Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
21:00, 19 Қаңтар 2024

Жүсіпбек Аймауытовтың соңғы өлеңі архивке өткізілді

Жүсіпбек Аймауытұлы   Тез өлмен
Фото: Юрий Беккер

Бүгін Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Президенті архивіне келіп, бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған құнды материалдарды көрсетті. Оның ішінде Жүсіпбек Аймауытовтікі делінетін өлең де бар.

Аталмыш құжаттар арасында мемлекетке қатысты 1 млн 300 мың мың құжат бар. Бұдан бөлек 2 млн құжат құпиясыздандырылған.Оның арасынан Алашорда көсемі Әлихан Бөкейхановтың Семей орталығына жіберілген хаты және Жүсіпбек Аймауытовқа телінген «Тез өлмен» өлеңі табылған. Архив құжаттарында бұл туындыны Жүсіпбек Аймауытұлы абақтыда тергеуде жатқан кезінде жазғаны көрсетілген. Өлең Қарағанды ОГПУ-ының іс қағаздарының арасынан шыққан. Құжат ҚР Ішкі істер министрлігіне қарасты Қарағанды қалалық полиция департаментінің арнайы мемлекеттік архив қорындағы №01093 ісінде сақталған.

Ерлан Қарин
Фото:Юрий Беккер

Мемлекеттік хатшы Ерлан Қариннің айтуынша, Жүсіпбек Аймауытовтікі делінетін өлеңді анықтауда арнайы ғалымдар тобы жұмыс істеген. Кейбір жерлері өшіп кеткен өлеңге бес адам куәлік еткен. Содан кейін «Тез өлмен» өлеңін үш институттың ғалымдары зерттеп-зерделеген.

«Жүсіпбек Аймауытовтың бұрын жарияланбаған өлеңі табылды. Басқа құжаттарды қарау барысында бес адамның куәлік еткені белгілі болды. Бұл өлең адамдардың ауызша таратуына байланысты ұйқаспауы мүмкін деген тұжырымға келдік. Өйткені түрмеде жазуға арнайы жағдай болған жоқ. Сонда да анықтай түсу мақсатында үш институттың – Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ғалымдарынан құралған жұмыс тобын құрдық. Былтыр тамыз, қыркүйек айларында осы ғалымдар лингвистикалық тұрғыдан талдау жасап, аталған шығарманың Жүсіпбек Аймауытовтың абақтыда жазған соңғы шығармасы деген тоқтамға келді. Бес-алты парақтан тұратын бұл шығарманы анықтаудың өзіне тоғыз ай жұмсалды, – деді Ерлан Қарин.

Ерлан Қарин
Фото: Юрий Беккер

Жалпы құжаттарды тақырып бойынша жүйелеу барысында 70 том құнды кітап жазылды. Одан бөлек Алаш қайраткерлеріне қатысты құрылған бөлек жұмыс тобының еңбегі нәтижесінде ешбір ғалымның қолына тимеген тергеу материалдары жинағының алдын ала нұсқасы шықты. Бұл еңбектер көктемге қарай 12 том болып жарық көрмекші.

Жүсіпбек Аймауытұлының өлеңі

«Тез өлмен!»

(1929-1930 ж.)

Ел едік егер ежелден,
Елірдік ел бар дегенмен.
Ел деген елің ел болмай,
Егілдік ақыры не кеммен.

Теңім жоқ еді теңелген,
Теңдікке жетіп кенелген.
Тентегім көп еді тепсінген,
Тепті кеп ақыры төбемнен.

Көк мойын туып көбеңнен,
Көкірді тулап кегеннен.
Көгеннің көк тал бұршағын,
Көре алмай көзі көгерген.

Көгерген емей немене,
Көгенделді не кердең.
Беделді беріп бейнетке,
Бет бақтырмай безерген.

Содырмен түскен кісі жоқ,
Сойқанды жұртың есі жоқ.
Соқтығып сонша жынды ма?
Соқталы найза күші жоқ.

Тентекте иман, Құдай жоқ,
Соғатұғын аруақ, Құран жоқ.
Жайрасаң жан жоқ, жан жазар,
Ұлыста ұлтанды ұран жоқ.

Шықпаса жаным денемнен,
Не салса тағдыр көнем мен.
Бір өзім ... өлмеймін,
Бір ғана соған сенем мен.

Кеудемде кемел жүрек бар,
Тілек бар онда сезіммен.
Артымда қорғар ауыз бар,
Өлсе де денем, тез өлмен!

КР ПА. 352 к. 1 т. (Қарағанды обл.). 1093 іс. 2 т. 522-523 пп. (араб графикасы).