Автожолдарды қыс мезгіліне дайындау үшін 385 млн теңге бөлінген

Жамбыл облысының әкімі төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды бағыттарының бірі – жол инфрақұрылымын жетілдіру және алдағы қысқы маусымға дайындық барысы егжей-тегжейлі талқыланды.
Қазіргі таңда жол құрылысы тек облыстың экономикалық серпіні мен халықтың өмір сапасын арттырудағы шешуші факторлардың бірі болып отыр. Әсіресе президент өңірлердің дамуындағы теңгерімділікті сақтау және инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі нақты тапсырмалары аясында бұл саладағы жұмыстардың жүйелі түрде жүзеге асырылуы стратегиялық мәнге ие. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, дамыған елдердің барлығы инфрақұрылымды дамытуды стратегиялық басымдық ретінде қарастырып, жол құрылысына тұрақты инвестиция құю арқылы ұлттық байлықтың өсімін қамтамасыз етіп отыр. Мысалы, Еуропа елдерінде жол жүйесін жетілдіру тек көлік қатынасы мәселесі ретінде емес, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықтың кепілі ретінде қарастырылады. Германияның автобан жүйесі – осының айқын дәлелі. ХХ ғасырдың басында басталған бұл жоба бүгінде Еуропаның ең ірі, ең сапалы көлік желілерінің бірі де, бірегейі. Көлік дәліздері арқылы елге шетелдік инвестициялар тартылып, экспорттық әлеует артты. Ал Жапонияда жол құрылысы мен көлік инфрақұрылымы мемлекет саясатының басым бағыты ретінде қаралады. Елдің географиялық ерекшелігіне байланысты көпірлер, тоннельдер мен су астындағы өткелдер салу технологиялары жетілдіріліп, әлемде теңдессіз тәжірибе қалыптасты.
Мемлекет басшысы жол сапасының ел экономикасының көрсеткіші екенін, азаматтардың тұрмыс деңгейі мен аймақтардың инвестициялық тартымдылығы тікелей жол инфрақұрылымының дамуына байланысты екенін бірнеше рет атап өткен болатын. Осы тұрғыдан алғанда Жамбыл облысында қолға алынған жобалар президент тапсырмаларының нақты орындалуының көрінісі деп те қарастырсақ болады. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықовтың мәліметінше, 2024 жылы облыстың жол саласына 28 млрд теңге бөлінген. Бұл – өңір тарихындағы айтарлықтай ірі қаржыландыру көлемдерінің бірі. Бөлінген қаражат есебінен 17,7 шақырым жаңа жол салу, 6 көпірдің құрылысын жүргізу, 8 шақырым жолды қайта жаңғырту және 440,5 шақырым автожолды орташа жөндеуден өткізу көзделген. Жалпы алғанда, 184 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның 23-і – өткен жылдан өтпелі болса, 161-і – жаңадан басталған нысандар. Бүгінгі таңда 136 жобаның құрылысы аяқталғанымен, 48 жоба бойынша жұмыстар әлі де жалғасуда. Бұл көрсеткіш облыстың жол саласында ауқымды еңбек атқарылып жатқанын аңғартады. Дегенмен Тараз қаласы мен Т.Рысқұлов, Қордай аудандарындағы кейбір нысандарда жұмыс кестесінен кідіріс байқалғаны айтылды. Әкім Ербол Қарашөкеев бұл мәселеге ерекше тоқталып, құрылыс барысын жеделдету, сапаны қатаң бақылауда ұстау және әрбір жобаның тиімділігі мен уақытылы орындалуына жауапкершілікпен қарау қажеттігін ескертті.
Аппараттық кеңесте тек жол құрылысы емес, алдағы қысқы маусымға дайындық та назардан тыс қалған жоқ. Қыс – жол инфрақұрылымын сынайтын ең күрделі кезең. Сондықтан өңір басшысы қауіпсіздік пен қолайлылық мәселесіне баса назар аударып отыр. 2025 жылы жергілікті маңызы бар автожолдарды қыс мезгіліне дайындау үшін 385,5 млн теңге бөлініп, бұл жұмыстарға 27 мердігер ұйым мен 178 арнайы техника тартылмақ. Қазіргі таңда қажетті материалдардың қоры да жасақталуда: 14 925 тонна құмның 7 075 тоннасы және 1 500 тонна тұздың 860 тоннасы дайындалған. Алайда Талас пен Т.Рысқұлов аудандарында қысқы күтіп ұстауға арналған мемлекеттік сатып алу рәсімдерін дұрыс ұйымдастырмай, ал Жуалы ауданында бұл жұмыстардың аяқталмауы кейбір мәселелердің әлі шешілмегенін көрсетеді. Әкім осы бағытта тиісті басқармаларға және аудан әкімдеріне қысқа мерзімде кемшіліктерді түзетіп, қысқы дайындықты толық аяқтау жөнінде нақты тапсырмалар берді.
«ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясының облыстық филиалы да республикалық маңызы бар жолдарды қысқы күтіп ұстауға белсенді дайындалуда. Филиал директоры Айжан Туғанованың айтуынша, бүгінде дайындық деңгейі 98 пайызға жеткен. Соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі осы болып тұр. Қыс мезгілінде жол қозғалысының үздіксіздігін сақтау, көлік апаттарының алдын алу және төтенше жағдайлардың туындамауы үшін атқарылып жатқан шаралар халықтың қауіпсіздігі мен аймақтың тұрақты өмір ырғағын қамтамасыз етуге бағытталған.
Жол құрылысы мен оны күтіп ұстау мәселесі өңірдің экономикалық және әлеуметтік әлеуетіне тікелей әсер ететін сала екені рас. Жақсы жол медициналық қызметтің, білім беру мен бизнестің қолжетімділігін арттыратын, тұрғындардың өмір сапасын жақсартатын тірек жүйе екеніне де дау жоқ. Сол себепті бұл саладағы әрбір қадам мемлекет тарапынан бөлінген қаржының тиімді жұмсалуын, мердігерлердің жауапкершілігін және қоғам алдындағы сенімнің сақталуын талап етеді. Президент тапсырмасымен елімізде жол сапасын бақылау тетіктері күшейтіліп, барлық өңірде ашықтық пен нәтижелілік қағидаттары енгізілмек. Жамбыл облысында жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстар – осы мемлекеттік саясаттың нақты жалғасы. Жол саласында жаңғыру жүріп жатыр, ал қысқы маусымға дайындықтың қарқыны сол өңірдің ұйымдастырушылық әлеуетін көрсетеді. Ең бастысы, бұл бастамалардың түпкі мақсаты – тұрғындардың өмір сапасын арттыру, облыстың инвестициялық тартымдылығын күшейту және еліміздің даму стратегиясына сай жаңа деңгейге көтерілу. Сондықтан әрбір шақырым жолдың, әрбір көпірдің, әрбір жобаның артында елдің ертеңіне деген жауапкершілік пен мемлекет басшысының тапсырмасын мүлтіксіз орындауға бағытталған жүйелі еңбек жатыр.
С. Бақберген
Жамбыл облысы