Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:02, 28 Сәуір 2022

Азаматтарымыздың құқығын қорғау деңгейі арта түсті

None
None

Еліміз Тәуелсіздік алғалы халықтың құқығының жеткілікті деңгейде қорғалуына аса мән беріп келеді.

Соңғы жылдардағы сот жүйесіндегі елеулі өзгерістер де негізінен адам құқығын қорғауға бағытталған, мемлекет басшысының бағдарламалық құжаттарында көрініс тапқан реформалардың қисынды жалғасы. Яғни құқық үстемдігін күшейтуге, сот төрелігінің сапасын арттыруға және сотқа деген сенімді арттыруға бағытталған өзгерістердің барлығының артында адам құқығын қорғау жатыр.

Осы орайда айта кетсек, өткен 4 жыл ішінде елімізде адам құқығын қорғауды күшейтуге бағытталған 37 заң әзірленіпті. Оның – 30-ы бүгінгі күні толық қолданыста. Осы заңдардың арқасында көптеген өзгерістер орын алды. Атап айтқанда тараптардың татуласуы көбейді, судьялар шеберліктерін шыңдай түсті, соттар келушілер үшін ашық бола бастады, салада ашықтық пен жариялылық күшейе түсті. Соттардың тәуелсіздігі артып, оларды  қаржыландырудың жаңа қағидаты енгізілді, сот төрағаларының билік ету өкілеттіктері азайды. Санамалап айта берсек салаға серпін берген, қоғамдағы адам құқығының қорғалу деңгейін арттыра түскен өзгерістер жетерлік. Дегенмен бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта тіпті күшейтіле бермек. Еліміздің Жоғарғы соты азаматтардың құқықтары мен бостандығын, заңды мүддесін күшейту мақсатында – 30-дан астам заң жобасының қабылдануына мұрындық болса, алдағы уақытта тағы бірнеше заң жобасы қаралу үстінде.

Азаматтарды алаламай, барлығының қоғамымызда тең құқықта болуы үшін жасалып отырған тағы бір өзгеріс елімізде енді мүмкіндігі шектеулі адамдарға қатысты кемсітушілік сөздері де қолданылмайды. Мәселен,  «мүгедек» емес, «мүгедектігі бар адам» термині қолданылады. Сондай-ақ бүгін парламент мәжілісі мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл елмізде талай жылдан бері айтылып келе жатқан мәселе болатын. Мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамның көптеген игілігін басқалармен тең құқықта пайдалана алуы үлкен игілік. Және бойындағы қандай да бір өзгерісі үшін өзін өзгелерден төмен санайтындар аз емес. Солардың өгейсінбеуі үшін жасалып отырған бұл заң жобасы да қоғам сұранысынан туындап отырғаны анық. 

Аталмыш заң жобасына сенат пен мәжілістің бір топ депутаты бастамашылық жасаған. Бүгінде Заң жобасы бойынша 75 заңнамалық актіге, яғни 11 кодекс және 64 заңға өзгерістер енгізу жоспарланып отырған көрінеді. Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев «Жобада мүгедек адамдарға қатысты алалауға жол бермеу мақсатында бірқатар нормалар енгізіліп отыр. Оның ішінде, «мүгедек», «мүгедек бала», «Ұлы Отан соғысының мүгедегі» деген сөздер «мүгедектігі бар адам», «мүгедектігі бар бала» және «Ұлы Отан соғысы кезінде жаралануы, контузия алуы, зақымдануы және ауруы салдарынан мүгедектігі бар адам» деген сөздермен ауыстырылады» дейді. Яғни кемшілігін бетіне баспау басты мақсат деуге болады. Жалпы көптеген дамыған елдер бұрыннан мән беріп, адам құқығының тапталмауы үшін қолға алынған бұл шаралардың кеш те болса біздің елімізде көтерілуі қуантпай қоймайды.

Кез келген адамның алдымен басқалармен тең құқықта адам баласы екеніне мән беріліп, кейін ауру-сырқаты жөнінде айтылуы еліміздегі мүмкіндігі шектеулі талай жанның көңілінен шығары анық. Сондай-ақ аталмыш заң жобасы аясында «соқыр», «саңырау», «мылқау» деген терминдерді де қолданбау туралы айтылған. Аталмыш сөздердің бұдан былай қолданыстан шығара отырып, қоғам мәдениеті де артары сөзсіз. Адам құқығын қолдауға бағытталған мұндай заң жобаларының маңызы зор!

Тегтер: