Айда Балаева: Қастеев музейі жаңғыртылып, жаңа кейіпте ашылады

Елімізде мәдени нысандарды жаңғырту мен сақтау бағытындағы ауқымды мемлекеттік бағдарлама жалғасып жатыр.
Соның бір көрінісі ретінде Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары басталды. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Айда Балаева мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, жаңғырту шеңберінде шатырды ауыстыру, заманауи климаттық жүйелер орнату, паркет жабындысын қалпына келтіру және өзге де маңызды техникалық жетілдірулер қарастырылған.
«Бұл шаралар келушілер үшін барынша қолайлы жағдай жасап, өнер туындыларын сақтаудың заманауи талаптарын қамтамасыз етуге бағытталған», – деді Айда Балаева.
Музей 5 тамыздан бастап уақытша жабылды. Мұндай шешім, ең алдымен, ел қазынасына айналған құнды жәдігерлердің сақталуы мен құрылыс кезеңіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қабылданған.
Айда Балаева атап өткендей, жобаны жүзеге асыруға Senim Qogamy қоры мен бас демеуші «Самұрық-Қазына» АҚ қолдау көрсетіп отыр. Ал мердігер ұйым ретінде «Lucky Build Company» ЖШС таңдалған.
«Барлық жұмыстар аяқталған соң, жаңарған музей қонақтарын жаңа заманға сай, шабыт сыйлайтын кеңістікте қарсы алады. Қастеев музейінің мәртебесіне лайық жаңа келбет ел мәдениетінің дамуына серпін береді», – деді министр.