Аялдамада (Новелла)

Алматыда ымырт қысқа, қала тез-ақ түн құшағына ене береді. Сансыз электр шамдары мен неон шырақтары оны құлпыртып, әсерлендіріп жібереді, ғажайып дүниеге айналдырады.
Мекемедегі ұзақ-сонар мәжілістен кәдімгідей қажып-шаршап шыққанымда көктемгі Алматы осы ертегідегідей кейпінде екен.
Қоңыржай ауа мыңдаған әтірдің қоспасындай тамылжып тұр. Темекі түтіні кетпейтін кабинеттерден кейін мына түнгі ауа нағыз кәусар ма дерсің. Кеудемді кере жұттым. Аңқыған жұпар әп-сәтте бойға тарап, құрысқан, дамыл іздеген денені бірден жазып, жадыратып сала берді.
Қызметтестеріммен қоштасып, трамвай аялдамасына беттедім. Уақыт әжептәуір кеш болғанымен, жұрт аяғы басыла қоймапты. Әрине, дені жастар. Олар үлкен қаланың әрі ерекшелігі, әрі көркі ғой.
Көше көлігі, сөз жоқ, сиреді. Ал маған керек шағын аудан трамвайы онсыз да селдір жүретіндей көрінетін. Жуық арада бола қоймасын сездім де, аялдама орындығына келіп жайғастым. Күні бойғы күйбеңнен бой жазып дем алудың бұл да бір түрі деп іштей жұбатып қоям өзімді.
Ерсілі-қарсылы өтіп жатқан жұрт та сейіле бастағандай.
Осы бір сәт адамдар бейне құстар секілді көрініп кетті: тағы да бір өмір мезетін – жұмыс күнін әркім өз халінше тәмамдап, енді өз ұясында отбасымен қауышып, бақытты, тәтті минуттарды бастарынан өткізіп жатыр. Мені де үйде Зағирам, бүлдіршіндей балапандарым асыға күтіп отыр-ау қазір. Бақыттымыз ғой, шіркін!...
— Ағай, темекіңіз жоқ па?
Әлгі кезде қатарласа келіп бір жас жігіт отырған. Қасында жетелеген 4-5 жастар шамасындағы қыз бар. Сәл отырғаннан кейін қалталарын сипалақтап, шырпыдан басқа ештеңе таба алмай, маған бұрылған.
– Тартпайтын едім.
Жігіт үнсіз шырпысын қайыра салды да, қызын көтеріп, алдына отырғызды. Бірдеңе деп күбірлегендей болды, естілмеді.
Жайдан-жай отыра беру зеріктірейін деді ме, жігітке бұрылып, еш мақсатсыз:
– Қай трамвайга отырушы едің? – деп сұрадым.
— Маған бәрібір, – деді ол селқос. «Кішкентайымен кыдыруға шыққан ғой жатар алдында», – деп түйдім іштей. Бірақ жігіт өңінен көтеріңкі көңіл табы байқалмады.
Алаңсыз, мәз өмірдің буы шарпыған адам, әлбетте, тоқмейілси жүреді, айналаға тек мәңгілік куаныш ортасы, береке мен дарқандық көзі деп қарайды. Соған лайық өз бойында көзқарастар, қасиет, қылық қалыптастырады. Соның бірі ретінде күнделікті ереже-тәртіп, оның ішінде кешкі ұйықтар алдындағы бой жазу болуы да мүмкін.
Мына жігіт, бірақ ондайға ұксамайтын сияқты. Өз тіршілігіне осындай тұрғыдан қарап, өзгеріс ендіретін жасқа да келмеген кез. Әлі ұстара тимеген қара түбіт мұрт еркін жіберілгенімен, жігіттің 23-24-тер ғана шамасында екенін жасыра алмай тұр. Дегенмен осы балаң жүз әзір белгісіз бір ерекшелігімен, тіпті жасына жат мұңдылығымен назарымды өзіне аударды.
Аялдама бағанасына орнатылған қос электр шамының сәулесі біз отырған шағын аумақты күндізгідей жарық қып тұрған. Тура тесілуді ыңғайсыз көріп, жігітке қырындай, бағдарлай отырдым. Тізесінде отырған қызын құшақтаған күйі ол алдыңғы жақтағы қол созым жерде асфальт үстіне сызылған ақ жолақтарға қарап калған. Иығынан біреу басқандай езіле бүкшиіп, мойнын соза, ілгері ұмтылады. Бейне бір қараңғылыққа сіңіп жатқан жол сызықтарымен бойлап, безіп кеткісі келгендей кейіп. Көрікті жүзіне жараса біткен көздерінде бірден байқалар мұң бар. Суалған жақ шұқырларындағы, көз астындағы көлеңкелерде тас боп қатып қалған айықпас үрей жазылған сияқты. Әлсін-әлсін қызының бетіне бетін басып, иіскеп қояды. Бүлдіршін болса бір қолымен әкесінің мойнын құшақтап ұстаған, екінші қолымен оның қалың, ұзын шаштарын салалап отыр. Бір кезде әкесінің бетін қолымен өзіне бұрып: «Папа, маманы бүгін табамыз ғой, иә?» – деп сұрады. «Көреміз, көреміз, құлыным», – жігіттің дауысы дірілдей, булыға шықты. Сәбиін көкірегіне қыса түсті.
Алғашында маған осы жігіт, шамасы, жұбайымен ренжісіп шыққан шығар, үйінен деген де ой келген, олай болмады. Титтей ғана, әп-әдемі нәзік қыз сыңғырлаған даусымен, тәтті қылықтарымен үйдегі балапандарымды еске салды.
— Маған келесің бе, папаңның алдында біраз отырдың ғой? – деп шақырып едім, қыз жатырқаған жоқ, әкесінің алдынан түсіп, маған жақындады. Тұнғиық қара көздерінде таңырқау, қызықтау бар.
Ақырын көтеріп, алдыма алдым.
– Атың кім?
– Гәухал.
Соңғы дыбыстарды жұмсарта, былдырлай араластыра айтты. «Р-ға» тілі келмейді екен әлі.
– Мамаң қайда еді?
– Ағай, сұрамаңызшы оны!
Біздің бастала берген әнгімемізді жігіттің ышқына шыққан дауысы бөліп жіберді. Қыз әкесіне қарады. Жігіт болса өңі алып-ұшты еді. Жалбарынған, жалынсыз көздерден азалы қайғы ұшқын шашып тұрды, шарасынан мөлдір тамшылар енді-енді үзіліп түсуге шақ қалған. Қуарған өңі, діріл қаққан сүйекті иегі уайым отына күйген адамды айнытпай білдіріп тұр еді. Бір ағаттық істегенімді сездім.
– Кешір, жігітім, орынсыз сұрақ қойдым ба?
– Гаухар, кел өзіме, келе ғой. – Жүгіріп барған қызын алдына отырғызды да, оның басына маңдайын тіреп, кемсеңдеп кетті.
– Мамасы жоқ, жоқ біздің мамамыз!
Қансыраған жараның бетін тырнағандай болдым-ау. Сасқалақтап «Мықтал, жігіт, жасыма. Әлі-ақ тағдыр соққысын ұмытасың», – дей бердім.
– Папа, жылама, неге жыладың тағы, – Гаухар әкесінің шашынан тарта бастады. – Қазіл мамаға баламыз ғой, бүгін табамыз дедің ғой.
– Иә, жыламаймын, ботам, жыламаймын… – деп жан-жағына бір қарады да, жігіт қол орамалымен бетін, көзін сүртті. Өксігін баса алмай, біраз отырды. Табан астында жан дүнием бұлқан-талқан болып, іш-бауырым елжіреп, езіліп, оған қарай бердім.
– Осыдан бес күн бұрын Дәмелім қайтыс болды. Ауруханада… – Жігіт маған қарамай, өзді-өзі сөйлегендей боп айта бастады. – Екінші баламен түскен… Толғағы өте ауыр болыпты. Темекіңіз жоқ па? – Ең алғаш қойған сұрағын ұмытып, тағы қойды. – Ә, сіз шылым тартпайды екенсіз ғой...
Жігіт тағы үнсіз қалды. Басқа адамның жан күйзелісінің куәсі болу қандай қиын. Оны қалай жұбатарымды, мұндайда не айту керек екенін білмей, дал болып отырмын. Трамвай да келмей қойды.
– Дәмелімнің жоғына әлі сенбеймін, жігіт сөзін жалғастырды. – Тек бір жаққа кеткендей көрінеді де тұрады. Әсіресе Гаухар… – оның даусы тағы дірілдеп кетті. – Гаухардың сұраулы көзіне қараған азап екен. Кеш болған сайын өз-өзінен мазасызданып, ұйықтамайды, жылайды. Сәби жүрек сезеді ғой. «Мамам қайда жүр, іздеп келейік», – деп тыным таппайды. Амалсыздан күнде осылай шығып қайтамыз, мамасын іздеген боламыз...
Тағдыр-ай! Мұндайды тыңдау да жан сыздатады екен. Қандай ғана сөз, нендей амал жеңілдете алады екен мына азаматтың қайғысын?
Тек уақыт – осы бір ұлы емші ғана әрекет қыла алады тегі, күндер, айлар, жылдар деген сенімді дәрмектерімен жаза алады. Бірақ алғашқы жарына деген махаббатын, бойындағы ең қасиетті сезімдерін сыйлаған адамын ұмыттыра алар ма екен? Сірә, бұған уакыттың да әмірі жете бермес-ау...
– Ендігі мендегі мақсат – Гаухарға анасының жоқтығын қайткенде елеттірмеу, не қылған күнде оны бақытты ету. Сонда өзім де бақыттымын.
— Әрине, әрине, – деймін басқа сөз аузыма түспей. Жігіттің айтқаны нағыз ер-азаматтың сөз саптасы, белді бекем буған ойдың түйіні. Бұған іштей сүйсінем...
Сымдарынан ұшқын шашырата трамвай да жетті-ау, әйтеуір. Отырдық. Жігіт қызын көтерген күйі ілгері орындықтардың біріне жайғасты. Анда-санда Гаухармен сөйлесіп қояды.
Өз аялдамама жақындағанда шығар есікке беттеп бара жатып, соларға көз тастап едім, алдыңғы әйнекке екеуі де тесіле қарап қалыпты. Бейне Дәмеліні іздегендей… «Бақытты болса екен, тапса екен бақыттарын!» – дей бердім іштей, трамвай оттарын қараңғылыққа сіңгенше шығарып салып тұрып.