға келгенде мемлекеттік органдарға барып тіркейді. Ал авторлық дүниелерін тіркеткісі келсе, авторлық қоғамдарға жүгінеді. Алайда олар 30 жылдан бері ең басты нәрсені қамтамасыз ете алмаған. Әділ де жариялы жүйені қалыптастыра алмаған», – дейді депутат.

Ал министрді бұл жолы мықтап тығырыққа тіреген «Ауыл» фракциясының жетекшісі Анас Баққожаев болды. Партия мүшелері саналатын аграрлық ғалымдардың басындағы түйткілді айтқан депутат министрге нақты сауалын қойғанда Ерлан Жақсылықұлы жағдайдан мүлде бейхабар болып шықты. Қанша жерден тиіп-қашып жауап беріп, өтіп кеткісі келгенмен, қиын сәттен сытылып кетуге еш мүмкіндік болмаған сияқты. Ғалымдардың жылдап жасаған ғылыми еңбегін өзгелердің лайықты ақысын төлемей, емін-еркін пайдаланып отырғанын білмейтінін амалсыз ашық мойындауға тура келді.

Депутаттың айтуынша, етті Меринос тұқымының 8 авторы әлі күнге бір тиын алмаған. Өсімдік шаруашылығында да осында бір тиын пайдасын көре алмай жүргендер жетіп артылады.

«Мысалы, бір ғалымның өнімін сатқан институт 100 млн теңгеден аса кіріс тапқан. Енді автор 10 млн теңге алуға құқылы, бірақ төлегені 500-ақ мың теңге. Соны көріп отырған қасындағы балалары, інілері, жас әріптестері ертең «зияткерлік еңбек осылай бағаланатын болса, не үшін істеуім керек» деп шетел аспай ма? Соған байланысты аграрлық саладағы бүкіл ғалымның жағдайын зерделеп шығуға министрлік дайын ба?»

Депутаттың бұл сұрағына министр енді ғана кіріскелі жатқандарын айтып, жылы жаба қойды.

Депутаттар ұлттық парктегі коттедждерге ашулы

Мәжілістің жалпы отырысында сөз болған тағы бір мәселе – орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері туралы еді.

Ермұрат Бапидың айтуынша, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар дегенде, әсіресе Алматы қаласының Алатау жағынан қоршап тұрған Іле Алатауы ұлттық паркі еске түседі. Осы ұлттық парктің біраз жерін Ескі Қазақстанның өкілдері тілімдеп-тілімдеп меншіктеп алған.

«Нақты аты-жөндерін атамайын, «Ескі Қазақстан» дегенде кімді атап отырғанымыз халықтың бәріне белгілі. Оның ішінде олигархтар, туған-туысқандары бар. Осы ұлттық парктен алынған сол жерлер қайтарылып бітті ме? Мәселен, Үшқоңыр, Көкжайлау, Бутаков шатқалы, Шымбұлақ шатқалы, ондағы заңсыз салынған коттедждер мен виллаларды қайтару мәселесі қалай жүріп жатыр?» – деп сұрады.

Бұл сұраққа Экология және табиғи ресурстар министрлігінің вице-министрі Нұркен Шәрбиев жауап беріп, егер заңсыз берілген жерлер болса, оны бірден сотқа беріп, тәркілейтіндерін айтады. Бірақ сол ұлттық парктердің ішінде бұрыннан тұрып жатқан жекеменшік иелері де бар екенін, сондықтан олардан әкімдік амалын тауып, сатып алып, кейін парк қорына бермесе, ешкім оларды сотқа бере алмайтынын жеткізді. Басқа жолы жоқ.

Вице-министр сабырлы қалпымен-ақ жауап берген сияқты еді, бірақ оның сөзі Марат Башимовті қатты шамдандырған екен. Арнайылап сөз сұрап алған ол «өтірігіңе жол болсын» дегендей тарпа бас салды.

«Министрлік өкілі шатастырып отыр. Антикор сол заңсыз құрылыс салынған жерлерден орасан заңбұзушылықтар анықтап жатыр. Ал сіз мына жерде сатып алу керек деп ертегі айтып отырсыз. Қайдағы сатып алу? Олар ерекше қорғалатын табиғи аумақта заңсыз салды. Бақытжан Базарбек Іле Алатауы, Көлсай секілді жерлерде 120 нысан заңсыз салынғанын айтты. Өтірік алдап отырсыз», – деді Марат Башимов.

Оның бұл ойын Абзал Құспан да сабақтап, бірер жыл бұрынғы олқылықты еске алды. 2019 жылы мәжіліс депутаттары сол кездегі үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа депутаттық сауал жолдаған. Сондағы Сағынтаевтың жауабына қарағанда, 2017 жылы Іле Алатауы ұлттық паркі бойынша 171 жер пайдаланушының 110-ы заңсыз алған. 2018 жылғы тексеру бойынша, 94 жер пайдаланушының 62-сі заңсыз пайдаланғаны туралы айтылады. Бұл бойынша материалдар прокуратураға беріліп жатқаны әрі заңсыз салынған құрылыстың бәрі бұзылатынын атап өткен.

«Мен осы жағдайды аяғына дейін тексердім. Бірде-бір коттедж, олигархтардың бірде-бір бизнес нысаны осы күнге дейін бұзылмаған. Кеңес өкіметі кезінен келе жатқан Жер кодексіндегі 122-бап тікелей тыйым салып тұрғанның өзінде біз ұлттық парктеріміздің жағдайын қазіргі қалпына жеткіздік», – деді Құспан.

P.S. Бір қызығы, заң талқылауға келгенде министрді түтіп жеуге құмар біздің депутаттар бұрынғы әріптесі бұзақының қолынан ауыр жараланып жатқанда «бәрін тергеу анықтасыннан» аса алмады. Әлбетте, қылмыстың бәрін тергеу анықтайды. Алайда мегаполистің басшылығындағы үлкен шенеунікті жұмысының қасында қарумен атып кетіп жатқанда бұған тергеуден бөлек, қоғамдық тәртіп мәселесіне қатысты тосын ой айтар деген үмітіміз ақталмады. Бір күн бұрынғы «билікке жасалған ашық шабуыл» деген Еділ Жаңбыршинді әріптестері қолдамайтын сияқты.

Ербол Тұрымбет

Астана