Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:15, 07 Ақпан 2025

Азаматтары бағынбай тұрған қоғамда төрт түлікке не дерсің?!

сиыр
Фото: inform.kz

«Қазавтожол» қайтейін күйігіңді?!Қағып кетіп өлтірдің сиырымды.Сүтін сауып, жинақтап пұл қылушы ем,Несиеге төлейтін тиынымды...

Бұл өлең жолдары әуесқой ауыл айтқыштарының еріккеннен шығарған өлеңі емес. Соңғы кезде еліміздің төрт бұрышын байланыстырып жатқан қазіргі замандық құрылыстың ірі компаниясы «ҚазАвтоЖол» мекемесінің салып, пайдалануға берген түрлі бағыттағы «әйдік күре жолдарының» бойында болып жатқан келеңсіз оқиғаларды бастарынан кешіп жатқан ауыл жағдайының жанайқайы. «Жас Алаш» газетінің 2024 жылғы 12 желтоқсандағы санында «Малын көлік қаққан адамның құқығын кім қорғайды?», 26 желтоқсандағы санында «Кесапаттың аты – жылдамдық» атты А.Шынғалиев пен Н.Құрмашевтардың премьер-министрге, ішкі істер министріне, парламент назарына қарата айтқан үндеу хаттарында айтылған жағдайлар әрі күре жолдың бойында болып жатқан кесапаттардың бәрі рас.

Сол билікте отырғандар төрт түлік малдың сүтін, айранын ішкен кешегі ауыл балалары емес пе?! Бірауық ауыл халқының жағдайына көз салып, неге құлақ аспайды? Ел аралап жүргенде жол-көлік оқиғасының біреуіне де кезікпеген бе? Жол бойындағы арнайы ескерту «жол белгілеріне» қарамастан, жоғары жылдамдықпен жүретін көлік жүргізушілеріне заң да тосқауыл бола алмай отырғаны қалай? Жан баққан малға деген жанашырлықты жоғалтып, әлдебіреудің қаңғыған иті өлсе көңіл айтып, ал малын қағып кетсе «сауап болыптының» керін келтіріп жатқан шайқы-бұрқы тірлігіміздің соңы не болатыны белгісіз деген мазмұндағы мақаланы оқыған ауыл жұрты қара қазандай өкпелерін жағы талмастан айтуда.

2024 жылдың соңына дейін Тараз-Астана, Меркі-Бурылбайтал күре жолының бойында орналасқан Шу ауданы аумағындағы жолға жақын Алға, Сауытбек, Төле би, Еңбек, Жиенбет, Бәйдібек, Прудхоз; Мойынқұм ауданы аумағындағы Айдарлы, Бірлік, Биназар, Хантау елді мекендері тұрғындарының барлығы дерлік шығын болған малдарының жайына алаңдап, болған жайдан кейін «Жол жүру Заңының» өрескел қателіктерін ескермей біржақты шешім жасағандарына наразы екендіктерін айтып, көпшілік қауым туған жерден көшуден басқа амал қалмай барады деп базыналарын білдіруде. Тараз-Астана, Меркі-Бурылбайтал күре жолы пайдалануға берілген бір-екі жылдан бері аталған елді мекендерден шығын болған малдардың мөлшер санына қарап, мал асырап жан бағудың да қиындап кеткенін топшылап білуге болады.

Айдарлы ауылынан хабарласқан зейнеткер Әсемкүл Қайшыбекова:

«Немерем сауынға айдап келе жатқан ауылдастарымыздың сиырларын өткен жылдың мамыр айында түс қайта сағат 4-5-тер шамасында қатты жылдамдықпен келіп соққан жеңіл көлік иесі малымызды жайратқанымен қоймай, 6 ай өткеннен кейін шығын көлемі 3 миллион теңге төлеуіңіз керек» деп соттан шақырту қағаз келіп отыр. Сол кездегі толтырылған құжатта «Көлік сағатына 50 шақырым жылдамдықпен жүрген» деп көрсетілген екен. Айналайын-ау, бес сиырды жайратқан жылдамдықтың орасан болғаны кімге де болса белгілі нәрсе ғой. Шаңқай түсте елді мекеннің тұсынан өтіп бара жатқан көліктің жол ережесін бұзғаны неге назарға алынбайды, құжат толтырған полиция қызметкерлерінің жылдамдықты бұрмалап толтырмағанына қалай күмәнданбайсың?! Елдің бәрі іскер, бизнесмен емес қой. Сүтін сауып, балаларға шай-пұл ажыратып отырған асыраушымыздан айырғанымен қоймай, айыппұл шығын төлетіп отыр», – деп ашынады.

Мал бағып күн көріп отырған ауыл тұрғындары өкпе-назын кімге айтарын білмей дал болуда.

Еңбек ауылының тұрғындары С.Байсымақов, Қ.Атамқұлов, Р.Қарғабаевтар «ҚазАвтоЖолдың» нұсқауы ма, жоқ жолда жүру заңының пәрмені ме білмейміз, жақында малымызды жиын-терін аяқталған соң жеке шаруа қожалық иелерінің рұқсатымен босаған жайылымға шығарған едік. Жайылым күре жолдың арғы жағында, мал өткізіп айдайтын арнайы жол белгілері болмағандықтан, амал жоқ, жолдан өткізіп айдауға мәжбүрміз. Ауыл тұсында ешқандай мал өткізуге арналған ескерту белгі жоқ. Еңбек ауылының тұсында ескерту жол белгілерінің болмағандығынан 2024 жылдың жазынан бері 11 ірі қара, 6 уақ малдың шығыны болды. Кез келген уақытта қағып-соғып, жаншып өте беруге «ҚазАвтоЖол» мен «жол жүру ережесінің» рұқсаты бар ма? Тіпті ауылымыздың тұсында адам опат болған ауыр жол транспорт оқиғасы да орын алды. Енді жолдан алыс жүрсе де малдарымызды суретке түсіріп алып, қамап, айыппұл төлетуде. Кімге шағымданарымызды білмей отырмыз. Арнаулы жол салған құрылыс мекемелерінің мамандары елді мекеннің жанынан мал өтетін орындарды неге қарастырмаған? деп уәжді пікірлерін алға тартуда.

Шу ауданы Қорағаты округінің учаскелік инспекторы, полиция майоры М.Далибаев «Бұл жол қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында Тараз-Астана күре жолының бойына орналасқан Еңбек, Жиенбет ауылдарының тұсына ескерту жол белгілерін орнату жайында Қорағаты ауылдық округінің әкіміне хабарлама бергенмін. Жол бойында жайылып жүрген малдарды аудандық ішкі істер жол-патрульдік қызметкерлері суретке түсіріп жіберген, мен соны орындап, алғашқы рет мал иелеріне 3 айлық есептік көрсеткіш айыппұл салып отырмын» деп өз жұмысының жай-жапсарынан хабардар етті. Жергілікті жерде кез келген болып жатқан жайдан хабардар шығар деген оймен округ әкімі Ә.Диханбаевтан жол қауіпсіздігі жайлы, болып жатқан жол көлік оқиғасының алдын алу шаралары туралы сұрағанымызда «Былтыр арнайы нұсқама талапты «ҚазАвтоЖолдың» Жамбыл облыстық департаментіне жібергенмін, әлі хабар жоқ» деп, пұшайман кейіп танытып, дәрменсіздік білдірді.

Сонда дейміз ғой, ауыл ахуалына жанашырлықпен қарап, қамқор болатын басшылықтағы азаматтар немқұрайлықпен жүрсе, ауыл әлеуетін қалай көтереміз? Ішкі істер жол-патрульдік қызметкерлерінің жұмысы жол үстіндегі емес, даладағы малдарды суретке түсіріп, «елді мекендегі сияқты жаяу жүргіншілерге арналған жолақ белгіге 5 метр жетпей тоқтап тұру керек» деген ережені малдарына үйретпеген мал иелерін айыппұлға жығу қаншалықты заңды екенін көзі қарақты азаматтар зерделей жатар. «Жол жүру ережесінде» жол жүрісіне қатысушы» деген түсінік бар. Ол – көлік жүргізуші, жаяу жүргінші, көліктегі жолаушылар. Бұлардың әрқайсысының заңда белгіленген өз жауапкершілігі бар. Жол ережесіндегі жол белгілерінің ішінде елді мекеннің атауы жазылған көк түсті ескертпе белгілердің тұсынан шектеулі жылдамдықпен жүруі тиіс, жүк көліктерінің қатты жылдамдықпен өткен екпінінен жеңіл көліктердің өзі шайқалып қалатынын көріп жүрміз. Кешегі кеңес заманында малға жанашырлықпен қарап, мал қаққан көлік жүргізушісі жауапқа тартылатын. Бүгінгі үкіметтің жануарларға, соны асырайтын халыққа қарсы заң қабылдағанын түсінбей отырмыз. Етін жеп, сүтін ішіп, мұқым қазақты асырап келе жатқан төрт түлікке аяусыз заң қабылдап, оны іске асырып жатқан құзырлы билік орындары бір сәт болса да ойлануы тиіс еді. Қазақстандағы «жолда жүру туралы заң» тек біржақты қаралып, шешім қабылданған деуге болады. Малынан айырылып, шығынданып жатқан мал иелерін заңмен қорқытып, айыппұл төлетіп, мал қаққандар еркін жүріп, әбден есіріп алды деуге болады. Тіпті қаққан малды сойып, етін көлігіне салып әкетіп жатқан жағдайлар да кездесуде. Екі көзі, екі құлағы тежегішті басып тоқтатуға болатын аяғы бар сол малдың етін жеп, сүтін ішіп жүретін саналы деген «көлік жүргізушілердің» басып-жаншып жүре берулеріне шолақ оймен шығарылған заңымыз да қолдау жасап отыр деп толық айтуға негіз бар.

Осы жерде айтылмақ жағдаят, қалтарыс таулы қыраты жоқ, көріну қашықтығы еркін, ашық сардаланың бойындағы жазықтықтағы жолда келе жатқан жүргізушінің «жол жүру заңындағы» ережені есінен шығарып, «жолға шықсам болды жол менікі» дейтін мәдениетсіздігінен екі жаққа бірдей залал келіп жатыр. Елді мекеннің тұсынан өтіп бара жатқан көлік жүргізушінің де жауапкершілігі болуы шарт емес пе? Еліміздің даму экономикасына үлес қосып жатқан жолға қояр еш кінәміз жоқ. Ал қауіпсіздік шараларына жататын материалдық қоршаулары жоқ, арнайы жол белгілерінің орнатылмағандығынан жол-көлік оқиғаларының орын алуы жиілеп барады. «Меркі-Бурылбайтал» бағытындағы Меркі ауданына қарасты Тәтті ауылының аумағынан күре жолдың бойына арнайы сым торлармен қоршау жасалғанын көрдік. Сол сияқты республикалық маңызы бар күре жолдың бойына тығыз орналасқан елді мекендердің тұсын сым қоршаулармен бекітуге «ҚазАвтоЖолдың» қаржысы жетпей ме? Әлде жыл айналмай бүйрек-қарыны шығып кеткен жолды қайта жөндеп жатқан «ҚазАвтоЖол» өзінің сапасыз тірлігіне кеткен шығынды айыппұлмен өндіріп алатын айласы ма?

«Адам өмірінің қауіпсіздігі мен денсаулығы – дүниедегі барлық игіліктің басы» дейтін қағидатқа сүйенсек, ең бірінші қауіпсіздік шараларына қажетті мүмкіндіктерді жасамаған «ҚазАвтоЖол», екінші «Жол жүру туралы» заң тек қана біржақты екеніне әрі ешқандай жауапкершілік арқаламайтын көлік жүргізушілердің пайдасына құрылған деуге толық уәжіміз бар. Бұл өзіміз күнде көріп-біліп жүрген бірер ауылдағы болып жатқан жағдай. Осы сарынмен жылжи берсе, бірер жылда ауылдағы күнкөріс көзі болып, ауыл халқын асырап отырған малдар азайып, жұмыссыздар мен ұры-барымташылар көбейіп, ел тыныштығының бұзылатыны көрініп тұр. «Күлтөбенің басында күнде жиын» дегендей, күнара болып жататын алқалы жиындарда осы мәселеге халықтың қалауымен сайланған депутаттар, жоқтан сылтау шығарып марапат үлестіретін мәслихаттар, «ел қамын ойлағыш» ардагер ақсақалдар, үлкенді-кішілі әр ауылдағы бірін-бірі сайлап алған «қиқым билер» бәрін көріп-біле тұра үндемейтіні қалай? Халық үнін еститін үкіметке үніңді шығармасаң қайдан естиді?! Мал қаққан жүргізушіге «мал қаққан екенсің, себебін айтып, жауап бересің» деген бір ғана тармақ «Жолда жүру туралы» заңға кіргізілсе, тәртіп те, адами қасиет те орнығар еді. Шығыс даналығында «қасқырға қақпан құрып әуреленгеннен гөрі, қораңды мықтылап бекіт» деген әпсанаға бой ұрсақ, жол қауіпсіздігінің шараларын орындап, күре жолдың бойын темір қоршаулармен бекемдеуге мемлекетімізде қаржы жоқ па?

Ауыл халқының талап-тілегі еститін құлаққа жетсе, жанашырлық көрсетіп, онсыз да күн сайын азайып жатқан ауылдың көшін саябырсытуға заң жүзінде пәрмен берілсе, айтылған келеңсіздіктер азаятын шығар деген үміттеміз…

Несіпхан Қоңырбаев

журналист

Шу ауданы

Жамбыл облысы

Тегтер: