Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:00, 19 Маусым 2024

Әйелдер мен балалар қауіпсіздігі – басты мақсат

Тұрмыстық зорлық-зомбылық

Қазіргі таңда әйелдер мен балалардың құқықтары мен қауіпсіздігі қоғамдағы өзекті мәселенің біріне айналды. Осыған орай 2024 жылғы 15 маусымда «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы» заң күшіне енді.

Жаңа заң әйелдер құқығы мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтуді көздейді. «Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы» заңға енген жаңа өзгерістерге сәйкес жәбірленушілер шағым түсірмесе де тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегі бойынша іс қозғалады.

Сондай-ақ енді денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру, ұрып-соғу сияқты құқық бұзушылықтар үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген. Заңның мұндай қатаң талаптары қоғамдағы түрлі зорлық-зомбылық пен бала құқығын таптаған әрекеттердің алдын алады деген болжам бар.

«Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы» заңға өзгеріс енгеннен бері Қазақстанның әр облысы мен қаласы күшейген заң аясында жұмыс істеуге кірісіп кетті. Бұрынғыдай отбасындағы әйелі ерінен жәбір көріп жүрсе де арыз түспеді деп көз жұма қарау енді болмайды.

Биыл мамыр айының аяғында Шымкент қаласы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиын кезінде сөз болған басты мәселелердің бірі – отбасыларды қолдау мақсатында психологиялық, құқықтық және әлеуметтік көмек көрсетумен айналысатын «Бақытты жанұя» орталығының жұмысын талқылау болды. Жауапты мамандардың айтуынша, аталған орталық биылдың өзінде төрт мыңнан аса азаматқа құқықтық көмек көрсеткен. Қазір қалада бір ғана орталық жұмыс істеп тұр, мамандар тіпті де көп адамға көмек қолын созу үшін қаланың әр ауданында «Бақытты жанұя» орталығын ашу керек деген ұсыныс айтты.

Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының міндетін уақытша атқарушы Мөлдір Кеуенова «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасы үшінші мегаполисте қалай жүзеге асып жатқанын айтып берді. Оның айтуынша, қалада отбасылық және гендерлік саясатты іске асыруға бағытталған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жоспарлы түрде жүріп жатыр.

Кездесуде Шымкент қаласының полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Данабай Әлиев баяндама жасап, отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы тұру, полиция жанынан құрылған әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобы инспекторларының жұмысы туралы айтып берді.

Қазақстанның 2030 жылға дейінгі «Отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасында» әйелдердің құқығы мен экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту мәселесі сөз болған. Біз айтып отырған жиналыста Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Үсен Исаев мегаполисте әйелдер кәсіпкерлігін қолдау орталығының жұмысы және кәсіпкер әйелдердің қаржылық сауаттылығын арттыру бағытындағы шаралар туралы баяндама жасады.

Комиссия отырысында мегаполистегі мыңдаған әйел мен баланың құқығын қорғау мақсатында істеліп жатқан жұмыстар жайы талқыланды. Комиссия төрағасы жиналыста сөз болған мәселелер бойынша тапсырмалар беріп, олардың орындалуы қатаң бақылауға алынатынын айтты. Ол комиссия мүшелеріне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге аталған бағыттағы жұмыстарды белсене жүргізуді тапсырды.

Сенат депутаты Жанна Асанова «Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы» заң арқылы зорлық-зомбылық жасайтын адамдар азаяды деген үмітін жеткізді. Оның айтуынша, бұл заң әлсіз жандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

«Заң бір жылдан астам талқыланды. Заң жобасы мәжілістен сенатқа келіп түскен кезде мен белсенділік таныттым. Заңның қабылдануына қарсылық шаралары болды. Қоғамда қарсы ұғымдар пайда болды. Бұл заңды елдің бәрі ойлады балаларды тартып алатын күшке ие, еркектердің құқығы жойылып, әйелдер үстемдік құрады деген алып-қашпа әңгімелер көп тарады. Әр адамның құқығы конституцияда нақты жазылған. «Таяқ жеу» деген ұғым ол ұрып соғу деген сөз. Ол құқыққа қайшы нәрсе. Заңда тарихи нормалар бойынша балаларға қол көтеруге тыйым салынады. Өзіңнен әлсіз жанды ұрып-соғу адамгершілікке де жатпайды», – дейді сенатор.

Біріккен ұлттар ұйымы мына жағдайларды отбасындағы зорлық-зомбылық белгісі деп санайды: серігің сені төмен санаса, мазаққа айналдырса, өз бетіңше шешім қабылдауға жол бермесе, қорқытып-үркітіп дегенін істетсе, саған дөрекілік танытып, ұрып-соқса, өз қалауын саған тықпаласа, үздіксіз бақылауда ұстаса, саған шығар жол қалдырмаса, достарың немесе туыс-туғаныңмен араласуға тыйым салса, одан қорқып өмір сүрсең және оның бірдеңе істеуінен қорқып, ерлі-зайыпты қатынасты сақтап жүрсең.

Мұндай әрекеттердің соңы күш көрсетуге ұласып, кісі өліміне себеп болуы мүмкін. Сол үшін жоғарыда аталған әрекеттер байқалса, кез келген әйел немесе бала құқық қорғау органдарына шағым түсіргені жөн. Ресми дерек бойынша біздің елде зорлыққа ұшырағандардың 70-90 пайызы полиция көмегіне жүгінбейді екен. Себебі жәбірленуші ұялады немесе жағдайдың дұрыс бағытта шешілетініне сенбейді. Сол үшін бәрі «жабулы қазан – жабулы» күйінде қалғанын жөн көреді.

Сол үшін мемлекет заң жобасына өзгеріс енгізіп, жәбірленуші шағым жазбаса да зорлық көрсетушіні заң бойынша жазалауға бел буды. Бұл шешім талай қылмыстың алдын алып, бұрымдыларды агрессордан арашалауы мүмкін. Былтыр «Жас Алаш» гезетіне берген сұхбатында ҚР ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақмарал Серікбаева жаңа заңның артықшылығы туралы айтқан.

«Биыл он айда отбасындағы зорлық-зомбылық бойынша 82 мың арыз-шағым түсті. Оның 60 мыңына әкімшілік іс қозғалды. Сәуірде жаңа заң қабылданып, шілдеде күшіне енді. Оған дейін жәбірленуші арызынан бас тартса, заң бұзған азаматты жауапкершілікке тарта алмайтын едік. Жаңа заң бойынша іс қозғау үшін ешқандай арыз-шағым қажет емес, әлеуметтік желіде тараған жазба, бейнекамераға түсіп қалған видео, көршілер немесе куәгерлердің хабарлауы және полицейлер өздері көріп қалған жағдай бойынша әкімшілік іс аша аламыз. Қазіргі талап бойынша жақынына жұдырық жұмсаған жанға бірінші мәрте ескерту, екінші реттен бастап қамау жазасы қолданылады.

Отбасындағы зорлық-зомбылық деп ерлі-зайыптылар, ажырасқандар, бұрын бірге тұрғандар, қазір заңсыз бірге тұратындар, ортақ баласы барлар, жақын туыстар, туыс болмаса да бір үйде тұратындар арасындағы күш қолдану әрекеттерін айтамыз. 82 мың арыздың 70 пайызы әйелдер мен балаларға қатысты. Оның 712-сі қылмыстық іс ретінде тіркелді, оның 98-і кісі өлтіру. Қайтыс болған адамдардың 38-і әйелдер. Оның бәрі күйеуінің қолынан қаза тапты дей алмаймыз, өлімге өзге туыстары себеп болған жағдайлар да бар», – дейді инспектор.

Ішкі істер министрлігінің қызметкері ұсынған статистикадан да елімізде отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі асқынып тұрғанын білуге болады. Сол үшін де «Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы» заңға өзгеріс еніп, жаза күшейді. Енді жұбайына жұдырық жұмсаған «тиран» азамат әкімшілік емес, қылмыстық кодекс бойынша жауап береді. Әрі тараптарды қайта татуластыру мүмкіндігі болмайды. Қатаң жаза отбасында ойран салатын агрессорларды тәртіпке салады деген сенім бар.

Қуан Өмірхан

Шымкент қаласы