Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:03

Axios: Трамп Зеленскийге соғысты «бір айда аяқтағысы» келетінін айтқан

Трамп пен Зеленский
Фото: ашық дереккөз

Axios басылымы аноним дереккөздерге сүйене отырып, Украина мен АҚШ президенттерінің телефон арқылы сөйлесуі туралы қосымша мәліметтерді жариялады.

 Бұл туралы BBC хабарлады.

Владимир Зеленский Дональд Трамппен қаңтар айының соңында Давоста өткен кездесуден кейін алғаш рет сөйлескен. Телефон әңгімесі шамамен 30 минутқа созылған. Axios-тың үш дереккөзі (украиналық ресми тұлға және тағы екі хабардар адам) әңгіменің достық әрі позитивті жағдайда өткенін айтқан.

Басылым мәліметінше, қоңырауға Трамптың арнайы өкілдері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер де қатысқан. Екеуі бейсенбі күні Женевада Украина делегациясымен кездеспек. Делегацияны Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Рустем Умеров басқарады.

Сондай-ақ Кушнер мен Уиткофф Женевада Ресейдің арнайы өкілі Кирилл Дмитриевпен бөлек кездесу өткізуі «мүмкін» екені айтылған. Бұған дейін дәл осындай ақпаратты ресейлік ТАСС агенттігі де аноним дереккөзге сілтеме жасап таратқан.

Дереккөздердің айтуынша, Зеленский әдеттегідей АҚШ-тың көмегі үшін алғыс айтып, соғысты тоқтатуға Ресей президенті Владимир Путинге ықпал ете алатын жалғыз адам – америкалық президент екенін жеткізген.

«Содан кейін Зеленский соғыстың биыл аяқталады деп үміттенетінін айтты, ал Трамп соғыс тым ұзаққа созылғанын және оның бір айдың ішінде аяқталғанын қалайтынын жауап ретінде жеткізді», — деп мәлімдеген Axios дереккөзі.

Ақ үй Axios-тың түсініктеме беру туралы өтінішіне жауап бермеген.