Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:18, 18 Наурыз 2025

Аяқ уқалатудың ақыры

Сатыбалды мен Смановтар
Фото: Жас Алаш коллаж

Жақында әлеуметтік желілерде Сарыағаш медресесінде түсірілген бейнежазба қоғамда үлкен дау туғызды.

 Видеода белгілі дін уағызшысы Әбдіжаппар Смановтың жас балаларға аяғын уқалатып жатқаны көрінеді. Бұл оқиға халық арасында қатты талқыланды. Кейіннен «Сарыағаш медресе колледжіне мемлекет дін уағыздаушыларының аяғын уқалату үшін қаржы бөліп отыр ма?» деген сөз жұрт арасында тарай бастады. 

Аталған видеоға байланысты дау ушығып бара жатқасын, Түркістан облысының білім басқармасы да медресені тексерген. Басқарма өкілдері видеодағы оқиға таң намазынан кейінгі уағыз кезінде болғанын, Әбдіжаппар Смановтың аяғын уқалағандар медресе шәкірттері емес, оның немерелері мен жиендері екенін мәлімдеді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да медресе директоры Смановқа ресми түрде қатаң ескерту жасады. Басқарма «мешіт – қасиетті орын, онда мұндай әрекеттерге жол берілмеуі керек» деп жазды.

Қайрат Сатыбалды
Фото: kompromat1.online

Смановтар әулетінің Қайрат Сатыбалдымен байланысы

Жалпы, Смановтар әулеті – Қазақстандағы ең ықпалды діни әулеттердің бірі. Сарыағаш медресесі осы отбасының басқаруында және исламдық білім берумен айналысады. Бұл әулет тек діни салада ғана емес, саяси және қаржылық құрылымдармен де байланысы бар деп есептеледі. Ашық дереккөздерге сүйенсек, Смановтардың Қайрат Сатыбалдымен байланысы бар екені бірнеше рет айтылған. Отандық БАҚ Назарбаевтың немере інісінің есімін осы арқылы жиі салафизммен байланыстырды. 2019 жылы Түркістанда «Сатыбалды Әбішұлы атындағы Ислам орталығы» ашылды. Бұл орталықты Смановтар әулеті басқарады. Орталықтың ашылу салтанатына Қазақстанның сол кездегі бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы, Өзбекстан мен Қырғызстан мүфтилері және түркі елдерінің дін қайраткерлері қатысты. Аталған медресеге байланысты қоғам арасында «бұл оқу орнында салафизм идеялары кеңінен насихатталуы мүмкін. Медреседе тәлім алған кейбір шәкірттер кейін Қазақстан мешіттерінде имамдық қызметке орналасады. Бұл жағдай радикалды діни ағымдардың таралу қаупін күшейтеді» деген алаңдаушылық бар. Дегенмен ҚМДБ мен ресми өкілдер бұл айыптауларды жоққа шығарды. Алайда осыдан төрт жыл бұрын сұхбат берген Әбдіжаппар Сманов Қайрат Сатыбалдымен қалай танысқанын айтады. Алғаш Смановтарға қарасты медресеге келіп, студенттерді көрген Қ.Сатыбалды «мыналар «целая армия» ғой» деген екен. Смановтың бұл сөзі де кейіннен қоғам арасында қатты талқыланды.

Енді Смановтардың өзіне келейік.

Әбдісаттар Сманов – Сарыағаш медресесін басқарған. Ол 2016 жылы қайтыс болды. 2021 жылы оның құрметіне «Ғалым Әбдісаттар Шәкір Ешанұлы Сманов» атындағы мешіт ашылды. Әбдіғаппар Сманов – Қазақстанға танымал уағызшы. 2016 жылы Әбдісаттар Сманов қайтыс болған соң, ол Сарыағаш медресесін басқарды. 2020 жылы шілде айында көз жұмды. Қоғам арасында резонанс тудырған видеоға себеп болған Әбдіжаппар Сманов – даулы уағыздарымен танымал. Оның әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбалары бірнеше рет сынға ұшыраған. Қазіргі таңда ол Сарыағаштағы медресе-колледжде шәкірттерге білім береді. Ал Сарыағаш медресе колледжін оның ұлы Дінмұхамед Сманов басқарады.

Сарыағаш медресе колледжі қандай мекеме?

Сарыағаш медресе колледжі – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) қарамағындағы діни білім беру мекемесі. Оқу орны Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Ынтымақ ауылында орналасқан. Колледждің мемлекет тарапынан қаржыландырылатыны рас. Мысалы, биыл медресе Түркістан білім басқармасымен 290 млн 885 мың теңгеге келісімшарт жасасқан. 

Түркістан облысының білім басқармасымен арадағы келісімдерге сәйкес, бұл оқу орны 2022 жылы «кәсіби мамандарды даярлау» мақсатында мемлекеттік бюджеттен 102 миллион теңге алған. Колледжде 34 оқытушы қызмет атқарады, олардың қатарында ҚМДБ мен Сауд Арабиясы арасындағы ғылыми-мәдени ынтымақтастық келісімі негізінде келген екі араб ұстазы да бар.

Аталған мекеме 2013 жылы тіркелген. Директоры жоғарыда жазып кеткеніміздей, Әбдіжаппар Смановтың ұлы. Құрылтайшысы – Қазақстан діни мұсылмандар басқармасы. Құрамында 150-ге жуық адам жұмыс істейді. 400-ге жуық студент білім алады. Оларға шәкіртақы да төленеді. Былтырғы қаржысы 4,2 млрд теңгеден асады, 90 млн-ға жуық салық төлеген. Жалпы салығы – 341 млн теңге. Колледж мемлекеттен тендер алып тұрады. Мысалы, былтыр Түркістан облысының білім басқармасынан 254 млн 970 мың теңгеге білім беру қызметіне байланысты бір келісімшарт алған. Мұндай келісімшарттарының саны 2018 жылдан бері санағанда – 12. Олардың ішіндегі ең ірісі медресенің 2018-2019 жылдары 736 млн теңгеге алған 6 келісімшарты.

1
Фото: kazislam

Колледж бұл айыптауларға не дейді?

«Жас Алаш» колледжге хабарласып, аталған мәселелерге байланысты бірнеше сауал қойды. Бірақ медресе өкілі айтылған айыптаулардың бәрін жоққа шығарды. Колледждің заңгері Әлімжан Жаназардың сөзінше, колледж мемлекеттен бөлінген қаржыны грантта оқып жатқан студенттерге шәкіртақы есебінде төлейді.

«Шәкіртақыдан бөлек, алыстан келетін студенттеріміз бар. Олардың да жолын төлеп береміз. Бұдан бөлек, ұстаздарға жалақы беріледі. Ал шетелге оқуға жібереді дегенге келетін болсақ, ол мәлімет те жалған. Біздегі студенттер «Нұр-Мүбәрак» сынды оқу орындарында оқуын жалғастырады. Тамақ мәселесі де шындыққа жанаспайды. Мен оны сізге қазір айтып жеткізе алмаймын. Балалардың тамағы дұрыс. Үш мезгіл беріледі, сапалы. Ұстаздар да сол тамақты жейді. Егер сапасы нашар болса, алдымен солар арызданатын еді. Біздің есік «көремін, медресенің өмірімен танысамын» деген адамға әрқашан ашық. Иә, колледждің жері бар. Бірақ ол жерге ешқашан студенттерді апарып жұмыс істеткен емес. Арнайы жұмысшыларды жалдаймыз», – дейді медресе заңгері.

Әбдіжаппар Смановтың видеосынан кейін қоғам белсенділері «медреселердің мемлекеттен алатын ақшасы тексерілсін» деп сұрау салып жатыр. Соның бірі, азаматтық белсенді Әсел Таухан ҚМДБ-ға қарасты 9 медресе мен «Нұр-Мүбәрак» университеті мемлекеттен алған қаржысын қайтарсын деп сотқа берген.

Әсел Таухан
Әсел Таухан

«Былтыр медреселерге қаржы бөлінетінін біліп, оларды аралап шықтым. Олардың заңсыздықтарын әшкереледім. Мысалы, «Нұр-Мүбәрак» университеті білім беру ордасы бола тұра діни кітаптарды аумағында сатады. Бұл заңға қайшы. Мешіті де жақын. Айта берсең мұндай заңсыздықтары көп. Содан кейін ғылым және білім министрлігіне қандай мақсатта грант бөлетінін сұрап хат жаздым. Олар маған жауап қатпағасын, ізінен арыз жаздым. Алғашқы сот отырысы жақсы өтті. Кейіннен министрлік маған қарсы арыз жазыпты. Арызда «сен кімсің бізді сотқа беретін» дегендей адамды кемсіткен. Мен тағы да оларды сотқа бердім. Әлі сот отырысының қай күні өтетіні белгілі емес, бірақ соңына дейін барамын. Егер елімізден нәтиже шықпаса, халықаралық сотқа беремін. Бұл министрлік бұрын оқу-ағарту министрлігімен бір болатын. Мен оларға да арыз жаздым. Оқу-ағарту министрлігіне «не үшін исламтану сияқты мамандықты техникалық мамандыққа кіргізіп тастадыңыздар» деген сауал жолдадым. Үш күн бұрын министрліктен Зәмзәгүл Өтепова деген қызметкер хабарласты. Мені Астанаға шақырды. Бармайтынымды айттым. Себебі бұлар халықты ақымақ санайды. Астанаға шақырып, ресми жауаптан құтылып кетпекші. Оларға ресми түрде хат жазып, жауап берулерін сұрадым. Маған 27 наурызға дейін жауап келуі тиіс. Әрі қарай білім және ғылым министрлігімен қатар оқу-ағарту министрлігімен де соттасамын», – дейді Әсел Таухан.

Әбдіжаппар Смановтың видеосына қатысты дау әлі басылмай, біразға дейін жалғасатын түрі бар. Мысалы, «Демос» қоғамдық ұйымының төрағасы Тұрарбек Құсайын балалар құқығы ұйымы мен адам құқығын қорғау ұйымының басшыларына Сарыағаш медресе колледжі мен басқа медреселерде балалар құқығы қаншалықты дәрежеде бұзылып жатқанын тексерулерін сұрап арыз жолдаған. «Заң бойынша адам құқығын қорғайтын ұлттық орталық белгіленген мерзімде ресми жауап беруі тиіс» дейді «Жас Алашқа» Тұрарбек Құсайын. Бұдан бөлек, редакция тілшісіне қоғам белсендісі Нұргүл Мұқышева да президент аппаратына Әбдіжаппар Смановты жазаға тартуын сұрап арыз жолдағанын айтты.

Тұрсынбек БАШАР